Кез келген ауруға шалдыққанда адам көп жағдайда тәбетін жоғалтады. Тәбет болмағанда тамақпен бірге ағзаға түсетін дәрумендер мен минералдар азаяды. Коронавирус жұқтырған адамның да иммунитеті әлсіреп, бірама күш жоғалтады. Медицина докторы, нутрициолог, Medsupport.kz волонтері Дария Абзулинова коронавируспен ауырғаннан кейін иммунитетті қалпына келтіру үшін дәрумендер мен минералдарды қайдан алуға болатынын айтып берді.

Иммунитет жақсы жұмыс істеуі үшін А, D, Е, С дәрумендері, мырыш, селен, мыс, магний сияқты минералдар, про- және пребиотиктер қажет екені дәлелденген. Нутрициолог витамин-минералды кешендері бар дәрі-дәрмектерді сатып алуға асықпауды, қажетті микроэлементтер мен дәрумендерді тамақтан алуға болатынын айтады. Күнделікті рацион, ұйқы режимі, физикалық жаттығу да – берік иммунитеттің тірегі.

Пайдалы дәрумендерді қандай өнімдерден алуға болады?

А дәрумені: сәбіз, ақжелкен, сиыр бауыры.

D дәрумені: арқан балық/скумбрия, консервіленген тунец, нәлім бауыры + күн сәулесі. Кейбір шетелдік дереккөздердің айтуынша, Covid-19 диагнозы расталған науқастардың көбінде D дәруменінің жетіспеушілігі байқалады. Дегенмен, оның дозасын дәрігер есептеуі керек.

Е дәрумені: кез келген жаңғақ, күнбағыс дәндері, қырыққабат.

С дәрумені: итмұрын, тәтті бұрыш, қарақат.

Мырыш: тауық, сиыр, қой еті немесе шошқа бауыры, күнбағыс дәндері.

Селен: тауық, сиыр еті немесе шошқа бауыры, жұмыртқа, жүгері.

Мыс: тауық, сиыр еті немесе шошқа бауыры, кез келген жаңғақ, бұрыш.

Магний: кез келген жаңғақ, қарақұмық, асқабақ тұқымы.

Пробиотиктер – ішек микробиотасын жақсартататын микроағзалар. Пребиотиктер (тағамдық талшық) – ішек микробиотасына арналған тағам. Сау микробиота – мықты иммунитет. Өкінішке қарай, антибиотиктердің көпшілігі патогендік бактерияларға ғана емес, дененің микробиомасын анықтайтын пайдалы бактерияларға да әсер етеді.

Пробиотикалық өнімдер: қышқыл сүт өнімдері, ашытылған қырыққабат, тұздалған қияр.

Пребиотикалық өнімдер: барлық көкөністер мен жемістер, сұлы, қарақұмық, арпа.

Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?

Дәрумендер мен минералдарды толықтыру үшін не істеу керек?

  1. Жоғарыда аталған тағамдарды ас мәзіріне қосыңыз.
  2. Қант қосылған тағамдардың қолданылуын шектеңіз. Оның мөлшері күніне 6 шай қасықтан аспауы керек.
  3. Әрдайым тамақтану кезінде дастарханға көкөністерге толы табақты қойыңыз.
  4. Кемпірқосақ принципін қолданыңыз: көкөніс табағында кемпірқосақтың барлық түсі болуы керек. Осылайша ағза бір уақытта барлық мультидәрумендер мен минералдарды алады.
  5. Күндізгі сағат 11.00-ге дейін немесе күн сәулесі азайған кезде, яғни шамамен 16.00-ден кейін далада күн астында болуға тырысыңыз. D дәрумені жетіспесе, оны дәрумен түрінде қосымша қабылдаңыз.