Көзілдірік және линза: қайсысын таңдаған дұрыс?
Көзінің көру қабілеті нашарлаған адам алдында таңдау тұрады. Көзілдірік таққан жөн бе, әлде линза дұрысырақ па? Бұл сұрақтың жауабын офтальмолог маманның кеңесіне сүйене отырып іздейміз.
Линзаның тиімді тұстары:
- Линза ыңғайлы және жанарды талдырмайды, көзілдірікке қарағанда айналаны анығырақ көрсетеді;
- Линзамен көзқарас аумағы шектелмейді. Басты қозғалтпай, тек жанарды бұрғанда көз бұлшықеттері жұмыс істеп, жаттығады;
- Линзаларда (заманауи, сапалы түрлерінде) ультракүлгін сәулелерден қорғайтын фильтрлер бар;
- Линзалар оттегін өткізіп, көздің демалуына жағдай жасайды;
- Линза адам қозғалысына кедергі келтірмейді (спортпен шұғылданып, би билеуге қолайлы);
- Линза кез-келген адамға жарасымды (ал көзілдірікті бет пішінге қарап таңдау керек);
- Линзаның көмегімен кез-келген үлгідегі күннен қорғайтын көзілдірік тағуға болады;
- Линза шаң жинамайды және бетіне сызық түспейді.
Оқи отырыңыз: Көз ауруын байқамай, асқындырудың соңы – су қараңғы соқырлық. Алдын ала сақтанамын десеңіз? Дәрігердің кеңесі
Контактілі линзалар ыңғайлы болғанымен, мамандар оны шамадан тыс тақпауға кеңес береді. Мәселен, гидрогельді линзаларды 6-8 сағат, ал силикон-гидрогельді түрлерін одан сәл ұзағырақ тағуға болады. Дегенмен, дәрігерлер үйде болған кезде көзілдірік тағуға кеңес береді.
Жалпы, линзалар қолданылу мерзімі бойынша – 1 күндік, 2 апталық, 1 айлық, 3 айлық және 1 жылдық болып бөлінеді. Линзаның мейлінше жарамдылық мерзімі азын пайдаланып, жиі ауыстыру көзге пайдалы.
Линзаның тиімсіз тұстары:
- Линза тағуға болмайтын көз аурулары көп;
- Линза тазалығын сақтау арнайы уақытты қажет етеді;
- Линза ұқыпты қолдануды талап етеді (оны сақтайтын контейнер, сұйықтық, көзді құрғаудан сақтайтын тамшыларды қоса алып жүру керек);
- Шамадан тыс құрғақ ауадан көз құрғағанда линза көзден түсіп кетуі мүмкін;
- Қаржылық шығыны көп (жарамдылық мерзіміне сай жиі ауыстырылады және қосымша сұйықтығы мен құралдарына да қаржы қажет).
"Қазір контактілі линзалардың алуан түрі бар. Дегенмен, силикон-гидрогельді линзаларды пайдалануға кеңес беремін. Олардың оттегін өткізу қабілеті жоғары және ультракүлгін сәуледен қорғайды. Көзді ылғалдандырады. Линзаны таңдағанда осыны ескеру керек. Сондай-ақ, түрлі-түсті линзалар да сәнге айналды. Олар гидрогельден жасалатындықтан, оттегін дұрыс өткізбейді. Сондықтан, түрлі-түсті линзаны күніне 5-6 сағаттан артық пайдаланбау керек", – деді Әсел Бекбасова.
Оқи отырыңыз: Қандағы гемоглобин деңгейін көтеру үшін не жеген пайдалы?
Линзаға күтім жасаудың жолдары:
- Линзаны тағар және шешер алдына қолды тазалап жуу қажет;
- Линзаны контейнерге салмас бұрын оны күні бойы жиналған кір, микробтардан тазарту керек (Ол үшін линзаны таза алақанға қойып, үстінен аздаған арнайы ерітіндіні құйыңыз. Линзаны зақымдамай, саусағыңызбен бір бағытта ақырын сүртіңіз. Осыдан кейін ерітіндінің бірнеше тамшысымен линзаны тағы шайып, контейнерге салыңыз);
- Линза контейнердегі ерітіндіде толығымен батып тұруы керек;
- Контейнердегі сұйықтықты күнделікті жаңарту қажет (контейнерді де тек линзаға арналған тазалағыш сұйықтықпен шайған жөн);
- Контейнерді айына бір рет ауыстырған жөн;
- Линза мен контейнеріне мүлдем су тигізбеу керек, әйтпесе, бактериялар пайда болуы мүмкін;
- Линзаны душ, монша, бассейнде пайдалануға болмайды;
- Линзаны бетке макияж жасамас бұрын тағу қажет;
- Линзаны ауыстыру кестесін мұқият сақтаған жөн;
- Кемінде алты айда бір мәрте офтальмолог дәрігерге қаралу қажет.
Көзілдіріктің де артықшылықтары мен кемшін тұстары бар. Денсаулықты түзеп, көздің көру қабілетін жақсарту үшін көзілдірікті оптикалық элементтеріне сай дұрыс таңдай білу қажет. Әуелі оның линзасының сапасына мән берген жөн. Қазақстан нарығында ультракүлгін қорғанышы бар көзілдірік линзалары жетіп артылады. Сондықтан, дәрігерлер қымбат әрі сапалы линзалы көзілдірік сатып алуға кеңес береді. Одан кейін көзілдіріктің оправасы жақсы, сапалы материалдан жасалғанына көңіл бөлу керек. Бет-әлпетте қыспай, теріні қажамай, ең бастысы ыңғайлы және жарасымды болғаны шарт.
Көзілдіріктің тиімді тұстары:
- Көзге ешқандай инфекция жұқтырмайды;
- Көзілдірік тағуға қарсы көрсетілімдер жоқ;
- Көзілдірікті мұрыннан су ағып, көз қабынып ауырған кезде тағуға болады (Мұндай жағдайда линза қолдануға болмайды, өйткені инфекция тарауы мүмкін);
- Көзілдіріктің тағылуы мен шешілуі оңай, қиын күтімді талап етпейді;
- Шектеулі жарамдылық мерзімі жоқ (ұқыптап ұстаса, бірнеше жыл пайдалануға болады).
Оқи отырыңыз: Жөтелді үй жағдайында қалай емдеуге болады?
Көздің дұрыс көрмеуінің ең бірінші себебі – тұқым қуалаушылық. Егер отбасында ата-ананың бірі көзілдірік тақса, 25-30 пайыз жағдайда баласының да көзі дұрыс көрмейтін болады. Екінші себеп – телефон, планшет, компьютерді тым көп уақыт қолдану. Үшіншісі – қимыл-қозғалыстың аздығы мен таза ауада көп тыныстамау.
Көзілдіріктің тиімсіз тұстары:
- Көзілдірікпен белсенді спортпен шұғылдану қиынға соғады;
- Жазда бет терлеп, көзілдірік мұрыннан ақырын сырғи бастайды;
- Қыста жылы жерге кіргенде әйнегі буланып әлек етеді. Бұл әсіресе адам толы қоғамдық көлікте ыңғайсыздық туғызады;
- Жаңбырлы, қарлы күні әйнек суланып мазаңызды қашырады;
- Көзілдірікпен күннен қорғайтын көзілдірік кие алмайсыз;
- Көзілдірік көру мүмкіндігіңізді шектеп, аз қимылдауға дағдыландырады;
- Жан-жағыңызға басыңызды бұрып қарауға тура келеді, бұдан көздің бұлшықеттері жұмыс істемейді.
Офтальмолог Әсел Бекбасова көздің көруін жақсарту үшін тамақтану рационына қызыл және сары түсті азық-түліктер қосып, балық пен бауыр сынды тағамдарды тұтынуға кеңес береді. Көкөніс пен жемістер, В, А, Е дәрумендерінің де пайдасы зор. Сондай-ақ, таза ауада тынығып, көзге арналған түрлі жаттығулар жасауды әдетке айналдыру керек.