2023-2024 оқу жылынан бастап 5-8, 10 сынып оқушылары "Қазақ тілінен" міндетті емтихан тапсырады
Қазақ тілінен өзге тілдерде оқытатын мектеп оқушыларының "Қазақ тілі мен әдебиеті" бойынша білімі тексеріледі.2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 5-8 сыныптар мен 10-сынып оқушылары "Қазақ тілі" пәнінен емтихан тапсырады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің бұйрығының жобасында жазылған. Жоба 23 қарашаға дейін қоғам талқысына ұсынылды.
2023-2024 оқу жылынан бастап қазақ тілінде оқытатын мектептерде – "Қазақ тілі" пәні бойынша, қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептерде "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәні бойынша емтихан өтеді.
"Ол – білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында өткізілетін рәсім", – деп түсіндірілген бұйрық жобасында.
Оқи отырыңыз:
- Қазақ тілін білу міндетті: Докторантураға өтініш қабылдау басталды
- Азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді білуді міндеттеу: Шетелдегі қазақтар ана тілін біле ме?
Емтихан уақытын мектептердің өзі белгілейді. Ол жазбаша және ауызша өтіп, оқушының қазақ тілінде тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу біліктілігін тексеруге мүмкіндік береді. Емтихан тапсырмаларын әзірлеуде педагогтар сәйкес сыныптың оқу бағдарламасын негізге алады.
Аталған пәндер бойынша жылдық бағасы оқушының жыл бойғы оқу үлгерімі мен емтихан нәтижесіне (30 да 70 пайыз) қарай қойылады.