1,7 млн теңге: Алматыда бизнес ашқысы келетіндерге қайтарымсыз грант беріледі
Алматыда жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалар жалғасып жатыр. 2026 жылы қалада жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған 380 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Бауыржан Жаубасов мәлімдеді.
Оның айтуынша, мемлекеттік грант көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл — 1 730 000 теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржылай көмек.
"Грант бизнес бастаған кәсіпкерлерге идеясын жүзеге асыруға, қажетті құрал-жабдық сатып алуға, өндірісті жолға қойып, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға көмектеседі. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөлініп отыр", – деді Бауыржан Жаубасов.
Грант қаражатын құрал-жабдықтар мен технологиялық техникалар сатып алуға пайдалануға болады. Алайда оны тұтынушылық мақсаттарға, несие жабуға, тұрғын үй немесе жер телімін алуға, сонымен қатар акцизделетін өнім өндіруге жұмсауға тыйым салынады. Бағдарламаға тіркелген жұмыссыздар мен тіркелгеніне үш жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Сонымен қатар үміткер әлеуметтік санаттардың біріне жатуы қажет.
Олардың қатарында:
- көпбалалы отбасылар;
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- мүмкіндігі шектеулі жандар;
- мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
- қандастар;
- қоныс аударушылар;
- асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатын азаматтар бар.
Міндетті талаптардың бірі – "Бастау Бизнес" жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өткенін растайтын сертификаттың болуы. Өтінішті business.enbek.kz порталы арқылы беруге болады. Сонымен қатар Алматыда жұмыссыз азаматтарды кәсіби оқыту жалғасып жатыр. Қазір тігінші, аспаз, кондитер, визажист, маникюр шебері, шаштараз, флорист және құрылыс саласының маманы секілді сұранысқа ие 40 мамандық бойынша 516 бос орын бар. Мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңесті Әлеуметтік қызметтер үйінен алуға болады.