"Өзін-өзі танудың" орнына "Өлкетану": Мектептегі оқу пәндеріне өзгеріс енгізу керек пе?
Алдағы оқу жылынан бастап "Өзін-өзі тану" пәні негізгі пәндер қатарынан шығарылады.Білім және ғылым министрлігі алдағы оқу жылынан бастап "Өзін-өзі тану" пәнінің негізгі пәндер қатарынан шығарылатынын хабарлаған болатын. Қыркүйектен бастап пәнді тек бір сыныпта ғана оқушылардың таңдауы бойынша оқыту жоспарланған.
Осы ретте ұстаздар арасында екі түрлі пікір қалыптасты. Бір тарап "Өзін-өзі тану" міндетті пәндер қатарында қалуы керек десе, екінші тарап министрліктің шешімін құптады. Неге олай болды? Факультатив пәндерді енгізу кезінде не ескерілуі керек? "Өзін-өзі танудың" орнына қай пәнді енгізуге болады? Informburo.kz тілшісі ұстаздар мен мектеп директорларынан, білім сарапшыларынан сұрады.
"Реформалар ғылыми зерттеулердің нәтижесінде жасалуы керек"
– Біздің елде кез келген шешімнің аяқ асты, ат үсті қабылданатынына қазір етіміз үйреніп, бетіміз бүлк етпейтін болды. "Өзін-өзі тану" пәні керексіз болса, осы уақытқа дейін шәкірттеріміз қажетсіз білім алып келгені ме? Заман талабына сай құндылығы өзгеріп жатса, оның дәлелі қайда? Осы мамандықты оқытуға бөлінген қаншама гранттың есебі не болмақ? Оны оқыған мамандардың жұмысын қайтеміз?
Менің ойымша, бұндай реформалар ғылыми зерттеулердің нәтижесінде, мұғалім мен ата-анамен санаса отырып жасалу керек. Өз басым, аталған пәннің осы уақытқа дейін көрсеткен жақсы нәтижесі немесе кері әсері туралы обьективті ғылыми зерттеуді көргім келеді. Сондықтан, жұмыс тобы құрылып, пәннің мазмұнына егжей-тегжейлі зерттеу жүргізіп, соның нәтижесінде шешім шығару керек деп санаймын.
Мектепте оқытылатын пәндер тізімін реттеу мәселесі білім саласына жасалатын реформалар толастамай тұрған 2018-2019 жылдары да қозғалған. Тіпті "Қазақ тілі және қазақ әдебиеті", "Орыс тілі және орыс әдебиеті" пәндері біріктіріліп, "Тіл және әдебиет" деп аталса, алгебра, геометрия және математиканы біріктіріп, "Математика және информатика" пәні қылса деген ұсыныстар да айтылған. Бұл дұрыс емес, әрине.
Заман талабына қарай бейімделе білуіміз керек. Қазіргі оқытылып жатқан әр пәннің өз орны бар деп ойлаймын. Мәселен, төменгі сынып оқушыларына – базалық білім беретін, мемлекетшілдікке тәрбиелейтін идеалогиялық маңызы басым пәндердің, жоғарғы сыныптарға кәсіптік бейінін арттыратын, заманауи құндылықтарды дәріптейтін пәндердің сағат санын арттыру қажет.
Пәндер тізімін ретке келтіреміз деп, мұғалімдерімізді әмбебап мамандарға айналдыру қаншалықты дұрыс, оны да ойлану керек.
Қосымша оқыталтын пәндерді енгізерде оның қоғамдық мәні, ғылыми негізі, әлеуметтік сипаты, психологиялық әсеріне, ең бастысы, мазмұнына баса назар аударылуы керек. Бұған қоса, әр өңірдің географиялық, экономикалық, өндірістік сипаты ескерілсе, жақсы бағытқа жетелейді, – дейді Бауыржан Айткаримов.
"Пәннің құнын оқыту методикасын жетік меңгермегендер түсіреді"
– "Өзін-өзі тану" пәні қазіргі кезде міндетті пән ретінде оқытылып жатыр. Бұл пәннен сабақ беретін мұғалімдердің басым бөлігі тек 10 күндік курс оқып, сертификат алғандар. Басқа пәндер сияқты ЖОО-да арнайы оқыған маман иелері аз. Одан кейін деңгейлік курс бағдарламасы сияқты үш ай оқудан өткендер. Меніңше, кез келгеннің пәннің өз маманы сияқты терең білім алып, жан-жақты оқыту методикасын, психологиясын толық және жетік меңгермегендер пәннің құнын түсіреді. Себебі бұл пән тәлім-тәрбиемен, өзіңді тану психологиясымен, құндылыққа негізделген біліммен тығыз байланысты. Болашақта факультатив сабақ ретінде таңдалатын болса, оның да арнайы маманы болуы маңызды. Әйтпесе, салмағы азаяды.
Ал басқа пәнді енгізуге келсек, бүгінгі оқушылардың ерекшеліктеріне қарап, алдымен зерттеулер жасалуы және сол жаңа пәнге маман даярлауды тыңғылықты жоспарлап барып, іске асыру қажет деп ойлаймын. Асығыстық, көпке апармайды. Осындай пән міндетті болуы керек деп енгізе салу, нәтиже бермеуі ықтимал.
Қазіргі оқушыларға, психологиялық ерекшеліктеріне қарай, әдеп және этика, мәдениеттану, әлеуметтану, құндылықтар, медиаграфия, мобилография, дизайн қажет болар. Негізі айтып өткенімдей, сұранысқа қарай жаңалық болу қажет сияқты. Бұл тыңғылықты зерттеуді, саралауды қажет етеді және әр оқушының қалауына қарай іске асса тиімдірек болар еді, – дейді Гүлжанат Абдраманова.
"Факультатив пәндерге өзгеріс енгізу керек"
– Мектепте оқытылатын факультатив пәндер қатарында:
- "Отбасы этикасы" факультативтік пәннің мазмұнына "Өзін-өзі тану" пәнінің мазмұны кіріктірілуі қажет, себебі екі пән де этикалық нормаға бағытталған;
- "Өлкетану" факультативінің тақырыптары әдебиет және Қазақстан тарихы, география пәндерінің мазмұнында қамтылуына байланысты, тәрбие жұмысына жоба ретінде енгізілсе;
- Заман талабына сай "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері", "Графика және жобалау" факультативтері қалдырылып, мазмұны нәтижесінде әр оқушы өз жобасын жасап қорғаса;
- Рухани құндылық аясында, халықтардың даму ерекшелігіне, дүние жүзінде сипат алған діндерге негіздеп "Әлемдік көркем мәдениет" факультативіне "Қоғам және дін" факультативін кіріктірсе дейміз. Бұл елімізде 130-дан астам этнос өкілдерінің болуы және ұсақ бағыттағы діндердің енуіне байланысты жастардың діни сауаттылығын арттыруға көмектесер еді.
"Өзін-өзі танудың" орнына міндетті пәндер қатарына "Сызу" пәнін қосуды ұсынамыз. Бұл оқушылардың мектеп қабырғасынан бастап политехникалық білім алуына және заманауи өндірістің инженерлік-техникалық білім элементтерімен танысуына, креативті ойлауын дамыта отырып графикалық сауаттылығын арттыруына үлкен үлес қосады.
Қазіргі таңда оқушыларды көбіне IT (бағдарлама құрастыру, робототехника және тағы басқа), биотехнология, инженерия, маркетинг бағыты қызықтырады. Осыған байланысты оқушылардың пәндерге деген қызығушылығын, таным белсенділігін арттыруға, оқу мазмұнын тереңдетуге, рухани үйлесімділігін дамытуға және болашақ мамандықтарына дайындауға бағытталған сабақтар болу керек. Оның өту формасы жобалық түрде болып, нәтижеге бағытталуы тиіс, – деді Самал Нұғыманова.
Сондай-ақ, Самал Батырханқызы факультативтік пәндерді енгізерде аймақтық ерекшелік, мектептің бағыты және оқушылардың қызығушылығы ескерілетінін айтты.
"Негізгі пәндер қатарына "Өлкетану" пәнін енгізу керек"
– 1 қыркүйектен бастап "Өзін өзі тану" пәні тек бір сыныпта өтетін болды. Оның орнын немен толтырамыз? Кезінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасында айтылған "Ұлттық кодты" ояту үшін мектептердің 5-7 сыныптарында "Өлкетану" пәні енгізілген еді. Бірақ, өкінішке қарай, ол үш жылда бар болғаны 20-ақ сағат оқытылады. Келешекте сол пәнді 5-7 емес, 5-9 сыныптарда аптасына бір рет өткізуге қол жеткізу керек. Әйтпесе, Ежелгі Рим, Грек, Үнді, Қытай тарихынан хабардармыз. Ал туған ауылымыздың қай төбесінде қандай тарих жатқанын білмейміз. Соның кесірінен қаншама құнды тарихи-археологиялық ескерткіштеріміз аяқ асты болып жатыр. "Өлкетану" пәні осы олқылықты жояр еді, – дейді Өмір Шыныбекұлы.
"Өзін-өзі тану" пәні мұғалімдерінің жағдайы не болады?
Қазіргі таңда елімізде "Өзін-өзі тану" пәнінен 4086 мұғалім сабақ береді. 16 педагогикалық колледжден "Бастауыш және негізгі орта білім берудің өзін-өзі тану мұғалімі" мамандығы бойынша 1091 адам диплом алған. Қазір жоғары оқу орындары мен колледждерде 1341 студент болашақ "Өзін-өзі тану" пәнінің мұғалімі ретінде білім алып жатыр.
2009 жылдан бері еліміздің 16 жоғары оқу орны "Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану" білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша білім береді. Қазірдің өзінде 4073 түлектің осы мамандық бойынша дипломы бар. Енді осы мамандардың жағдайы не болады деген сауал туындайды.
Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, "Өзін-өзі тану" пәнінен сабақ беретін мұғалімдерден осы туралы көп сауал түсіп жатыр.
"Мұғалімдер өз біліктілігі аясында, соның ішінде әлеуметтік педагог ретінде де жұмысын жалғастыра алатынын атап өткіміз келеді. Қажет болған жағдайда олардың ұйымдастырушы педагог және тағы басқа ретінде қайта даярлаудан өтуіне жағдай жасалады", – деді комитет төрағасы.
Гүлмира Кәрімованың айтуынша, жоғары оқу орындарына да өзгерістер енгізіледі.
"Қазірдің өзінде білім беру бағдарламаларының мазмұнына өзгерістер енгізіліп жатыр. Пәннің мақсат-міндеттері жаңартылады, оның ішінде әлеуметтік педагогтың кәсіби қызметін кеңейту мәселесі бар. Бұл ретте "Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану" мамандығында оқитын студенттердің каникул кезінде басқа білім беру бағдарламаларына ауысуына жағдай жасалады. Бұл нормативті құжаттарда қарастырылған. Жоғары оқу орындары тиісті жұмыстарды жүргізеді. "Өзін-өзі тану" – әлеуметтік педагогиканың бөлімі және "Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану" бағдарламасының түлектері сәйкес бағытта жұмыс істей алады", – деді Гүлмира Кәрімова.