1,2 млрд теңге жұмсалған "Көне Тараз" музейінде неге сапа жоқ?
Депутат мұндай жағдай қайталанбауы үшін құқықтық жағдай жасауды қарастыруды ұсынды."Көне Тараз" музейінің ғимараты сапасыз салынған болып шықты. Төбесінен су сорғалап, кәріз, электр және салқындату сияқты жүйелермен жабдықталмаған. Осы орайда шешім қабылдаған шенеуніктердің жауапкершілік деңгейін анықтауды сұраймын, деп мәлімдеді мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген.
"2015 жылы елімізде мемлекеттігіміздің бастауы – Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Республикалық деңгейде қолға алынған мерекелік іс-шараның шарықтау шегі Тараз қаласында болды. Осы салтанаттың аясында көне қаланың қақ ортасында "Көне Тараз" музейінің ашылуы біздің мәдени-рухани өмірімізде елеулі оқиға болғаны анық. Алайда атаулы жаңалықтың жалғасуы, ұлттық мәдени мәні мен оның халықаралық деңгейде туристерді қызықтыратын жолын ашпай, мүлдем тоқтап қалды. Себебі, атақ-даңқы алысқа кетіп, сырттай әсемдігі көз тартатын су жаңа музей ғимараты сапасыз салынған болып шықты. Төбесінен су сорғалады, жертөле үй-жайы жарамсыз, кәріз жүйесі, электрмен жабдықтау, желдету және жылыту, салқындату жүйелері мүлдем жұмыс істемейді", – деді Мейрамбек Төлепберген.
Аталған құрылысты салуға және музейлендіруге сол уақытта 1 млрд 200 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Депутаттардың айтуынша, жергілікті атқару органдары бас мердігердің жұмысты сапасыз орындағаны үшін келісімшартты бұзуы, одан кейін қайта жөндеу жұмыстарына жүгінуі ешқандай нәтиже берген жоқ.
Оқи отырыңыз: Депутат: Мәлік Ғабдуллин академиясы жоқтан бар жасап отыр, бірақ бұл ұзаққа бармайды
"Жеті жылға жуық жұмыс істемей, көзге күйік болып, қаңқиып тұрған бұл музейдің тағдыры қалай болғанда да шешілуі тиіс", – деді депутат.
Осы орайда Мейрамбек Төлепберген бірнеше ұсыныс айтты:
- осы "сақалды құрылысты" аяқтаудың амалын қарастыруды;
- шешім қабылдаған шенеуніктердің жауапкершілік деңгейін анықтауды;
- мұндай сорақылықтың қайталанбауы үшін құқықтық жағдай жасауды қарастыруды сұраймыз.
"Сауалды қарау нәтижелері туралы жауапты "Қазақстан Республикасының парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес беруді өтінеміз", – деп қосты депутат.