Әлемдік ипотека дағдарысынан кейін тұрғын үй құрылысы тек 2010 жылдан бастап қарқынды дами бастады. Баспана салуды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бір жағынан, екінші жағынан жеке құрылыс компаниялары алға сүйреді.

Үй алудың жолы көбейді. Тұрғын үй жинақ банкі, екінші деңгейлі банктердің ипотекасы, әкімдіктің кезегі, мемлекеттік бағларлама бойынша жалға алу мүмкіндігі, тағысын тағы.

Бұл тетіктермен қатар үлескерлік құрылыс саласы қайта бой көтеріп, көп адамның үмітін оятты. Не керек, Астанада әркім өз жағдайына, өзінің қалтасына қарай, баспаналы болуға ұмтылды.

Бір құрылыс компаниясы 3500 адамды алдаған

Осындай тұрақты сипатта дамып жатқанда, 2013 жылы қаладағы тұрғын үй құрылысының бір тетігі – үлескерлік құрылыстан ши шықты. Дәлірек айтсақ, Астанада "Азбука жилья" құрылыс компаниясының басшысы, экс-депутат Ерқанат Тайжанов үлескерлердің 40 миллиард теңгесін жымқырып, елден қашып кетті.

Сегіз тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқсыз қалды. Сынасы қағылмағандары да бар.


Экс-депутат Ерқанат Тайжанов қазір Венада тайраңдап жүр / Сурет inform.kz сайтынан алынды

Осылайша, төрт мыңға тарта үлескер бір мезетте баспаналы боламын деген үмітінен де, ақшасынан да айырылды. 2013 жылдан бері олар қалада қаншама жиын өткізіп, қанша рет биліктің табалдырығын тоздырды.

Үйсіз қалған үлескердің баспанасын кім салады?

Әкімдік ведомствоаралық комиссия құрып, тұрғындармен бірге тығырықтан шығудың жолдарын іздеді. Тұрғын үйлердің біреуі басқа компанияға берілсе, енді бірін жаңадан құрылған ЖШС алды.

Бірақ, үйлердің көбі әлі салынған жоқ. Салына ма, жоқ па, ол да белгісіз.

"Астанада құрылысы бітпеген 52 үй бар. Оның 37-сі мәселесі қиын, өте күрделі нысан санатына кіреді. Ең негізгілеріне тоқталсам, "Азбука жилья" компаниясының сегіз, "Төленді" тұрғын үй-кооперативінің бес үйі бар", – дейді Астана қалалық Мемлекеттік сәулет құрылысын бақылау басқармасының бөлім басшысы Жанасыл Шаукентаев.

– Алданған үлескерлердің қанша қаражаттан айырылғанын есептеу әкімдіктің құзырындағы сұрақ емес, – дейді ол.

Ал, ведомствоаралық комиссия апта сайын проблемалы нысандарды аяқтаудың амалдарын қарастырады. Оның құрамында әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері, құқық қорғау органдары мен прокурорлар бар.

Өзім дегенде өгіз қара күшім бар

Өзгеге сенбеген "EXPO Town", қазіргі "Вена кварталы" тұрғын үй кешенінің үлескерлері ғана ұтты. Үйлерін өз күштерімен салып алды.

Инвесторсыз, несиесіз.

Бұл тәжірибе – неше жыл бір баспанаға қолы жетпей жүрген өзге үлескерлер үшін дайын жол.


"Азбука жилья" компаниясы "Экспо Таун" тұрғын үй кешенін осы күйінде тастап кеткен / Фото informburo.kz

Алғашқы қадам

"Жалпы, "Азбука жилья" компаниясы басшысының алаяқтығы туралы 2013 жылы айтыла бастады. Біз, "EXPO Town" тұрғын үй кешенінің үлескерлері бір жылдан кейін ғана алаңдай бастадық. Өйткені, сол аралықта, үйіміздің бір кірпіші де қаланбады. Үлескерлер бір-бірімізді іздеп, WhatsApp-та арнайы топ аштық.

Жолымыз түсіп, әкімдікте өтетін ведомствоаралық комиссиясына бардық. Сөйтсек, олар "Азбука жилья" салмай кеткен үйлердің мәселесін қарап жатыр екен. Әкімнің орынбасары, жер комитеті, мемлекеттік сәулет-құрылысын бақылау басқармасы, прокуратура өкілдері жиналды, – дейді "Экспо таун Успех" тұрғын үй-құрылыс кооперативінің төрағасы Ольга Лигай.

Әкімдіктен қайран жоқ

2015 жылдың басына дейін "Азбука жилья" тұрғындарды тыныштандыруға тырысып, қытайлық инвестор тұрғын үй құрылысына ақша құяды деді. Бірақ, 2015 жылдың жазында бұл айтылғанның бәрінің қып-қызыл өтірік екенін түсіндік. Енді не болмақ? Ақшамыз қайтарыла ма? Не істейміз? Құрылысты кім аяқтауы мүмкін? Ашу-ыза кернеп, біз әуел баста осылай байбалам салып жүрдік, – дейді Ольга Лигай.

Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун үлескерлердің том-том болып жинақталған сұрағына жауап бере отырып, тығырықтан шығудың жолын көрсеткен. Яғни, тұрғын үй-құрылыс кооперативін (ТҚК) құрып, инвестор іздеу.

"Егер ТҚК құра алсаңдар, біз прокуратураға ұсыныс жолдасақ, сотта үлескерлердің мүддесін өздеріңіз емес, прокуратура қорғап шығады да үй салынатын жер осы ТҚК-ке беріледі. Ары қарай инвестор іздеп, құрылысты аяқтауға мүмкіндік бар", – деп жауап берген Хоршун.

"Қайдасыңдар, көршілер?"

"Ол уақытта жауапкершілік алып, бір пәтер үшін бүкіл үлескерлердің үмітін арқалау қорқынышты еді. Бірақ, амалымыз таусылған, ешкімге сенім жоқ, ойландық. Ең дұрысы кооператив құрып, үйімізді өзіміз салып алайық дедік. ТҚК құру үшін бүкіл үлескердің үштен екісі қол қою керек.

Бір-бірімізді білетін он бес адам қалған үлескерлерді іздедік. Интернет арқылы хабарландыру да бердік, әлеуметтік желіде топ құрып, мүмкіндіктің бәрін пайдаландық. Және бес күн ішінде бүкіл "көршілерімізді" таппасақ, әкімдікке арыз беретін уақыт бітетін еді.

Үлгердік, бес күннен кейін 400 адамның 70 пайызынан қол жинап, әкімдікке апардық. Үлескерлердің жиналысын ұйымдастырып, төрағасын сайладық".

Екінші қадам

Тұрғын үй-құрылыс кооперативі құрылғаннан кейін, үлескерлердің іс-қимыл жоспары дайын болуы керек. Заң бойынша, ведомствоаралық комиссия үлескерлерді алдап кеткен компанияның бүкіл жоспар-сызбасын, салынатын үйдің техникалық жоспарын, үлескерлермен жасалған келісімшарттарын, үлескерлердің байланыстарын тауып береді.

Сол арқылы үлескерлердің байланыс базасын жасап, кімнің қанша ақша салғанын, екі рет сатылып кеткен пәтерлердің тізімін және пәтерлердің құнын анықтау керек.

Несиесіз көппәтерлі үй салу. Асардың жаңа үлгісі

"Екіншіден, ведомствоаралық комиссиядан осы құжаттарды сұрату керек. Үлескерлердің базасы қалыптасқан соң, әрбір адаммен жеке сөйлесіп, "қолыңнан не келеді, мамандығың кім, қайда жұмыс істейсің" деп сұрап шықтық. Үлескерлердің арасынан құрылысшылар, есепшілер, заңгерлер, журналистер, көлік жүргізушілері, сәулетшілер, тіпті, маркетологтар тобы қалыптаса бастады.


"Expo town" тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңы, үлескерлер қолына алған кездегі көрініс / Суретті "Expo town" тұрғын үй-құрылыс кооперативі ұсынды

Осылайша, кімнің не істей алатынына қарай, жасалынар жұмыс көлемін анықтадық. Сәулетшілер, заңгерлер мен есепшілер, маркетологтар отырып, үйдің жобасын өзгерттік. Яғни, қабатын азайтып, әрбір шаршы метрді есептеп шықты. Өйткені, басты мақсат – үндемдеу. Біз әуел бастан инвестор тартпаймыз, несие алмаймыз деп келістік.

Сондықтан, алғашқы бес мың теңге жарна мен ай сайынғы бес мың теңге міндетті төлемнің арқасында жұмыс басталды. Заңгерлер қайта келісімшарт әзірлеп, есепшілер үнемдеудің жолдарын іздеді. Ақша үнемдеу үшін такси, ақылы курьердің қызметін мүлде пайдаланған жоқпыз. Бәрін де тұрғындардың өзі істеді. Осылайша, екінші қадам – үйдің жаңа жобасы мен сметасы дайын болды".

Үшінші қадам. Құрылыс компаниясын таңдау

Үйдің жаңа сызбасы дайын болған соң, құрылыс компаниясын іздеу керек болды. Ең дұрысы делдалсыз, тікелей бас мердігермен жұмыс істеген абзал.

"Expo town" үлескерлері де бірден бас мердігер іздеген. Бірақ, аузы күйген олар өз іштерінен құрылысшыларды сайлап, жаңа компания құрған. Және назарда ұстайтын басты дүние – үй салынатын жер, үйдің құжаттары заңға сай талапта, таза екенін тексеріп алу керек.

Құжаттарды түгендеудің арзан жолы

"Осы аралықта, 2015 жылдың жазында "Азбука жилья" менеджерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу басталды. Біз дәл осы кезде әкімдіктің көмегіне жүгініп, "Азбука жилья" компаниясынан жерімізді алу үшін прокуратураның сотқа арыз түсіруін сұрадық. Егер ол арызды біз берсек, онда бүкіл үй құнының 3 пайызына тең мемлекеттік салық төлеуге міндеттелеміз, яғни, онсызда ақша жоқта, миллиондап салық төлейтін едік.


"Азбука жилья" компаниясынан жерді жеңіп алған сәт. Бақытты үлескерлер / Фото informburo.kz

Сондықтан, прокуратура мен әкімдік қолдап, біздің мүддемізді прокуратура қорғады. Процесс ұзаққа созылды. Өйткені, біздің үй салынатын жердің тең жартысын "Азбука жилья" жекеменшік адамға сатып жіберген екен.

Арада алты ай өткенде ғана, 2016 жылдың 4 ақпанында біз сотта жеңдік. Алайда сот бізге нысанды жерсіз берді. Жерімізді алу үшін тағы алты ай жүрдік. Шешім шыққан соң, үлескерлер арасынан құрылыс компаниясы құрылып, бас мердігер бекітілді. Тұрғын үй-құрылыс кооперативі мен бас мердіргер келісімшарт жасасып, құрылыс жүрді", – дейді Ольга Лигай.

Төртінші қадам. Жаңа жоба, жаңа үй, жаңа келісімшарт

Сот шешімі шыққан соң, тұрғын үй-құрылыс кооперативі үлескерлермен жаңа келісімшарт жасаған. Кооперативке қосылу үшін әр пәтер иесі төлеген алғашқы 5 мың теңге жарна мен ай сайынғы 500 теңге жарнаға кооператив күзет жалдап, жерге талдау жүрізген.

Үлескердің "Азбука жилья" компаниясына салған ақшасы төленген үлес ретінде саналып, жаңа келісімшартта қалған ақша көрсетілген. Үлескерлердің көбі "Азбука жилья" компаниясына пәтер құнының 70 пайызын, 50 пайызын салып қойған. Мысалы, 11 млн теңге тұратын бір бөлмелі пәтер үшін үлескер 8 млн теңге салып қойған болса, ол ТҚК-ке қалған 3 млн теңгені ғана береді. Сондықтан, жаңа үй өте аз қаржыға салынды.

Өз үйімізді өзіміз салдық

"Бұл үйді, яғни, қазір "Вена кварталы" деп аталатын көп блокты тұрғын үйдің әр кірпішін өзіміз қаладық деп ұялмай айта аламыз. Өйткені, өзіміз құрылыс компаниясын құрмағанда, басқа инвестор, басқа құрылыс компаниясы келіп, пайдасын көріп, сапасыз үй салып кетер ме еді. Сондықтан да, өз арамыздан құрылыс компаниясын ашып, тұрғындарға ыңғайлы үй салдық.


"Expo town" тұрғын үй кешенінің қазіргі келбеті / Суретті "Expo town" тұрғын үй-құрылыс кооперативі ұсынды

Әдетте, тұрғындар тек жазда далаға шығып, бір-бірімен араласады. Ал, қыста үйден шықпай, әсіресе қарттар, теледидар алдында отырады. Сондықтан, балалар ойнайтын жер, үлкен кісілерге арналған бөлме, спорт зал, дизайн бөлмесі, кинотеатр қоса салдық. Бұл ортақ үйіміз, өзіміз салған ортақ баспанамыз".