Жемқорлық фактілерін хабарлап, сыйақы алғандар заңмен қорғалады – Антикор
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров елде жемқорлық туралы хабарлағандардың қандай тәртіппен және қандай көлемде сыйақы алатынын түсіндірді. Жемқорлық туралы хабарлағандарға берілетін сыйақы мөлшері өскелі 1424 call-орталығына жүгінетіндер саны артқан. Белсенді азаматтар арасында 15 миллион теңгеге дейін сыйақы алғандар бар.
Жемқорлық туралы хабарлағандарға сыйақы қандай тәртіппен беріледі
"Заң жобасына өзгерістер енгізілгелі Қазақстанда сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған азаматтарға зиян келген соманың немесе параның 10 пайызы беріледі. Яғни, азамат 100 миллион теңге көлеміндегі жемқорлық туралы хабарласа, онда 10 миллион теңге көлемінде сыйақы алады. Мысалы, былтыр 2023 жылы Атырау облысында азамат осы облыс әкімінің бұрынғы орынбасары туралы хабар беріп, 12,2 миллион теңге сыйақы алды. Сондай-ақ, жуырда Астана қаласында жемқорлық туралы хабарлаған екі азаматтың бірі 4,4 миллион теңге, екіншісі 3 миллион теңге көлемінде сыйақы алды. Олардың бірі квазимемлекеттік секторға жұмысқа орналастыру үшін лауазымды тұлғаларға пара беруге итермелеу фактісі туралы хабарлады. Екінші азамат полиция қызметкеріне пара беруге итермелеу туралы айтты", – деп түсіндірді агенттіктің ресми өкілі Данияр Биғайдаров.
Оқи отырыңыз: Биыл жемқорлық туралы хабарлаған 76 қазақстандық 29 млн теңге сыйақы алды
Ары қарай агенттік өкілі кейде жалған хабарламалар болуы мүмкін екенін айтты. Бірақ олардың саны көп емес. Пара берді немесе алды деп жала жапқан жандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
"Азаматтардың жалған хабар беретін кездері аз, десе де бар. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 419-бабына сәйкес, мұндай жағдайларда азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылады және ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Яғни барынша қатаң жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, ірі сыбайлас жемқорлық қылмыс деп хабарлап, кейін тексеріс басталып, жемқорлық фактісі анықталмай, нәтижесінде мұның басқа бір кек алу секілді себептерге бола жасалғаны анықталса, онда жауапкершілікке тартылады", – деді агенттік өкілі.
Данияр Биғайдаровтың айтуынша, дәл қазір тиісті сall-орталыққа жемқорлық туралы хабарлағандар саны артып келеді. Осы орайда ол сыбайлас жемқорлық туралы хабар берген қазақстандықтарға қанша көлемде сыйақы берілетіні туралы айтты.
"Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандарға сыйақы беру – халықаралық тәжірибе. Қазір қылмыстың бұл түрі туралы хабар беріп жатқан азаматтар саны артып келеді. Тиісті заң жобасының қабылдануына өзім де тікелей атсалысқан болатынмын. Аталған заң жобасына сәйкес, егер жемқорлықтан келген салдар 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын болса, онда сыйақы көлемі 10 пайыз болады. Ал арадағы сома 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін болса, онда сыйақының көлемі қылмыстың қаншалықты ауыр екенімен байланысты. Егер аса ауыр қылмыс болса, онда сыйақы 100 айлық есептік көрсеткіш түрінде, ал ауыр қылмыс болса, 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болады. Жалпы сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандардың 15 миллион теңгеге дейін алу мүмкіндігі бар", – деп түсіндірді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы жемқорлық дерегін хабарлаған адам 13,8 млн теңге сыйақы алады
Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандарды кім қорғайды
Биыл сыбайлас жемқорлыққа қатысты хабарламаларды қабылдайтын call-орталыққа 20 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Олардың 572-сі жемқорлыққа тікелей қатысты. Сондай-ақ жемқорлық тақырыбына байланысты төрт жарым мыңнан астам қоңырау өңделген.
"Біз тек бақылау, мониторинг жүргізумен айналыспаймыз. 1424 call-орталығының аптасына жеті күн, жиырма төрт сағат жұмыс істейтінін еске салғым келеді. Келіп түскен хабарламаларға бірден жауап беріліп, тәуліктегі қай уақыт екеніне қарамастан, тиісті жедел шаралар қабылданады. Мұнымен қатар, 2023 жылғы қаңтардан бастап сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды қорғау күшейтілгенін хабарлағым келеді. Мысалы, жемқорлық туралы хабар берген мемлекеттік қызметкерді үш жылға дейін қызметінен босатуға, тәртіптік жауапкершілікке тартуға немесе басқа қызметке ауыстыруға ешкімнің құқығы жоқ. Мұндай процеске міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің қатысуымен өтеді. Ал егер мемлекеттік қызметкерді жұмыстан шығарып жіберген болса, онда ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жүгіне алады. Мұндай бұйрықты арнайы құрылған комиссия қарайды және бұл комиссияның құрамына сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкері міндетті түрде кіреді. Сол кезде ғана шешім заңды болып саналады", – деп қосты Данияр Биғайдаров.
Мұнымен қатар, сыбайлас жемқорлық туралы агенттікке хабарлаған азаматтардың аты-жөні және қашан, қай уақытта хабар бергені еш жерде айтылмайды. Данияр Биғайдаровтың айтуынша, бұл бірінші кезекте физикалық күш көрсету болмауы үшін жасалады.
"Хабар берген азаматтың өміріне еш қауіп төнбеуі үшін және жұмысында ешкім моральдық қысым жасамауы үшін құпиялылық қағидасын ұстанамыз. Бұған дейін хабарлаған азаматтың кім екені ашық айтылған фактілер болды. Қазір азаматтың атын атап, түсін түстеуге қылмыстық жауапкершілік бар. Білуімше, биыл мұндай заң бұзушылық тіркелмеді", – деді агенттік өкілі.
Оқи отырыңыз:
- ТМД елдері қашқын жемқорларды бір-біріне ұстап беруді міндеттейтін келісімге келді
- Қытай сыбайлас жемқорлықпен қалай күресті?
Данияр Биғайдаров бастапқыда сыйақы мөлшерінің аз болғанын еске салды. Айтуынша, сома аз болса, бұл жемқорлық туралы хабарлағысы келетіндерге ешқандай мотивация бола алмайды. Бастапқыда бұл сома 348 мың теңге болған. Осы орайда ол азаматтарды белсенді түрде жемқорлықпен күресуге шақырды.
"Әрине, мотивация мықты болмаса, құқық бұзу туралы хабарлайтындардың да саны аз болады. Ал қазір сыйақы сомасы көтерілгендіктен, қуана хабарлайтындардың қарасы көбейгенін көріп отырмыз. Біз мұны халықаралық тәжірибені ескере отырып енгіздік. Кез келген мемлекеттік орган ғана емес, еліміздегі әрбір азамат сыбайлас жемқорлықпен күресуге белсенді түрде атсалысуы қажет. Біз жемқорлыққа мүлдем төзбеген кезде ғана әділетті қоғамға қол жеткізе аламыз. Ал жемқорлықтың жоқтығы азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін болады", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров.