"Мұғалімдер шамадан тыс есеп беруден арылады". Жаңа бұйрық жөнінде министр түсіндірмесі
Informburo.kz Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың түсіндірмесін ұсынады.
Мен 2020 жылғы 6 сәуірде қол қойған № 130 бұйрықта орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізімі көрсетілген.
Бұл құжаттың маңыздылығы неде?
Бұдан былай мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден арылтатын заң жүзіндегі негіз пайда болды. Енді Министрлік бекіткен нақты тізім бар. "Педагог мәртебесі туралы" Заңға және Әкімшілік кодекске сәйкес, мұғалімдерден бекітілген тізімнен өзге құжаттар бойынша артық есепті талап еткендерді арнайы орган айыппұл түріндегі әкімшілік жауапқа тартуға болады. Рет-ретімен тоқтала кетейін.
Оқи отырыңыз: Бес жылда Қазақстанда 800-ге жуық мектеп бой көтереді
Біріншіден, енді пән мұғалімі күнделікті екі құжатты толтырады:
- сынып журналы;
- сабақ жоспары.
Сондай-ақ оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындайды және әр тоқсан соңында критериалдық бағалау бойынша құжаттарды толтырады. Қалған құжаттың еш қажеті жоқ.
Егер мұғалім жас педагогтің тәлімгері болып, сол үшін 17 мың теңгеге жуық үстемеақы алатын болса, онда жас әріптесімен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады.
Егер мұғалім сынып жетекшісі болса, онда оқу жылының басында тәрбие жұмысының жоспарын жасайды, өткізілген ата-аналар жиналысы бойынша электрондық форматта хаттама толтырады, оқушылардың табельдерін толтырады және қажеттілігіне қарай олардың жеке істерін жаңартып отырады.
Мектеп басшысы мен басшының орынбасарлары толтыратын маңызды құжаттардың да нақты тізімі белгіленді, артық құжаттың еш қажеті жоқ.
Оқи отырыңыз: Биыл мектеп түлектері қалай аттестат алады? Білім және ғылым министрінің түсіндірмесі
Колледж педагогтері толтыратын құжаттар тізімі де бекітілді. Олар жылдың басында жұмыс істеуге арналған оқу бағдарламасын құрып, күнтізбелік-тақырыптық жоспар жасайды, ал күн сайын сабақ жоспарын әзірлейді, теориялық, өндірістік оқыту және жеке сабақтарды есепке алу журналдарын толтырады. Егер педагог куратордың қызметін атқарса, тағы бір құжат қосылады.
Шамадан тыс есеп беру көрсеткішін түбегейлі азайтуға қатысты нақты жұмыстар мектепке дейінгі және жоғары білім беру деңгейлері бойынша да жүргізіліп жатыр. Жоғары оқу орындарының оқытушылары да қажетсіз қағаз жүктемесінен арылады. Қазіргі уақытта БҒМ тарапынан нормативтік құжаттарда көрсетілген бақылаудың жүргізілуіне қатысты толтырылатын құжаттар тізімі қайта қаралып жатыр. Басым бөлігін алып тастау туралы шешім қабылданды. Мәселен, кафедраның жұмыс жоспары, комиссияның хаттамасы, қызметтік оқу жоспары сынды құжаттар бізге қажет емес.
Шамадан тыс есеп беруден арылту және құжаттама үлгілерін біріздендіру, ең алдымен, мұғалім жүктемесін жеңілдетеді. Оның шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді, артық құжат айналымын оңтайландырып, түрлі құжаттар арқылы ақпарат жинау сияқты ескірген тәжірибеден арылтады деген сенімдемін.
Оқи отырыңыз: "Педагог мәртебесі туралы" заң тағы қандай әлеуметтік кепілдіктер ұсынады?
Барлық білім беру ұйымдарының назарында тек білім алушы болуы тиіс. Педагогтер барлық жұмыс уақытын білім беруге, білім сапасын арттыруға бағыттауы қажет және олардың балалармен жеке айналысуға мүмкіндіктерінің болуы маңызды. Сондықтан Министрлік мұғалімдерді артық жұмыстан арылту бойынша жұмыс жасап жатыр.
Бұл ретте мұғалімдерге артылған артық жүктемені азайту бойынша жағдай жасап қана қоймай, педагогтерден жоғары кәсіби біліктілікті және сапалы білім беруді талап ететін боламыз. Қоғамда білім беру сапасының неге ақсап тұрғанын түсіндіру үшін, педагогтердің шамадан тыс есеп беретіні, олардың өзіне тән емес жұмыстарға тартылуы, оқу бағдарламалары мен оқулықтардағы олқылықтар туралы және тағы сол сияқты мәселелер айтылады.
Бірақ бұл проблеманың барлығы шешіліп жатыр және бұдан былай да шешімін таба береді. Дегенмен, білім сапасы, ең алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне тікелей байланысты. Сол себепті, педагог үнемі өзін-өзі жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттырып отыруы керек.
Оқи отырыңыз: "Балаларды кітап оқуға баулу өте маңызды". Асхат Аймағамбетовтың ата-аналарға хаты
Екіншіден, жауапкершілікке тартуға кімнің құзыреті бар? Педагогтерді кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, олардан қызметтік міндетіне кірмейтін мәселелер бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактілері бойынша арыз түскен жағдайда, БҒМ Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің аумақтық департаменттері ҚСжАЕК органдарында жоспардан тыс тексеруді тіркейді. Тексеруді ұйымға барып немесе қашықтан жүргізеді.
Құқық бұзушылық фактісін дәлелдейтін материалдар:
- педагогтердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартылғанын растайтын фото және бейнежазбалар, хаттардың, бұйрықтардың, актілердің, хаттамалардың көшірмелері немесе басқа да материалдар;
- жазбаша тапсырмалар немесе олардың көшірмелері, бұйрықтардың көшірмелері, есеп беру нысандарының көшірмелері мен педагогтен білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген есептіліктің немесе ақпараттың талап етілуін растайтын басқа да материалдар;
- Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерудің жүргізілгенін растайтын фото немесе бейнежазбалары, күні, тексеруші тұлғалардың аты-жөні, тексерудің мәні және басқа да материалдар;
- тауардың немесе көрсетілетін қызметтің фото немесе бейнежазбасы, сондай-ақ, сатып алу рәсімдері, чектері, тауарлық шоттар, шот-фактуралар, түбіртектер мен басқа да материалдар;
- мектеп ұйымдастырмаған іс-шараларға қатысқанын растайтын фото немесе бейнежазба, хаттардың, бұйрықтардың, актілердің, хаттамалардың көшірмелері немесе педагогтің іс-шараларға жіберілгенін растайтын басқа да материалдар бұзушылық жасау фактісін дәлелдейді.
Егер алғаш рет бұзушылық жасаған адам кінәсін мойындаса, Комитет және оның аумақтық органы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмайды, бірақ кінәлі адамға ескерту жасау туралы қаулы шығарады.
Бұзушылыққа қайта жол берген адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылады және әкімшілік айыппұл салынады. Оның көлемі – 20-дан 120 АЕК-ке дейін.