Сорос-Қазақстан қорының және MediaNet Халықаралық журналистика орталығының ақпараттық қолдауымен мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін онлайн сервис жасау жобасы аясында "OpenTender.kz жобасы мүмкіндіктерінің тұсаукесері" тақырыбында онлайн-конференция өтті.

Жобаны Сорос-Қазақстан қорының қаржылық қолдауымен "Прогресс" үкіметтік емес ұйымы жүзеге асырды. "Прогресс" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марал Абдреисов мемлекеттік сатып алудың ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін онлайн сервис әзірлеу жобасы жұмыстарының нәтижесімен таныстырды.

Жобаның негізгі нәтижесі деп OpenTender.kz онлайн-құралының әзірленуін айтуға болады. Бұл құрал журналистерге, атқарушы органдарға, сарапшылар мен Қазақстанның белсенді тұрғындарына мемлекеттік сатып алуға мониторинг жасап, сараптауға мүмкіндік береді.

"Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу ресми порталында мәліметтерді іздеу мен сараптау кезінде біраз қиындық туады. Оған мәліметтердің ауқымы үлкен болуы мен құрылымының күрделілігі себеп болып тұр (келісімшарттың деректері мен мәнін анықтау үшін әр шарттың сілтемесіне өту керек). Құралды жасаушылар сайтты жасау кезінде осы мәселені шешуге тырысқан", – делінген хабарламада.

Оның ішінде, сайтта деректерді іздеу және іріктеуге арналған қолайлы жүйе бар. Мемлекеттік сатып алудың ресми сайтымен салыстырғанда сайт келісімшарттың нақты бөліктері бойынша іздеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі күні сайтты жасаушылар мәліметтерді сараптайтын төрт модульді ұсынды:

  • Бағаларды сараптау – келісімшарттың жүзеге асырылған бөліктері бойынша іздеуге көмектеседі.
  • Жылдам сатып алу – өткізілген барлық сатып алу мен қай хабарландырудың қай уақытта жеңіске жеткенін нақты уақытпен көрсетеді.
  • Қосымша келісім – тауар немесе қызмет құны алғаш айтылған бағамен салыстырғанда қанша есе артқанын көрсетеді.
  • Қатысушылар бойынша фильтр – сатып алуға қатысушы (тапсырыс беруші немесе жеткізуші) туралы толық ақпаратты ұсынады.

Сондай-ақ сайттан, To do List парақшасынан жобаны жасаушылар тобы қазір қандай жұмыспен айналысып жатқанын көруге болады. Кез келген адам жоба үшін пайдалы деп есептеген міндетті қоя алады. Мұндай жаңалық жобаның белсенді дамып жатқанын және аудитория үшін бұдан да қолайлы құрал жасау үшін ұсыныстарды қабылдауға дайын екенін түсінуге көмектеседі.

Жобаның мақсатты аудиториясы – зерттеуші-журналистер, жемқорлыққа қарсы күрес мекемелерінің қызметкерлері, сатып алумен айналысатын мемлекеттік органдар, және қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын түсінгісі келетін кез келген қарапайым азамат.

Opentender.kz сілтемесіне өтіп, портал жұмысымен танысуға болады.