Коронавирустен көз жұмғандар саны 81-ге жетті. Қауіпті індет туралы қазақстандықтар нені білуі қажет?
26 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Қытайда пайда болған коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөніндегі нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Президент тапсырмасынан кейін премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу және оның алдын алу шаралары жөнінде кеңес өткізді.
Үкімет басшысы мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және темір жол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейтуді, сондай-ақ, Қытайдан келген барлық адамға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық бақылау жүргізуді, эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда халыққа қажетті көмек көрсететін медициналық ұйымдардың дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Қытайда тараған қауіпті вирустан 4 адам көз жұмды. Қазақстанға қауіп бар ма?
Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы келесі кешенді алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды:
- Мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және темір жол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту;
- ҚХР-дан келген барлық адамдарға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық бақылау орнату;
- Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда халыққа қажетті көмек көрсететін медициналық ұйымдардың дайындығын қамтамасыз ету;
- Қытайға қызметтік іс-сапарларды шектеу, сондай-ақ жеке істер мен туристік мақсаттарда бармауға кеңес беру;
- ҚХР-дан келетін транзиттік жолаушыларға ҚР аумағына 72 сағаттық визасыз келу режимін уақытша тоқтату;
- "Қорғас" ШЫХО қазақстандық бөлігінің жұмысын уақытша тоқтату;
- ҚХР аумағындағы қазақстандық азаматтармен оларға консулдық және өзге де көмек көрсету мақсатында жұмысты жандандыру;
- Мемлекеттік органдар коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі іс-қимылды үйлестіру мақсатында ҚХР және басқа да мүдделі елдердің тиісті мемлекеттік құрылымдарымен қажетті өзара іс-қимылды ұйымдастыруы тиіс;
- Қажет болған жағдайда ҚХР Ухан қаласында жүрген Қазақстан студенттері мен ҚР басқа да азаматтарын шұғыл эвакуациялауды қамтамасыз ету;
- Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен ведомствоаралық комиссия құру, оған Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Денсаулық сақтау министрлігі call-орталық құрды
Енді қазақстандықтар тәулік бойы 1406 және +7 7172 76 80 43 нөмірлеріне қоңырау шалу арқылы коронавирустық инфекцияға қатысты кез келген сауалына жауап алып, алдын алу шаралары мен аурудың симптомдары жайлы біле алады.
Бас ауыруы, суық тию, кеуде тұсының ауырсынуы, пневмония, қалтырау, дене қызуының көтерілуі, жүрек қағысы мен тыныс алудың жиілеуі сынды симптомдар байқалса 103 нөмiрiне хабарласу керек.
Министрлікте эпидемиялық жағдай бойынша сарапшылардан тұратын республикалық штаб құрылды. Елжан Біртановтың төрағалығымен кеңестер өткізіліп, коронавирустық инфекция кезінде әрекет етудің Ұлттық жоспарының жобасы әзірленді.
Өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларымен селекторлық кеңес өткізіліп, медицина ұйымдарын дайындау, қажетті дәрілік заттардың қорын сақтау туралы нақты тапсырмалар берілді.
Денсаулық сақтау басқармалары ерте бастан инфекциялық станционарларда науқастарды қабылдауға әзірленіп жатыр. Медицина қызметкерлері теориялық және практикалық даярлаудан өтіп, медицина ұйымдарында дәрілік заттар мен медицина өнімдерінің азайтылмайтын қоры дайындалды.
Оқи отырыңыз: Миқұрт (менингит) кеселі. Бұған дейін де болып тұратын дерт төңірегінде неге шу шықты?
Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының төтенше жағдайлар бойынша оперативті орталығында Қытайдағы коронавирус пневмониясының эпидимологиялық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Орталық тәулік бойы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан, АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығынан (СDC) мәліметтер алып отыр.
Сондай-ақ, оперативті орталық Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті мамандарымен бірлесе коронавирус инфекциясы таралған жағдайда медицина және лаборатория қызметкерлерінің әрекет ету алгоритмін әзірледі.
Шекарадан өткен қазақстандықтардан ауру белгілері анықталмады
Әуежайларда, теміржол вокзалдары мен автоөткелдерде барлық тұрғынның, әсіресе Қытайдан келушілердің қызуы қаншама күннен бері өлшеніп жатыр. Әуежай, шекаралық және кедендік қызмет қызметкерлері, бортсеріктер, экипаж мүшелері мен жолсеріктермен сапар кезінде коронавирус және басқа да инфекцияларды жұқтыруы мүмкін науқастарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде Қытай шекарасынан өткізу бекеттерінде тексерілген 19 704 адамнан дене қызуы көтерілу секілді ауру белгілері анықталмады.
Қытайдан Қазақстанға келген адамдар 14 күн тіркелген мекенжайы бойынша медицина ұйымдарының бақылауында болады. Ауру белгілері пайда болса, диагностикалық процедурлар кешені бар инфекциялық стационарларға жатқызылады.
Оқи отырыңыз: Нәрестенің кіндікбау қаны таптырмас ем екені рас па? Қазақстанда оны қайдан сатып алуға болады?
Ухань қаласындағы 98 студенттің жағдайы
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Ухань қаласында 230 қазақстандық студент оқыса, оның 98-і қаладан ешқайда кетпеген. Қалған білім алушылар демалыстың басталуына байланысты Қазақстанға және басқа елдерге кеткен.
"Уханьдағы студенттердің барлығымен дипломаттарымыз байланысқа шықты. Қытайдағы студенттерге мессенджерлермен эпидемиологиялық жағдайға байланысты әрекет ету ережесі мен алдын алу шаралары хабарланды. Студенттер оқитын ЖОО басшылықтарымен байланыстамыз. Бейжіңдегі Қазақстан елшілігі Ухань қаласында карантин жариялануына орай Қытай аумағында қалып қойған азаматтарымызға тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желіні ашты", – деді ол министрлікте өткен брифинг барысында.
ҚХР-дағы Қазақстан Республикасының елшілігі коронавирустың (2019-nCoV) жаңа түрінен туындаған айрықша эпидемиялық жағдайға байланысты Ухань қаласында немесе Қытай аумағының басқа да қалаларында жүрген қазақстандықтардың деректерін жинап жатыр. Қытайда жүрген ел азаматтары kaz_embassycn@mail.ru электрондық мекен-жайына аты-жөнін, ұялы телефон нөмірін, Қытайда болу мақсаты және дәл қазіргі уақыттағы нақты орналасу мекен-жайы туралы мәліметті жіберуі тиіс.
"Азаматтардың жеке деректері үшінші жаққа таратылмайды және төтенше жағдайда қажеттілік туындағанда қолданылады", – делінген елшілік хабарламасында.
Төтенше жағдайларға байланысты елшіліктің +86 1065324189 телефон нөміріне хабарласуға болады.
Уханьдағы қазақстандық студенттер шетелдік студенттердің ісі жөніндегі кеңсенің жіті бақылауында екенін айтты. Жатақханадағы кезекші студенттер әр білім алушының денсаулық жағдайын бақылап, ауру белгілері анықталса, ауруханаға емделуге жібереді. Елшілік студенттерге респираторы бар N95-3M маска және өзге қажетті заттарды жіберетін болды. Студенттер Ухань қаласынан мұндай масканы табу қиын болып отырғанын айтқан.
Оқи отырыңыз: Неке алдында медтексеруден өтуді міндеттеу ұрпақ саулығын арттыра ма? Шетел тәжірибесі мен қазақстандықтардың пікірі
Коронавирустың таралу картасы әзірленді
АҚШ-тағы Джонс Хопкинс атындағы университет мамандары Қытай мен одан тысқары елдерде коронавирустық инфекцияның таралу динамикасын онлайн режимде көруге болатын карта әзірледі.
Картада ДДСҰ, Қытайдың денсаулық сақтау ұлттық комиссиясы, АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы және басқа да ресми дереккөздерден алынған мәліметтер жаңартылып отырады.
Сайттан аурудың таралу аймағын, өлім статистикасын, жұқтырғандар мен жазылған адамдар санын көруге болады.
Коронавирус инфекциясы бойынша соңғы мәліметтер (27 қаңтар, 2020 жыл):
- науқастар саны – 2 886;
- қайтыс болған – 81;
- Коронавирустың таралу аймағы: Қытай (2 825 науқас), Таиланд (8), Гонконг (8), Макао (6), Австралия (5), Тайвань (5), АҚШ (5), Жапония (4), Малайзия (4),Сингапур (4), Оңтүстік Корея (4), Франция (3), Вьетнам (2), Камбоджа (1), Непал (1) және Канада (1).