Таиландтың Thai AirAsia X әуе компаниясы Алматы мен Бангкок арасындағы тікелей әуе рейсін 1 желтоқсанда ашады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

"Алматы қаласының Туризм басқармасы өілдері мен Thai AirAsia X әуе компаниясының делегациясы арасындағы келіссөз барысында 2025 жылы 1 желтоқсаннан бастап Алматы – Бангкок арасындағы тікелей әуе қатынасы ашылатыны хабарланды", – делінген әкімдіктің ақпаратында. 

Басқарма өкілдерінің айтуынша, соңғы уақытта Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Алматыға туристердің қызығушылығы артып келеді. AirAsia компаниясымен бірлескен жаңа бағыт пен маркетингтік бастамалар мегаполистің халықаралық деңгейде тартымдылығын арттырып, қаланы шетелдік саяхатшылар үшін бұрынғыдан да қолжетімді ете түседі. 

Алматыны өңірлік деңгейде ілгерілету мақсатында ауқымды digital-науқан қолға алынған. Оның қамту ауқымы 70 миллион көрсетілімге дейін жетеді. Сондай-ақ, Куала-Лумпур мен Сингапур қалаларында Алматының көрікті жерлерін және Visit Almaty мен AirAsia логотиптері бейнеленген офлайн-жарнама орналастырылған.