20 ақпанда қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға өтінім қабылдау басталады. Сомасы – 1,3 млн теңге
Грант 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында бөлінеді.Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев журналистермен кездесуінде 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз негізде жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін берілетін мемлекеттік грант туралы айтты. Қаражат кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында бөлінеді.
Биыл мемлекеттік грант сомасы – 1 млн 380 мың теңге.
2023 жылғы 20 ақпанда business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға өтінім қабылдау басталады. Республика бойынша бірінші ағында 2,5 мың грант беру жоспарланған. Биыл өтінімдер төрт рет қабылданып, соның шеңберінде 9 мың грант беріледі.
Оқи отырыңыз: Үкімет дүкен салғысы келетін кәсіпкерлерге субсидия беруді жоспарлап отыр
Тіркелген жұмыссыздар мен жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі үш жылдан аспаған) мемлекеттік грант алуға үміткер бола алады:
- мүгедектігі бар адамдар;
- "қандас" мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар;
- аз қамтылған отбасылардың мүшелері;
- көп балалы отбасының мүшесі (жұбайы не зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы не зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Үміткерден соңғы үш жыл ішінде алған "Бастау Бизнес" жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздері бойынша курсты аяқтағаны туралы сертификат талап етіледі.