Медициналық сақтандыру жарнасы сапалы ем алуға кепіл бола ма?
Медицина саласының мамандары қазақстандықтардың медициналық сауаты төмен деп қынжылады. Өйткені кез-келген күрделі отаның елімізде тегін жасалатынына қарамастан, емделушілер ақылы қызметке жүгінеді екен. Оған себеп – сенімсіздік.
Ауыр отаны басынан өткізген Жарас тегін емге қол жеткізу оңай емес дейді
41 жасар Жарас Болатов осыдан екі жыл бұрын жамбас ұршығына ота жасатқан. Туабітті дисплазия (жамбас ұршығының жетілмеуі) ауруына шалдыққан оған төрт жасынан бері екі жамбасына төрт рет ота жасалып, темір ұршық салынған. Уақыт өте келе оның тозығы жеткен. Енді дәрігерлер темірді титанға ауыстыру керек деп шешіпті.
Оқи отырыңыз: Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру: ең маңызды 33 сұраққа жауап
– Жамбас сүйегімдегі темірдің тозығы жеткендіктен, жүруден қалдым. Суықта көп тұрып қалсаң, сай сүйегіңді сырқыратады. Тіркелген емханаға барған уақытта ренген қорытындысын көрген соң, дәрігерлер ота жасау керек деп шешті. Бірақ тегін жасалатын отаға қол жеткізу үшін айлап медициналық анықтама жинауым керек.
Қолы жеңіл оташы да жетіспейді
– Алдымен сол аяғыма ота жасалды. Алты айдан кейін екінші аяғыма жасалды. Жамбас сүйекті бұрын темір жалғастырып тұрса, қазір титан қойылған. Бір аяққа жасалатын ота құны 2015 жылы 360 мың теңге болатын. Сол аяғыма жасалаған отадан кейін төсектен тез тұрып кеттім. Әрі тәжірибесі мол маман жасады. Ал екінші аяғым отадан кейін сыр бере бастады. Титан қозғалып кетіп, жүре алмай қалған кезім болды. Бірақ дәрігерлер дер кезінде қайта салып берді. Сондықтан әлі де болса, күрделі ота жасайтын мамандардың тапшы екеніне көз жеткіздім.
Оқи отырыңыз: Міндетті медициналық сақтандыру: 2020 жылы не өзгереді?
Тегін отаны күту ұзақ, ақылысы тез
– Егер дәл сол отаны ақылы ауруханаға барып жасатқанымда, үш ай құжат жинап, уақыт оздырмас едім. Жұрттың көбі ақылы медициналық көмекке жүгінуінің бірінші себебі осы. Өз көзіммен көріп жүрмін. Ақылы орталықта сапалы әрі жылдам қызмет көрсетіледі. Ақшасын төлеп ем алғандықтан сеніммен қарайды. Ал тегін емханада дәрігер қаншама дұрыс кеңес бергенмен, іске асыру көп қиындық туғызады. Сосын көп ауру қиындықтан қашып, денсаулығы сыр берсе де, шыдамдылық танытып жүре береді. Мен өзім де аяқтарым бастырмай қалған кезде амалсыздан келдім, – дейді Жарас.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 2020 жылдан бастап көшеміз
Алматы қалалық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Алмат Қодасбаев бұл жүйе бәсекеге қабілетті медициналық орталықтардың сапалы қызмет жасауына жол ашады деп отыр.
Мысалы, сапалы қызмет көрсетеді деген кез-келген емханаға емделушінің тіркелу құқы болады. Содан кейін оның сақтандырушы жарнасы сол тіркелген емханаға тікелей аударылады.
Оқи отырыңыз: Туристерге медициналық сақтандыру полисін қалай таңдауға болады? Нұсқаулық
– Жарна төлеуші тіркелген емханадан барлық медициналық көмекті ала алады. Ауыр ота жасату үшін жолдаманы сол емхана береді. Алайда тіркелуші емхананың қызмет көрсету сапасына көңілі толмаса, жылына екі рет басқа емханаға қайта тіркелуіне құқысы бар. Осылайша, кез-келген орталық сапалы қызмет көрсетуге тырысады. Себебі емделуші бас тарса емхана сақтандыру жарнасынан айырылып қалады.
Сақтандыру жүйесінің 2020 жылдан енгізілетініне қарамастан, емханалар қазірден бастап замануи медициналық құрылғылармен жабдықталып, ең мықты деген мамандармен келісім шарт жасасуға тырысып жатыр. Сақтандыру жүйесі іске қосылғанға дейін талапқа сай қызмет көрсетіп, ел сеніміне кіруге тырысады.
Оқи отырыңыз: Емханаға тіркелдіңіз бе: 785 мың қазақстандық тегін медициналық көмектен қағылуы мүмкін
Бұл бір жағынан қаржының сыртқа кетпеуіне жақсы. Қазір кей адамдар қыруар қаржы жұмсап, шет елде емделіп жүр. Біздің байқауымызша, үлкен кісілер Корей еліне барып емделгенді жөн көрсе, жас балаларды Ресейге барып емдетеді екен. Өйткені тұрғылықты жердегі мамандарға сенбейді, – дейді бас дәрігер.
Тек сирек кездесетін аурулар шетелде емделеді
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда барлық дерлік ауру түрін тегін емдетуге болады. Қиын әрі қымбат ота жасайтын мамандар да жеткілікті. Тіпті құны төрт жарым миллион тұратын ота түрі бар екен.
Алмат Қодасбаев әлемде сирек кездесетін ауру түрлері Қазақстанда емделмейтін жағдайда ғана шетелде тегін емделуге мемлекет жолдама береді дейді.
– Қазір халық арасында жұқпалы емес аурулар көбейіп келеді. Мысалы, жүрек ишемиясы мен онкологиялық аурулар белең алып тұр. Қазақстанда бұл аурулардың алдын алып, ерте анықтауға мүмкіндік беретін құрылғылар да бар. Адамдардың көбі денсаулықтарына немқұрайлы қарайды. Уақтылы тексеруден өтпей, кейін дәрігерлерді кінәлайды. Аурудың алдын алу үшін тіркелген емханаға барып, жылына бір рет скринингтік тестілеуден өтіп тұрса жеткілікті.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ауруханалар саны қысқартылады. Не себепті? Қалай?
Аз қаржыға сапалы ем
Дамыған елдердің түгелі дерлік сақтандыру жүйесіне көшкен. Сондықтан өте жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетіп отыр. Осыны алға тартқан мамандар Қазақстанның да сапалы қызмет көрсететін елдердің қатарына қосылатынына сенімді.
Медицина саласының мамандары сақтандыру жүйесінің артықшылықтары өте көп дейді. Аз ғана сақтандыру жарнасын төлеген кез келген адам қымбат әрі сапалы ем ала алады.
Тездетіп емханаға тіркеліңіз
Қазіргі уақытта тек медициналық орталықтарға тіркеу жұмыстары ғана жүргізіліп жатыр. Базар секілді көпшілік жұмыс жасайтын орындардағы азаматтар да тездетіп таңдаған емханаларына тіркеліп үлгеруі қажет.
Сақтандыру жарнасын кім төлейді?
Жұмыс берушілер жұмыскерінің табысының белгіленген бір бөлігін сақтандыру жарнасы қорына аударып отырады. Ал жұмыссыз жүрген және әлеуметтік қорғалатын азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді.
Қазақстанда өмір сүру жасының ұзарғанын алға тартқан мамандар, емделушілер қатарын негізінен балалар мен қарттар құрап отыр дейді.
Ал сақтандыру қорына әр азаматтан түсетін жарна көлемі бірдей болғанымен, әр адамның денсаулығына жұмсалатын қаржы мөлшері әртүрлі болғандықтан, ол шығынның барлығы қор арқылы өтеледі.
Жарна көлемі қандай?
Халықтың әлеуметтік қорғалатын бөлігіне (мүгедектерге, жұмысшыларға, соғыс ардагерлерге, көп балалы аналарға, т.б.) арнап мемлекет қаражатынан орташа еңбекақының жеті пайызы көлемінде жарна аударылып отырады.
Бұл да 2018 жылы 4 пайыздан басталып, 2024 жылға дейін 7 пайыздық көрсеткішке жеткізіледі деп жоспарланған. Яғни, ай сайын мемлекет 5029 теңге төлейді.
Жұмыс берушілердің жұмысшыларға бөлетін жарна көлемі 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 1 пайызға, 2022 жылдан бастап көрсеткіш 3 пайызға өседі.
Бұл жарнаны төлеушілер: мемлекет, жұмысшы, жеке кәсіпкер, жеке меншік нотариус, жеке меншік сот үкімін орындаушы, адвокат, кәсіби медиатор және азаматтық-құқықтағы сипаттағы келісім шарт негізінде қорға төленуге тиіс ақша табатын жеке тұлғалар.
Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар сақтандыру қорына төменгі айлық жалақының 5 пайызын немесе 1414 теңге төлеуге міндетті.
Міндетті жарна төлеуден кімдер бостылады?
Медициналық-әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамаға сәйкес 15 категория бар. Олар:
"Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған және "Батыр Ана" мәртебесі бар, I, II дәрежелі "Ана даңқы" орденіне ие көп балалы аналар;
Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері;
Жұмыссыздар;
Интернат тәрбиеленушілері;
Күндізгі оқу түрінде оқитындар;
Бала күтіміне байланысты, бала асырап алуына байланысты демалыста отырғандар, үш жасқа дейінгі бала күтіміндегі тұлғалар;
Зейнеткерлер;
Әскери қызметшілер, арнайы мемлекеттік органдардың, құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері;
Минималды қауіпсіздік деңгейінен басқа түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер, уақытша ұстау және тергеу изоляторында ұсталушылар. Осылайша мемлекет 10,1 млн қазақстандық үшін медициналық сақтандыру қорына жарна аударады.
Жарнаны төлемеуге бола ма?
Аталған қызмет түрін міндетті жарна аударған барлық ҚР азаматтары, шетелдіктер мен ел аумағында тұрақты тұрып жатқан азаматтығы жоқ азаматтар алады.
Сақтандыру жарнасын төлегісі келмейтін азаматтар ерікті сақтандыру жарнасын төлеуіне болады. Алайда оларға көрсетілетін медициналық қызмет түрі де төлеген жарнасына қарай шектеулі болады.
Ал төлемеген жағдайда жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің аударымдарын Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бақылап отырады. Жарна уақытында төленбеген жағдайда комитет тиісті шара қолданады.
Кешіктірілген әр күн үшін ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшері көлемінде өсімақы төленеді.Егер жеке кәсіпкер немесе жұмыс беруші жарна аударудан бірнеше рет бас тартса, қарыз сомасының 50 пайызына дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.
Ауылдағылар қайда тіркеледі?
Қалада жарна төлеушінің қай емханаға тіркелемін десе де таңдау құқы бар. Алайда қаладан шалғай орналсқан елді-мекендерде мұндай мүмкіндік жоқ. Бұл мәселе жөнінде Алмат Қодасбаев былай дейді:
– Ауыл тұрғындары денсаулықтары сыр берсе, қалаға келіп емделетіні рас. Өйткені осы уақытқа дейін сенімді медицина өкілі болған жоқ. Енді ауыл-аймақтар қарайтын емханалар медициналық құралдармен жабдықталады. Диагнозы анықталған жағдайда орталықтарға жолдама береді. Ал қала маңы тұрғындарына жұмыс орнына жақын емханаларға тіркелуге болады.
Денсаулық саласына бөлінетін қаржы көбейеді
Сонымен қатар Алмат Қодасбаев айтуынша бүгінде Қазақстанда ай сайын денсаулық саласына бөлініп отырған 30 милиард теңге аздық етеді. Қажетті қаржы 50 млрд теңгені құрау керек. Сақтандыру жарнасынан құрылған қор бұл олқылықтардың орнын толтырады.
Сонымен қатар зілзала, су тасқыны секілді табиғи апаттар болған жағдайда осы қорда жиналған қаражат жұмсалады екен.
Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына міндетті жарна аудару 2018 жылдың қаңтарынан басталады.