Тікелей эфир

1 ақпаннан жаппай вакцинациялау басталады. Жаңарған Үкіметтің алғашқы отырысы

Фото primeminister.kz сайтынан алынды
Фото primeminister.kz сайтынан алынды
Кеше президенттің жарлығымен үкіметтің жаңа құрамы бекітілді. Үкіметтің екі мүшесі жаңадан тағайындалды.

"Үкімет құрылымында өзгерістер бар. Мұхтар Тілеудерді Премьер-Министрдің орыбасары – Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Үкіметтің екі мүшесі жаңадан тағайындалды. Ол Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов. Олар өздеріне жүктелген маңызды міндетті жауапкершілікпен атқарады деп сенеміз. Жаңадан тағайындалған министрлерден ант қабылдауын сұраймын", – деді отырысты ашқан Премьер-Министр Асқар Мамин.

 Сонымен, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов пен Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ант берді.

"Қазақстан Республикасының халқы мен Президенті алдында өз Отаным Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің іс әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін!" – деді бүгін министр лауазымына алғаш кіріскен ведомство басшылары.

Айта кетсек, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін Біржан Нұрымбетов басқарды. Ал Серік Шәпкенов 2020 жылдың маусым айынан бері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарып келген еді.

Ал ұлттық экономика министрі болған Әсет Ерғалиев – үкімет мүшелерінің арасындағы ең жасы. Ол 34 жасында министрлік тізгінін қолына алды. Ерғалиев бұл қызметте Руслан Дәленовті алмастырды.

Асқар Мамин жаңа жасақталған Үкімет әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарына баса назар аудару керек екендігін айтты. 

"Парламент әрбір Үкімет мүшесін мақұлдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлықтарға қол қойды. Бұл - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы және Парламенттің жоғары сенім білдіруі. Біз оны үлкен жауапкершілікпен ақтап, "Nur Otan" партиясының  "Өзгерістер жолы. Әр азаматқа лайықты өмір" атты сайлауалды бағдарламасын және біздің алдымызға қойған барлық міндеттерді сапалы орындауымыз керек", – деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр экономиканы қарқынды дамыту арқылы халықтың өмір сүру сапасын, әл-ауқатын жақсартуға және табысын арттыруға, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құруға жағдай жасалатындығын баса айтты.

"Сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарына баса назар аудару керек. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, инвестициялар тартуға, жаңа технологиялар және экспортты дамытуға бағытталған нақты шараларды жүзеге асыру қажет. Осыған орай еліміздің одан ары әлеуметтік-экономикалық даму жолында барлық күш-жігерімізді салып, нақты нәтижелі, сапалы әрі тиімді жұмыс атқаруымыз керек", – деді Мамин.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы инфекциялық ауруханалар мен бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарындағы жеке қорғаныш құралдары мен коронавирусқа қарсы дәрілердің қорына ревизия жүргізуді тапсырды. Эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, өңірлердегі жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Осыған байланысты мынадай тапсырма берді:

  1.  Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге медицина ұйымдарының 1 ақпаннан бастап халықты жаппай вакциналауды бастауға дайын болуын қамтамасыз етсін. Егу пункттерінде вакцинаны сақтауға арналған қажетті жабдық болуы тиіс. Сонымен бірге медицина қызметкерлерін оқыту қажет. Бір апта мерзімде егу пункттерінің әзірлігін және вакцинамен тұрақты қамтамасыз ету мәселелерін шешуді;
  2. Үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне эпидемиологиялық жағдай нашарлайтын болса, шектеу шараларын қабылдауды, халық пен бизнес субъектілерінің белгіленген санитариялық нормаларын қатаң сақтауын қамтамасыз етуді тапсырды.

"Сонымен қатар бір апта мерзімде инфекциялық ауруханалар мен бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарындағы жеке қорғаныш құралдары мен коронавирусқа қарсы дәрілердің қорына ревизия жүргізсін. Үшінші. Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірге мониторинг топтарының жұмысын күшейтсін. Ақпарат министрлігімен бірге түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Өңірлерде бақылау мен санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуы қамтамасыз етілсін. Ералы Лұқпанұлы, жалпы бақылау сізде", – деді Асқар Мамин орынбасары Ералы Тоғжановқа қарата.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары