HeadHunter компаниясының мәліметінше, Қазақстанның еңбек нарығында жұмыс іздеушілер саны 85 пайыз артып, екінші тоқсанда 500 мың адам табыс көзін қарастырған. Бәрінен көп бос жұмыс орны Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында болды. Алайда әлеуметтанушы Серік Бейсембаев бір ғана компанияның мәліметіне қарап, толықтай нарық сегментіне баға беруге болмайтынын айтады. Қазақстанда жұмыс іздеп жүрген азаматтардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. 

Маусымдық өзгерістер мен Ресейден келген азаматтар 

"HeadHunter компаниясы ресми түрде тіркелген бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді жинақтап, экономиканың бір бөлігі туралы ғана ақпарат береді. Сондай-ақ, мұнда екі айдың ғана салыстырмалы қорытындысы берілген. Ал біз дұрыс қорытынды жасау үшін биылғы мәліметтерді былтырғы кезеңмен салыстыруымыз керек. Сол кезде ғана қандай да бір өзгеріс және үрдістер туралы айтуға болады. Десе де, белсенді түйіндемелер саны айтарлықтай артқан. Алдын ала болжам ретінде екі түрлі факторды атайтын едім. Біріншіден, бұл маусымдық өзгерістермен байланысты болуы мүмкін. Мысалы, жазға қарай студенттер үш айға табыс көзін іздеп, сайтта түйіндемесін орналастырады. Екіншіден, жұмыс іздеушілердің көбеюіне Ресейден келген азаматтар әсер етуі мүмкін. Қазір 10 мыңнан астам адам келді деген әртүрлі мәлімет бар. Олар келген соң тіркеліп, еңбек нарығына араласа бастаған болуы мүмкін", – деді Серік Бейсембаев.

Мұнымен қатар, Paperlab зерттеу орталығының жетекшісі Қазақстандағы еңбек нарығындағы динамикаға Ресейге салынып жатқан санкциялардың әсер етуі мүмкін екенін айтты. Ресейден келетін тауарлар күрт қымбаттап, елдегі ресейлік компаниялардың белсенділігі төмендеген. Кейінгісінің әсерінен азаматтар қосымша жұмыс іздей бастаған.

"Жалпы ресми статистикада ауытқу жоқ. Бұдан өзге HeadHunter сайтына компьютерлік сауаты бар азаматтар ғана түйіндемесін жүктей алатынын ескеруіміз керек. Сондай-ақ, сайттағы жұмыс берушілер – көбінесе ірі қалаларда орналасқан компаниялар. Сол себепті айтылған статистика елдегі жұмыссыздыққа толық сипаттама бере алмайды. Жұмыс іздеушілер саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Нақты анықтау үшін қосымша құралдарды пайдалану қажет", – деді Серік Бейсембаев.


Оқи отырыңыз: "Айына 110 мың теңге". Жұмыссыз азаматтар мемлекеттен қалай ақша ала алады?


Мамандық таңдаудан қателесу

ҚР профориентологтар қауымдастығының төрайымы Жадыра Тойбай еңбек сегментіндегі көрсеткіштердің өсуін азаматтардың мамандығын дұрыс таңдамауымен байланыстырып отыр. Айтуынша, азаматтар сенімді табыс көзінен айырылып қалудан қорыққандықтан, басқа салаға бірден ауысып кетпейді. Бастапқыда жаңа саланы қосымша жұмыс етіп тани бастайды.

"Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының төмен болуына байланысты азаматтар тұрақты жұмысы өзіне ұнамаса да, одан айырылып қалудан қорқады. Ал мектептен кейін грант көп бөлінетін салаға қаламаса да түскен болуы мүмкін немесе бұған ұстазы, ата-анасы себепші. Сондықтан бар мәселе қазақстандықтардың мамандықты дұрыс таңдамауында. Халықаралық статистикаға сәйкес, Жер бетіндегі адамдардың 70 пайызы өз мамандығынан қателеседі. Яғни осы мамандығын қате таңдаған адамдар күн жылы кезде өзіне ұнайтын сала бойынша жұмыс іздей бастайды", – деді профориентолог.

Сондай-ақ, маман Жадыра Тойбай өзіне ұнайтын салада жүрген азаматтардың бірнеше ұқсас жұмыс іздейтінін айтады.

"Мысалы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімін алсақ, ол түске дейін мектепте, түстен кейін бір колледжде. Ал жұмыс уақытынан тыс үйірмелерде балаларды жаттықтыруы мүмкін. Бұдан өзге тәулік бойы жұмыс істейтін адамдарда демалыс күндері көбірек болады. Кейін олар сол демалысында да істейтін қосымша жұмыс іздейді. Еңбек нарығында жұмыс іздеушілердің көбеюіне осы екі фактор да әсер етеді деп ойлаймын", – деді Жадыра Тойбай.

Еңбекпен қамту саясатын қалай жақсартамыз?

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев жұмыспен қамту мәселесіне келгенде кез келген министрліктің мүмкіндігі шектеулі болатынын айтады. Зерттеу барысында шалғай өңірлердегі азаматтардың ауқымды еңбек жәрмеңкелерінің ұсыныстарынан хабарсыз екенін анықтаған.

"Ақпараттандыру әлі де жеткіліксіз. Екіншіден, ауқымды жәрмеңкелерде көбінесе квазимемлекеттік кәсіпорындарға қатысы бар мемлекеттік қызметтер ұсынылады. Ал ол жерде айлық төмен екені белгілі. Біліктілігі жоғары мамандар мен жай ғана өзін такси жүргізушісі, курьер сынды жұмыстармен қамтып, көбірек табыс таба алатын азаматтарға бұл ұсыныстар қызық емес. Еңбекпен қамту саясатын жақсарту үшін жаңа жұмыс орындары үнемі ашылып, кәсіпорындар пайда болуы қажет. Бірақ біздің экономика мұнай саласына түскен қаражатпен байланысты және қай министрлік болсын, оның мүмкіндігі шектеулі. Оның үстіне еңбекпен қамту бағдарламасының ауқымы да қаржыландырылу деңгейі де жылдан жылға артып келеді. Бірақ бұл бағдарлама тым ауқымды және ондағы көрсеткіштер шынайы жұмыспен қамту деңгейін сипаттамайды. Бұған дейін тиімділігін игерілген қаражаттың көлемімен өлшеп келді. Бұдан бөлек ашылып жатқан жұмыс орындары қаншалықты тұрақты деген мәселе бар", – деді Серік Бейсембаев.


Оқи отырыңыз: Бір жылда Маңғыстау облысындағы жұмыссыз жастар саны 11% өсті


Мамандар статистикалық қорытынды шығару үшін мәліметтерді былтырғы жылмен салыстыру қажет екенін ескертті. Ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болса, биыл да осы деңгейде қалып отыр. Ресми статистика қандай да бір ауытқуларды тіркеп отырған жоқ.