Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында отандық туризмнің дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді атады.

Депутаттың сөзінше, саланы өркендету үшін қолға алынған бастамалар бюрократиялық шырмаулардың әсерінен дұрыс жүзеге асырылмай отыр.

"Kids go free бағдарламасымен он айдың қорытындысы бойынша небәрі 1 200 бала ғана әуе сапарын тегін пайдалана алған, жоспар бойынша кемінде 100 мың баланы қамтимыз деп еді. "Баланың ұшу билеті қайтарылады" дегеніміз қайда сонда? Бағдарламаның тиімсіздігі елдің Үкіметке деген жаппай сенімсіздігін туындататыны анық емес пе", – деді Елнұр Бейсенбаев.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда туристер саны қашан 10 миллионға жетеді?


Депутат, сондай-ақ, туристік нысандарға баратын жолдағы кедергілердің де көп екеніне назар аударды. Мұндай кедергілер автокөлік жолы, теміржол және әуе жолында да бар. Бұл ретте ол "туризмдік бағыттарды дамытуға қауқары да, ниеті де жоқ сияқты көрінетін" "Қазақстан Темір Жолы" компаниясын сынға алды.

"Бұл компания елдегі монополист бола тұра, өзінің басты бағытын жүк тасымалдауға арнаған. Ал, халық қолданатын вагондардың сапасы нашар, интермодальды тасымалдау тәжірибесі жоқ, туристік кластағы пойыздар туралы айтпай-ақ қоялық. Еуропаны айтпағанда, Орталық Азия және өзге жекелеген мемлекеттермен байланыстыратын халықаралық туристік жүйені қалыптастыра алмадық", – деді Елнұр Бейсенбаев.