Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғындары биыл салынған жолдың ені тым тар, тіпті екі көліктің қатар сыйып жүре алмайтынына наразы. Тұрғындардың бұл жол көлік апатының жиілеуіне себепші болады деген қаупі бар, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Арна таратқан видеода жолдың тар екені айқын көрінеді. Ал ұзындығы шамамен 10 шақырым болатын бұл жолды салуға бюджеттен 164 миллион теңге жұмсалған.

Дегенмен, жол саласына жауапты жергілікті мамандар бұл жол – Аққұм ауылына кіре беріс тас жол болғандықтан, көлік көп жүрмейтінін алға тартады. Сондай-ақ, жол трассаның бесінші санатына жатады екен. Ал бұл санат бойынша жолдың ені 4,5 метр болуы тиіс.

"Бесінші санаттығы жолдардың ені 4,5 метрден аспайды. Сондықтан 2022 жылы республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралып, жол құрылыс нормалары және ережелеріне сай жүргізілді", – деді Жаңақорған аудандық ТҮКШ бөлімінің маманы Дәулет Өмірәлиев.


Оқи отырыңыз: Алматы облысының жолдарынан 3 айда 130-дан астам ақау табылды