2025 жылы Алматыда 35 шақырым жаңа жол салынып, Абай мен Саин көшелері ұзарады
2025 жылы Алматыда шамамен 300 шақырым жолға және 30 шақырым жаяу жүргіншілер жолына жөндеу жұмыстары жүргізіледі және 35 шақырым жаңа жол салу жоспарланған. Бұл туралы Алматы қаласы мобилділік басқармасы мәлімдеді.
Әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, жаңа жолдар Жас Қанат, Шұғыла, Әлмерек, Ақжар, Рахат, Мәдениет және Боралдай шағын аудандарында салынатыны хабарланған. Бұл Алматыға кейіннен қосылған аумақтарда тұратын 70 мыңнан астам халықтың көлік қатынасын жақсартады.
Осылайша мегаполистегі жақсы жолдың үлесі 2024 жылғы 92 пайыздан 95 пайызға көтерілмек. Ал қаладағы жолдардың сапасын бақылап, жол төсеу технологиясын қадағалауды Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мекемесінің Алматы филиалы қамтамасыз етеді. Мекеме директоры Мәулен Әліпов жөнделетін жолдардың сапасын тыңғылықты тексеретіндерін жеткізді.
"Аталған нысандар біздің мекеменің сапа сараптамасымен толық қамтылған. Атқарылатын жұмыстар жіті қадағаланады. Жөнделетін жол нысандарының тізімін жасақтау үшін арнайы диагностика жұмыстары жүргізілді. Сол диагностика нәтижесінде 2025 жылы неше көше, неше шақырым жол жөнделетіні, оның ішінде неше нысан орташа жөндеуге, нешеуі ағымдағы жөндеуге жататыны анықталды", – деді Мәулен Әліпов.
Оқи отырыңыз: Алматы жолдарында жыл басынан бері 180 түрлі ақау анықталды
Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы Алматыда бірнеше маңызды жобаның құрылысы аяқталады:
- Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайырық. Маусым айында Жансүгіров көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысындағы жолайырықтың құрылысы толығымен аяқталады. Сонымен қатар, жолайырық маңындағы аумақты абаттандыру жұмыстары да жүргізіледі.
- Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін ұзарту. Жаз мезгілінде Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейінгі бөлігін ұзарту жұмыстары аяқталады. Ұзындығы 3,2 км болатын бұл жоба Момышұлы көшесіндегі көлік жүктемесін 40%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
- Абай даңғылын қаланың шекарасына дейін ұзарту. Абай даңғылын Бауыржан Момышұлы көшесінен қаланың шекарасына дейін ұзарту жұмыстары мамыр айында аяқталады. Ұзындығы 5,3 км болатын бұл алты жолақты жолда жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары қарастырылған.