Кытайлық қазақтар Қазақстанға келіп-кетуге виза алып жатыр
Қытайдан қашып келген екі азамат тергеліп жатыр
"Қытайдан шегара бұзып қашып келген екі азаматты Қазақстан Республикасының шекара қызметі тексеріп жатыр. Нақты мәліметтерді солардан алу керек", – деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте.
Естеріңізде болса, "Қазақ-қытай шекарасын бұзып, қашып өттік" деп саяси босқын мәртебесін сұраған екі қытай азаматы – Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсақанұлы Өскемен қаласындағы қамақта отыр. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Олар әлеуметтік желіде үндеу жасап: "Шегараны амалдың жоғынан бұздық" деп жариялаған болатын. Онда Қытайдағы адам құқығының тапталуына және концлагерге қамалу барысы туралы мәліметтер таратқан.
Қытаймен арада диалог бар, жұмыс істеліп жатыр
Айбек Смадияров брифинг кезінде басқа да бірқатар сауалдарға жауап берді.
Informburo.kz Қытайдағы қазақ мәселесінің көптеген адамдарды алаңдатып отырғанын, өзінің де бірнеше жылдан бері туыстарымен хабарласа алмай отырғанын айтты. Сонымен бірге АҚШ вице-Президенті Майк Пенстің Қытайдағы түркі халықтарына, оның ішінде қазақ, қырғыз, татар, ұйғұр секілді мұсылман халықтарға қарата жүргізіп отырған ауыр саясатын сынап, "Бұл ғасырдың қара дағы" деп атағаны белгілі. БҰҰ мен Еуропа парламенті де Шыңжаң мәселесіне қатысты Қаулы қабылдағаны белгілі.
Қазір ҚР Сыртқы істер министрлігіне Қытайда туыстары қамалып, отбасы екіге бөлінген адамдар жиі хабарласады. Ал Айбек Смадияровтың айтуынша, министрлік мәселені шешу үшін дипломатиялық жолдармен жұмыс жасап жатыр екен.
"Шыңжаңдағы Қытай азаматтары болғандықтан басқа елдің ішкі саясатына араласпау қағидасын ұстанамыз. Бірақ Қытай елімен арада диалог бар. Біраз жұмыстар істеліп жатыр. Соның арқасында бірнеше мың қазақ азаматтары визаларын алып елге келіп-кетіп жатыр", – деп мәлімдеді Айбек Симадияров.
Мексикаға бармауға кеңес береміз
Айбек Смадировтың айтуынша, Мексика елі шегара тәртібін қатаңдатқан.
"Мексиканың шегара бақылауды күшейтуіне байланысты шетелдіктер депортацияланып жатқан жағдайлар бар.
Осыған орай қазақстандықтарға онда бармауға кеңес береміз. Ол елде туындаған жағдайларға байланысты адамдардың қолайсыздыққа жолығу-жолықпауына ешқандай кепілдік жоқ, – деді миннистрліктің ресми өкілі.
Оңтүстік Кореяда баланы көлікпен қағып кетті деп күдікке іліккен қазақстандық адвокатын ауыстырды
ҚР Сыртқы істер министрлігінде бұл жағдайға қатысты тың мәліметтер айтылды.
"Біздің консул ол жігітпен 3 рет кездесті. Ол Оңтүстік Корея тарапынан тағайындалған мемлекеттік адвокаттан бас тартып, жаңа жеке адвокат жалдады. Істі дипломатиялық арналар арқылы бақылап отырмыз", – деді Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте.
Естеріңізде болса, Оңтүстік Кореяда кішкентай баланы қағып кетіп, Қазақстанға оралған Павлодарлық азамат 14 қазанда тергеу іс-шараларына қатысу үшін Сеул қаласына өз еркімен ұшып барған болатын.