"Мешітте қайыр тілеп, көшеде түнейміз". Көпбалалы аналарға кім көмек береді?
Жоқшылықтан балалар психологиялық ауыр соққы алып жатыр.Таяуда еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Отбасының әл-ауқатының деңгейін анықтау және қолдау шараларын көрсету әдістемесі әзірленгенін хабарлады. Бұл әдіс тұрғындардың қай санаты қандай параметрлер бойынша кедейлер тобына жататынын анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, халықтың әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайы, денсаулық сақтау қызметтерімен қамту және мүгедектігі бар адамдардың болуы, білім беру қызметтерімен қамту және отбасы мүшелерінің білім деңгейі, сонымен бірге отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы зерттелмек.
Бұл – алда атқарылатын жұмыс. Ал әзірге халі мүшкіл көпбалалы аналар республиканың әр өңірінде өз күнін өзі көріп жүр. Кейінің басында баспана, қалтасында қаражат, ал үстінде киімі жоқ. 31 арнаның "Сөздің шыны керек" жобасының авторлары осындай бірқатар ананың тұрмысына тереңірек үңілді.
Оқи отырыңыз: "Қоқыс терген ана": Қаңтар оқиғасынан кейін көмек сұрайтын көпбалалы аналар саны артты
Күндіз мешіт, түнде вокзал жағалайды
Елорда тұрғыны Нұрзинат Тілеуованың үш баласы бар: үлкені алты жаста, кішісі жасқа да толмаған. Негізі, тұрғыны деу артығырақ, өйткені бұл төртеу түнгі 12-ге дейін мештте болып, одан әрі табылса, жылы подъезд, табылмаса, теміржол вокзалын бетке алады. Нұрзинатты балаларымен бірге подъезден де талай қуып жіберген. Тұрғындардың өздері, болмаса милиция шақырады.
Нұрзинаттың күйеуі бұл жүкті кезінде көлік апатынан қайтыс болған. Кенжесі егіздің сыңары екен, екінші нәресте дүниеге келе сала шетінеген.
Нұр-Сұлтан әкімдігі мен Алматы ауданы әкімдігі ғимараттарының есігін жағалап, бірнеше мәрте барып, басшылардың қабылдауына жазыла алмапты. Ондағы айтқысы келгені – атаулы әлеуметтік жәрдемақы ала алмай жүргені, оған қоса барар жер, басар тауының қалмағаны...
Наурыздағы әйелдер мерекесі қарсаңында "қабылдап қалар" деген дәмемен тағы барған екен. Бірақ 5-6 наурыз күндері қала әкімдігі әншілерді қабылдапты. Ал бұларды қарауыл түнгі 12-де далаға шығарып жіберген. Бұл – Нұрзинаттың әкімдік тыңдамаған шағымын 31 арна тілшілеріне айтқаны.
Ал әкімдік не дейді? Елорданың Алматы ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің арнаға берген жауабында: "Нұрзинат Сарайшықтағы (көше атауы – ред.) пәтерде тұрып жатыр, жәрдемақы алмау себебі – өтініш жазған уақытта аталған азаматша Нұр-Сұлтан қаласынан кетіп, Алматы қаласында тұрған. Енді бұл кісі сәуір айында қайта өтініш жазуға құқығы бар" делінген.
Бұл хабар эфирге дайындалып жатқанда Нұрзинат өзіне жәрдемақы тағайындалғанын хабарлады. Ол қолға 10 мамырда тиуі керек. Бірақ, бұл да үш балалы жалғызбасты әйелдің мәселесін шешері күмәнді.
Оқи отырыңыз: Бір балаға – 20 теңге. Қарағандыда төрт балалы отбасы 122 теңге атаулы әлеуметтік көмек алды
"Жоқшылық балаларымды жасық қып жіберді"
Тағы бір көпбалалы ана Айнұр Дәулетова Атырауда пәтер жалдап тұрады. Пәтердің қабырғасы қақырап тұр, ал төбесінен су ағады. Оның өзінің шығыны – балаларына тиесілі жәрдемақының есебінен.
Үш бала мектеп жасында, төртіншісі әлі кішкентай. Күйеуімен ажырасқан. Аздаған алимент алады, оған балалардың жәрдемақысы қосылады – отбасының басқа кіріс көзі жоқ.
"Кейде тіршілік қажытып, балаларымның сұрағанын тауып бере алмаған сәтте не істерімді білмей, қиналып кетемін", – дейді Айнұр.
Рамазан айында көршілері азық-түлік алып беріп, шама-шарқынша көмектесіп жатыр екен. Мұндайды жалғызбасты, көп балалы ана "қу жоқшылық балаларымды жасық қылып жіберді" деп тағы жылайды.
10 жылдан бері пәтер жалдап тұрып келе жатқан Айнұрдың арманы – баспанаға қол жеткізу. Атырауда үй кезегінде 2016 жылдан бері тұр. Бірақ, ол жылжып болар емес.
"Баспаналы болсам, тапқан-таянғанымызды пәтерге емес, тамағымызға жұмсайтын едік", – дейді Айнұр.
Атырау қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиевтің мәліметінше, қалада тұрғын үй кезегіне 20 500 адам тіркелген. Оның 3 мыңға жуығы – көп балалы аналар.
"Кезек электронды түрде ашық. Түгендеу жұмыстарын жүргізіеміз. Кезекте тұрған азамат шешіммен келіспеген жағдайда сотқа арыздана алады. Қайтадан бұрынғы кезегіне қоямыз", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Көпбалалы отбасыларға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі және шарттары қандай?
"Балық емес, қармақ сұраймыз"
Атырауда өткен аналар жиынында Айнұрдан бөлек, басқа да әлеуметтік мәселелерін көтерген аналар көп болды. Жинақтай келсек, негізгі мәселелер – баспана мен жұмыс жоқтығына, пәтер кезегінің жылжымауына, алимент төлемей қашып жүрген әкелерге, жәрдемақының мардымсыздығына келіп тіреледі.
"Аналарға кеңес" қолдау қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сандуғаш Көкенованың айтуынша, бұл – тек аналар емес, бірінші кезекте олардың балаларының трагедиясы. Жоқшылық, төмен тұрмыс, әсіресе мектепте айқын сезілетін әлеуметтік теңсіздік – бәрі жинала келе бала психологиясына соққы болып тиеді.
"Жақсы көрмеймін, мама", "Мен өмірге келгеніме өкінемін", "Сенің көмек алып жүргеніңе арланамын"... Балалар осылай дейді. Сондықтан аналармен бірге мұндай отбасылардың балаларымен де жұмыс жүргізу керек", – дейді Сандуғаш Көкенова.
Бүгінгі күні үй кезегіне көпбалалы аналар тек тұрғын үй басқарламаларына ғана емес, қайырымдылық қорларына да хабарласып, тіркеліп қоятын болған. Мәселен, тұрмысы төмен, жалғызбасты, көп балалы аналарға баспана алып беріп, қуантып жүрген Харекет қайырымдылық қорының өкілі Самат Кеңесбаев өздерінің критерийіне келетін 2000-ға жуық отбасы өз кезегін күтіп жүргенін айтады.
"Алматы облысының өзінде күніне біздің қорға жоқ дегенде 15-20 отбасы жазады. Облыста филиалдар бар. Дәл қазіргі таңда 2 мыңға жуық отбасы тіркеліп тұр. Оны ашық айта аламыз", – дейді "Харекет" қайырымдылық қорының өкілі Самат Кеңесбаев.
Ал әлеуметтанушы Шыңғыс Төрез көпбалалы аналарға берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері төлем жасалған баланың қажеттіліктері үшін қаншалықты жеткілікті екенін анықтау керектігін айтады. Тек мұндай зерттеулерге мемлекет тарапынан сұраныс болса игі.
"Сөздің шыны керек" жобасының авторы Ирина Советжанқызы