Күйзеліспен қалай күресу керек? Психотерапевт кеңесі
Маманның айтуынша, созылмалы күйзеліс иммунитетті әлсіретіп, респираторлық инфекцияларға әкеп соқтыруы мүмкін.Пандемия кезінде әрбір екінші адамның менталды денсаулығында мәселе туындаған. Ал коронавируспен ауырғандардың 60%-ы ауруға әкеп соқтыратын психологиялық проблемаға кезіккен. Неге менің жағдайым осындай? Карантин неге адамдардың психикасына әсер етті? Неліктен адамдардың бәрі күйзелісте жүр? Мұндай жағдайда бізге кім көмектеседі? Қайда бару керек? Көп адамды осындай сұрақтар мазалайды. Осы орайда Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының психотерапевті Рашид Азизов коронавирус пандемиясының менталды денсаулыққа қалай әсер ететінін, неліктен адамдарда үрей басым екенін айтып, күйзелісті мейлінше өз бетінше жеңіп шығу тәсілдерін баяндады.
Карантин кезінде адамдарда үрей күшейді
Covid-19 пандемиясы адам денсаулығына ғана емес психологиясына да қатер төндірді. Эпидемияға деген адамдардың үрейлі реакциясы, жоғары эмоционалды жауабы байқалды. Адам табиғатынан әсершіл болған соң күйзеліске бейім келеді. Коронавирус жүйке жүйесіне айтарлықтай әсер етеді. Жүйке жүйесінің жасушаларын зақымдауға қабілетті. Осының салдарынан ағзаның қорғаушы иммунды жауабы ретінде психикалық-неврологиялық бұзылыстар туындайды.
Өкпе жүйесі қабынғанда оттегі жетіспейді. Тыныс алу қиындайды. Цитокинді жауап психикалық қызметтің бұзылысына әкеп соқтырады. Адам психологиялық қана емес, физикалық жағынан да өзін жайсыз сезінеді. Цитокиндер (көп түрлі тін жасушыларында өндірілетін және бөлінетін кішкене молекулалы полипептид немесе гликопротеин) көңіл-күй гормондарының бірі серотонин секілді заттардың сарқылуына ықпал етеді,
Көктемде қатаң карантин кезінде үрей күшейді. Өйткені әлем бойынша адамзатқа қауіп төндіретін жағдайлар болып жатты. Мұның қашанға дейін созылатынын әліге дейін ешкім айта алмайды. Карантин енгізген соң адамдар үйінен аттап шыға алмай қалды. Коронавирустың қандай инфекция екені, оның таралу жолы жайлы нақты ақпарат болмады. Клиникалық сипаты толық анықталмады. Дәрі-дәрмек, маска, антисептик тапшы болып халық одан сайын дүрлікті. Медициналық көмекке уақытында қол жеткізе алмады. Осының бәрі ақпарат көздерінде көп көтеріліп, жалған ақпарат көбейді. Мұның салдары күйзелістің өршуіне ықпал етті.
Күйзелістің бірінші кезеңінде үрей, мазасыздану болады. Екінші кезеңде адамның барлық ресурсы күйзеліспен күреске жұмсалады. Алайда күйзеліс процесі айтарлықтай күшті әрі ұзақ болса үшінші кезеңде ресурстар сарқылады. Ең жаман кезең ол – дистресс. Күш кеміп, ағзада психологиялық, психосоматикалық секілді әртүрлі күйзеліс процесі барынша көрінеді. Адамның өмір сүру сапасы төмендеп, бір өзі күйзеліспен күресе алмай қалғанда маманға жүгінуге мәжбүр болады.
Біздің күйзеліске бейімделу механизміміз өзінше жүреді. Тіпті, негатив ақпарат ағынында да күйзеліске берілеміз. Бәрін өз бойынан өткізетін әсерленгіш, эмоционалды адам болса оның күйзеліс реакциясы ашық көрінеді. Ал сарқылу кезеңі, өкінішке қарай, тез жүріп, оның салдарынан ауруға ұшырайды.
Пандемия кезінде неге үрей, мазасыздық бірден күшейді? Бұрын спортпен айналысу, серуендеу, көңіл көтеру орындарына бару, шопинг, спа секілді күйзелісті жеңу тәсілдері қолжетімді болатын. Қатаң карантин кезінде адамдар шектеліп, әдеттегі механизмдер жұмыс істемеді. Күйзеліспен күрестің басқа тәсілдерінен көп адам хабарсыз болғандықтан оны қалай еңсеруді білмеді.
Мазасыздану белгілерінің бірі – ауа жетіспеу сезімі. Адамдар ешқандай ауру белгісі болмаса да, байбалам салып, ауруханаға бару қажет деп ойлады. Ағзадаға өзгерістер белгілі бір дәрежеде жаңылысуға әкеледі. Күйзеліс кезінде дене қызуы көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдайда адам үрейленіп, тексерілуге асығады. Компьютерлік томография кезегіне тұрып, денсаулығына одан сайын қауіп төндірді.
Оқи отырыңыз: Балалар мен жасөспірімдермен қалай оңай тіл табысуға болады? Психолог кеңесі
Созылмалы күйзеліс иммунитетті әлсіретіп, респираторлық инфекцияларға әкеп соқтыруы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде мазасыздық тудырады. Қазақстандықтар covid-19.mentalcenter.kz сайты арқылы тегін психологиялық көмек ала алады. Жедел желінің міндеті – мазасыздану деңгейін төмендету. Адам тыныштанса бірқалыпты тыныс алып, дене қызуы түседі. Өзінен бөлек жақындарының денсаулығын ойлап уайымдайтындар бар.
Психогигиена: Үрейге қалай қарсы тұру керек?
Бірінші кезекте, ақпараты сұрыптап, яғни сенімді, тексерілген ақпарат көздерін таңдау қажет. Әртүрлі мессенджерде тарайтын аудиохаттарды тыңдамау керек. Бұл адамды одан сайын үрейлендіреді. Адамдарға денесінде не болып жатқанын сезінуді үйрену қажет. Бір жұмысқа, қызметке, әңгімеге ойын бөлген жөн. Үрей сезімі психогенді болса онда сізді мазаламайды, ал нақты болса онда оған назар аударуға тура келеді.
Күйзеліс кезінде жағымсыз ой мен сезімге берілеміз де, үрейге бой береміз. Адам өзіне ұнайтын қарапайым іспен айналысуы қажет. Тіпті бұл үй шаруасы болса да ештеңені ойламай сол істі беріліп істеу керек. Қазір кең таралған медитация да күйзелісті еңсеруге жақсы көмектеседі.
Қазір психолог көмегіне жүгінетіндердің көбі не коронавируспен ауырмағандар, не оны жеңіл өткергендер. Олардың жарақаттан кейінгі синдромын алып тастау керек. Олар ауырып қалудан сақтанады, қайта ауырмауға, қандай да бір сезімге назар аударады. Өмір сапасы нашарлап, жүйке жүйесі сарқылады, үрей пайда болып субдепрессияға әкеледі. Өмірге деген қызығушылығы төмендеп, аурудың алдын алуға беріліп кетеді.
Адамға шұғыл әрі қысқа уақытта көмек беру үшін онлайн психологиялық қолдау көрсетуді дамытқан жөн. Аз уақыттың ішінде маман адамды тыныштандырып, әрі қарай өзіне қалай көмек беруге болатынын түсіндіру керек.
Күйзеліс күшейсе немесе өзектілігін сақтаса, қалыпты өмір сүру салтына көңіл бөлуге кедергі жасаса дезадаптация болып, адамның өмір сүру сапасы одан сайын нашарлайды. Мұндай жағдайда маман көмегіне жүгіну керек. Сонда мұның не екенін және өмір салтын қалыпқа келтіру үшін не істеу қажет екенін біле алады.
Оқи отырыңыз: Жалғыздық және депрессия. Қазақстанда жастардың өз-өзіне қол жұмсауына не түрткі?
Адам психикалық денсаулығын қалай ұзақ уақыт сақтай алады?
Физикалық, психикалық денсаулық болсын режимді жақсы көреді. Біз денсаулығымызға қатты әсер ететін ұйқыға аса мән бермейміз. Карантин кезінде "ертең жұмысқа бармауға болады", "баланы мектепке апармаймын", "ертең ешқандай кездесу жоқ" деген сылтаумен сериал көріп, әлеуметтік желіде отырып кеш ұйықтайды. Бұлай болмайды. Демалыс болса да, жұмыс күні болса да уақытында ұйықтап, уақытында ояну керек. Кештің батуы мен таңның атуы психикалық жағдайымызға қатты әсер етеді.
Біз күйзеліс өте жоғары әлемде өмір сүреміз. Сарқылу кезеңіне өтпейінше күйзеліс қалыпты құбылыс. Бірінші кезеңде сарқылудың басталуын байқамаймыз, себебі бұл – тұрақты мобилизация. Күйзеліс кезінде дұрыс әрекет ету үшін мобилизацияны қоса білуіміз керек. Релаксация, босаңсу, демалу, дағдыларды үйренуге назар аударсақ жүйке жүйеміз бен жүрек қан-тамырлары жүйесі демалады. Бұл психологиялық денсаулығымызға әсер етіп, күйзеліске деген төзімділігімізді күшейтеді.
Антидепрессантты дәрігердің бақылауынсыз қабылдауға бола ма?
Антидепрессант – психотропты дәрі-дәрмек. Бұл көңіл-күйге әсер етіп қана қоймай, жалпы процестерді реттейді. Мұны біздің елімізде невропотолог, психиатр тағайындайды. Антидепрессант жедел жәрдем препараты емес, тез жұмыс істемейді. Оны белгілі бір уақыт аралығында қабылдау керек. Мұны сізбен байланыста болатын дәрігер жазып береді. "Жаман сезініп тұрмын", "құрбыма көмектескен екен" деп іше салуға болмайды. Депрессияға қарсы дәрі-дәрмектер әртүрлі болады. Әрбірі адамға жеке әсер етеді.
Психотерапевтке профилактика үшін баруға бола ма?
Психотерапевтке қызығушылық танытып келуге болады. Мен ондай адамдар келсе жымиып, оларда бәрі жақсы екенін, кәсіби аспектіде әртүрлі тақырыпта сөйлесе алатынымды айтамын. Адам өзінің проблемасын түсінбей, оны қорытып жеткізе алмаған соң маманға барады. Десе де адам өзінде бірнәрсе дұрыс емес екенін сезініп, соны шешуім керек дейді. Оның уайымы артып кеткен болар, әңгімелесу керек болған шығар. Психикалық денсаулық өте нәзік болғандықтан жағдайға қарай жұмыс істейміз.