"Коронавирусты жеңудің жалғыз жолы – халыққа жаппай вакцина салу". Эпидемиолог Сәкен Әміреевтің өзекті пікірлері
Қазақстанда коронавирустың қайта өршуі – карантин режимін жеңілдету туралы шешімдердің мерзімінен бұрын қабылданғанының салдары.Коронавирусты вакцинациясыз жеңу мүмкін бе?
Қазақстан эпидемиология мектебінің негізін қалаушы Сәкен Әміреевтің айтуынша, Covid-19 коронавирустық инфекциясының пандемиялық таралуын тоқтатудың ең тиімді тәсілі – жаппай вакцина салу арқылы халықтың жасанды иммунитетін қалыптастыру. Адамзат тарихында мұндай тәжірибе асқан қатерлі аурулар кезінде қолданылған. Мәселен, шешек инфекциясы тарағанда әлем халқының 98,5 пайызы бұл дертке қарсы екпе салдырған. Соның нәтижесінде, аталмыш инфекцияны толық жойып қана қоймай, қоздырғышты да ауыздықтау мүмкін болды. Демек, Covid-19 дертін түбегейлі жоюдың жалғыз жолы – жаппай вакцинациялау.
"Жаппай вакцинациялау – мәселенің бір ғана дұрыс әрі тиімді шешімі. Бұл ретте жатыр мойны обыры және өзге де ауруларды тудыратын табиғи шешек, полиомиелит, вирусты гепатит, қызылша, эпидпаротит, пневмококк пневмониясы сынды ауыр инфекциялармен күресте жаппай вакцинациялау жоғары тиімділігін көрсеткенін мысалға алуға болады. 1980 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өте қауіпті инфекция саналып келген табиғи шешектің толықтай жойылғанын жариялады. Жер бетінің барлық тұрғындарын жаппай вакцинациялау аурудың алдын алумен қатар табиғи шешек түріндегі вирустың да жойылып кетуіне септігін тигізді", – деді Сәкен Әміреев.
Эпидемиологтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның 198 түрі әзірленуде. Олардың барлығына қойылатын екі негізгі талап:
- патогендерден қорғаудың тиімділігі;
- науқас үшін қауіпсіздігі.
"Әрине, екпенің жағымсыз әсері болады. Бірақ, ол ары кетсе 1-2 пайыз адамда ғана байқалады. Екі пайыз халыққа кері әсерін тигізгені үшін барлығымыз екпеден бас тартсақ, бұл аурудан ешқашан құтыла алмаймыз. Ең тиімді шешім – вакцина салғызып, ұжымдық иммунитетті неғұрлым тез қалыптастыру. Бұл туралы барлық мемлекет айтып жатыр", – деді ол.
Оқи отырыңыз: 1 ақпаннан жаппай вакцинациялау басталады. Жаңарған Үкіметтің алғашқы отырысы
Вакцина коронавирустан қанша уақыт қорғайды және оны жыл сайын салғызу керек пе?
Соңғы кездері отандық және шетелдік ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты түрлі пікір білдіріп жүр. Мамандар бұл жұқпалы дертті жою үшін кең ауқымды вакцинация қажет еместігін айтуда. Ал кейбірі тіпті екпе адамды тек аз уақытқа ғана қорғайды, сондықтан вирусты қайта жұқтыру қаупі бар екенін алға тартып жүр. Эпидемиолог Сәкен Әміреевтің мәлімдеуінше, мұндай пікірлердің барлығы әзірге негізсіз. Өйткені, енді ғана жарыққа шығып жатқан екпелердің қорғаныс әсері қанша уақытқа созыларын әлі ешкім дөп басып айта алмайды.
"Бұл вакциналар енді ғана жасалып жатыр. Оның қорғаныс әсері қанша уақытқа созыларын 1 немесе 1,5 жылдан соң ғана айта аламыз. "Иә, бұл вирустан жақсы қорғайды немесе уақытша ғана қорғайды" деген сынды. Тіпті мүлдем жарамсыз деген пікірге де келуіміз мүмкін. Біз екпені жаңадан салғызып жатырмыз, сондықтан ол туралы әзірге пікір айту негізсіз. Мұндай сөздерді тек халықтың арасында үрей туғызу үшін айтып жүрген болуы мүмкін. Вакцинациядан қорқу – кей жеке адамдардың екпеге қарсы зиянды әрекеті. Егер біз жаппай вакцинациялауды жүзеге асырмаған болсақ, жоғарыда аталған инфекциялардың көпшілігі жер шарында кең тараған болар еді. Адамдар дүние жүзінде болған барлық соғысқа қарағанда, жұқпалы аурулардан әлдеқайда көп қайтыс болған", – деді ғалым.
Оқи отырыңыз: Коронавирустың "британдық штамы". Бұл не және Қазақстанға қауіп бар ма?
Қазақстанда коронавирус инфекциясының екінші толқыны басталды ма?
Профессордың пайымдауынша, елімізде басталған Covid-19 екінші толқыны алдын ала болжанғаннан әлдеқайда қарқынды жүріп жатыр және сырқат өте ауыр түрде өтуде. Бұл күзгі-қысқы суыққа, демалыстан оралуға байланысты адамдардың көп жиналуына, вирусты жұқтыру қорқынышының жоғарылауына, яғни адамдардың психо-эмоционалдық жағдайына байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ, жалпы суық тиюге және тұмаумен қатар жүретін басқа респираторлық вирустық аурулардың ағымы себебінен болуы ықтимал.
Соған қарамастан, Сәкен Әміреев әзірге Қазақстанда эпидемиялогиялық жағдай біршама тұрақталғанын айтып отыр. Алайда, ғалым әлемде болып жатқан процестердің елімізге қауіп төндіруі мүмкін екенін жасырмады. Мәселен, Ұлыбританияда тез қарқынмен тарап, 50-ден астам елге жеткен корнавирустың жаңа штамы Қазақстанға жетсе, жағдай былтырғыдан да ушығуы мүмкін.
"Қазіргі уақытта тағы бір үлкен проблема туындады. Коронавирустың тез таралатын "британдық", "африкалық" штамдарының пайда болуы және оның қарқынды таралуы. Соңғы сценарий әлдеқайда қиынға соғуы мүмкін. Өйткені, жаңа штамдар аурудың ауыр түрін тудыратын қасиетке ие", – деді эпидемиолог.
Сәкен Әміреевтің айтуынша, инфектологияда әсіресе "ерекше қауіпті" қоздырғыш ретінде жаңа штамның пайда болуы медицинаға әрдайым қиындықтар туғызады және эпидемиологиялық жағдайды одан да қарқынды нашарлатуы мүмкін. Себебі, жаңа патогенге әлі қорғаныс иммунитеті дамымаған. Яғни, біздің иммундық жүйе антиденелердің қажетті деңгейін шығарып үлгермейді.
Оқи отырыңыз: "Спутник V" вакцинасы туралы не білеміз?
Карантин шараларын жеңілдетуге бола ма?
Елімізде карантиндік шектеу шараларының арқасында ауруға шалдығу қарқынын біршама төмендету мүмкін болды. Дегенмен, аталған шаралар жеңілдетілгеннен кейін вирусты жұқтыру көрсеткіші қайта өрши бастады. Сәкен Әміреевтің пікірінше, бұл карантин режимін жеңілдету туралы шешімдердің мерзімінен бұрын қабылданғанының салдары. Профессор қазір әлемде індеттің жаңа түрлері тарап жатқанына байланысты шектеу шараларын бұзғандарды қатаң жазалауды жалғастыру керектігін айтты. Әрі ол шетелге саяхаттауды ойлап жүргендерге, жоспарларын кейінге шегеруге кеңес берді.
"Шетелден келген туристердің, отандастарымыздың коронавирус бар-жоғын тексеретін тесттен өтпейінше еркін жүруіне жол берілмеуі тиіс. Қазір Қазақстанда және көрші елдерде ахуалдың тұрақталғаны байқалады. Алайда, бұл ешқандай қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Карантин шараларын сәл жеңілдетсе, бірден жағдай ушығып кетеді. Сондықтан босаңсуға болмайды. Коронавирусқа қатысты айта кетер тағы бір жайт, адамдардың 70 пайызы оның симптомсыз түрін бастан кешіреді. Осыған байланысты көпшілік симптомсыз өткені жақсы деп ойлайды. Жақсы ештеңесі жоқ. Бұл адамдар өзгелерге жұқтырады. Олардың өздері ауырмағанымен коронавирусқа шалдыққандарға қарағанда әлдеқайда қауіпті", – деді Сәкен Әміреев.
Оның түсіндіруінше, коронавирустың симптомды түрімен ауырған адамдар оқшауланып, емделеді. Ал вирустың симптомсыз түрін жұқтырғандар тест жасатпастан емін-еркін жүре береді. Сол арқылы ол айласындағы дені сау адамдарға вирус жұқтырады.
"Тағы да қайталап айтамын, карантиндік шараларды қатаң сақтаған жөн. Әйтпесе, бұрын коронавирус жұқтырып ауырған адам қалыпқа келіп үлгермейді. Covid-19 вирусына шалдыққан адам әлсіз болады, сондықтан ауруды қайтадан жұқтырып алу қаупі жоғары. Әрине бұрын сырқаттанғандарда антидене болады, бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан барынша сақтаған жөн. Бұл инфекцияның таралуын тежеудің жалғыз әдісі – қатаң карантиндік шаралармен бірге жалпы вакцинация", – деді ол.