Петропавлдың іргесіндегі Жұмысшы ауылында тұрғындар жаңа емхана жұмысына шағымданды. Айтуларынша, ескі дүкен орнына ашылған мекеме талаптарға сай келмейді. Мұнымен қатар, емделушілер дәрігерге кіретін кезегі мен тегін дәріні апталап күтуге мәжбүр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Емделуші Галина Лябухина ауруханада науқастарға ешқандай жағдай жасалмағанын айтады. Мұнымен қатар, 4 дәрігердің барлық науқасты емдеуге уақыты жетпейтініне шағымданып отыр. 

"12 учаскеге 4 дәрігер қызмет етеді, дейді. Бұл тым аз. Мысалы, мен екі күннен бері дәрілерімді ала алмай жүрмін. Қан қысымым екі жүзден түспейді, өміріме аса қауіпті", – деді Жұмысшы тұрғыны Галина Лябухина.


Оқи отырыңыз: Шымкентте қант диабетімен ауыратын науқастар тегін дәріні ала алмай жүр


Сондай-ақ, емделушілер тар дәлізде кезек күту мүмкін еместігін, отыратын орындықтардың жоқ екенін айтады. 

"Ашылғалы дәрігер жоқ, дейді. Уақытша келіп-кетеді, соған қарағанда басқа жерден келеді. Кеше маған сағат 3-7 арасында қарайды деген, бірақ дәрігер келмеді", – деді Жұмысшы ауылының тұрғыны Балкүміс Тоғжанова. 

Емхананың жаңа басшысы ғимараттың шағын екенін жасырмайды. Осы орайда ол жуық арада тағы бір емхана салынатынын айтты. 


Оқи отырыңыз: "Чапаев, Комсомол". Алматы облысында алты ауылдың атауы өзгеруі мүмкін


"Тұрғындардың шағымымен келісемін, орын аз. Жақын күндері тағы бір ғимарат беріп, барлығы реттеледі. Ал дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуіне біз кінәлі емеспіз. Өйткені өзімізге кеш жетіп жатады", – деді емхана басшысы Зульфия Халикова. 

Тұрғындар жаңа емханананың заман талабына сай болуына сұрап отыр.