Жасанды интеллект адамзатқа қауіп төндіре ме
ChatGPT пайда болғалы жасанды интеллект көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Чат-бот көмегімен әп сәтте мақала, дипломдық жұмыс жазуға болады. Ол адамның орнына есеп шешіп, код жазып, тестке жауап береді. Өзі бірнеше тілде еркін сөйлейді. Одан бөлек сурет салатын, видео жасайтын, видеодағы адамды кез келген тілде сөйлетіп беретін сервистер бар. Жасанды интеллект
Осы орайда Информбюро порталы жасанды интеллект тарихын, оның қалай жұмыс істейтінің және адамзатқа қатері бар ма, әлде жоқ па деген сұрақтарға жауап береді.
Жасанды интеллект қалай пайда болды?
XIX ғасырдың жартысынан бері ғалымдар адамның санасы сияқты әртүрлі функцияларды басқара алатын күрделі механизмді жасанды жолмен жасауға тырысып келеді. Әзірге адам санасының аналогы жасала қоймаса да, ғылымда "жасанды интеллект" деген термин пайда болды.
1956 жылы Джон Маккарти есімді америкалық бағдарламашы АҚШ-тың Дартмут колледжінде өткен ғылыми конференцияда "жасанды интеллект" сөзін алғаш рет қолданып, осы терминнің авторы атанды. Ол компьютерлік бағдарламалаудағы ең алғашқы тілдердің бірі Лисптің негізін салған. Джон Маккарти зейнетке шыққанда жасанды интеллектінің дамуына қосқан үлесі үшін Тюринг сыйлығына ие болды. Маккартиді жасанды интеллектің "атасы" деп те атайды.
Алайда жасанды интеллект Джон Маккартиге дейін де қолданылған. Тек бұл терминмен аталмаған. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ағылшын математигі Алан Тюринг немістің құпия ақпаратын бұзып, оны шифрдан шығаратын машина құрастырады. Ол немістердің Энигма аппаратының кодын бұзып, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалады. Соғыстан кейін Тюринг алгоритмді талдаумен айналысып, 1950 жылы компьютер интеллектінің деңгейін анықтайтын тест әдісін жасап шығарады. Тюринг тесті күнге дейін қолданылады.
Аналитикалық есептеу машинасын құрастырған ағылшын математигі Чарлз Бэббидж тарихта "компьютер атасы" деп қалса да, жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін алғашқы компьютерді Алан Тюринг құрастырған.
1960 жылдары жасанды интеллект зерттеушілері қарапайым алгоритмдер мен ережелер негізінде жұмыс істейтін алғашқы бағдарламаларды жасап шығарды. Мысалы, 1965 жылы ғалым Джозеф Вейценбаум ELIZA деп аталатын, адамның сөздерін қайталау арқылы онымен диалог жүргізетін бағдарлама жасады. Одан кейін зерттеушілер қиындықтарға тап болып, көптеген жоба тоқтап қалды. 1990 жылдары машиналық оқыту мен нейрондық желілердің алғашқы модельдері зерттеле бастады. 1997 жылы IBM компаниясының Deep Blue компьютері әлемдік шахмат чемпионы Гарри Каспаровты жеңіп, жасанды интеллект алға шықты.
XIX ғасырда жасанды интеллект қарыштап дамыды. 2000 жылдары есептеу техникасы мен деректер қолжетімді бола түсті. Бұл жасанды интеллектің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті.
2010-жылдары терең нейрондық желілер мен үлкен деректер технологиялары кеңінен қолданылып, жасанды интеллект жаңа мүмкіндіктерге ие болды. 2012 жылы Google Brain командасы бейнелерден мысықтарды анықтайтын терең оқыту моделін жасап шығарды. Сонымен қатар, осы жылдары NLP (табиғи тілді өңдеу) саласы да қарқынды дамып, чат-боттар, машиналық аударма және виртуалды ассистенттер пайда болды.
2020 жылдан бастап ChatGPT, GPT-3, GPT-4 сияқты ірі нейрондық желілер пайда болып, жасанды интеллект жаңа деңгейге шықты. ChatGPT арқылы жасанды интеллектпен хат жазысып, кез келген сұрақ қоюға немесе тапсырма беруге болады. Осылайша жасанды интеллект барлық салада белсенді қолданыла бастады.
Жасанды интеллект қалай жұмыс істейді?
Жасанды интеллект алгоритмдері адамның оқу, ойлау, шешім қабылдау және тілдік өңдеу сияқты қабілеттерін қайталауға тырысады. Оның негізгі үш түрі бар:
- Белгілі бір нақты тапсырмаларды орындау үшін құрастырылған жүйелер. Мысалы, Siri, Google Assistant секілді виртуалды ассистентер және адамның бетін тану технологиялары;
- Адамның міндеттерін орындай алатын және түрлі салаларда жұмыс істеуге қабілетті жүйе, десе де бұл деңгейге қазіргі технологиялар әлі жетпеді;
- Адам қабілетінен асып түсетін суперинтеллект. Ғалымдардың айтуынша, мұндай жасанды интеллект дамыса, ғылым, медицина, технология салаларында үлкен жетістіктерге жетуге болады. Алайда суперинтеллектің қауіп-қатері де жоқ емес.
Жасанды интеллекттің негізгі үш бағыты:
- Машиналық оқыту (Machine Learning) – машиналар үлкен көлемдегі деректерді талдап, адам көмегінсіз белгілі бір шешімдерге келе алады;
- Табиғи тілді өңдеу (Natural Language Processing) – компьютерлер адам тілін түсініп, жауап береді. Бұл бағытқа аударма қызметтері, чат-боттар, дауыс көмекшілері жатады;
- Компьютерлік көру (Computer Vision) – суреттерді, бейнелерді тануға және өңдеуге қабілетті жасанды интеллект. Мұндай жүйелер медициналық диагностикалау, қауіпсіздік және көлік саласында кеңінен қолданылады.
Жасанды интеллект алгоритмдері үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істейді. Бұл деректер неғұрлым сапалы және сандық тұрғыдан мол болса, алгоритм соғұрлым дәл нәтижелер бере алады. Деректер мәтін, сурет, дыбыс және сандық көрсеткіш түрінде болуы мүмкін.
Жиналған деректер алдымен тазаланып, өңделеді. Себебі деректерде қателер, бос ұяшықтар немесе сәйкес келмейтін форматтар болуы мүмкін. Өңдеу өте маңызды, өйткені деректер дұрыс болмаса алгоритмнің жұмысына кері әсер етуі мүмкін.
Содан кейін мақсатқа сай модель таңдалады. Мысалы: деректер арасындағы байланысты анықтау, мәліметтерді санаттарға бөлу, күрделі мәселелерді шешу, алгоритмді үйрету. Үйретілген модельді тексеру үшін жаңа деректер пайдаланылады. Бұл кезеңде алгоритмнің бұрын көрмеген деректерге қаншалық жауап бере алатыны тексеріледі. Егер алгоритм нәтижелерінің дәлдігі жоғары болса, оны пайдалануға дайын деп есептеуге болады.
Дайын модель нақты тапсырмаларды орындау үшін қолданылады. Мысалы, бейнебақылау камералары арқылы адамды тану, мәтіндерді аудару немесе ауруларды диагностикалау. Деректер өзгеріп не жаңарып отыратындықтан алгоритм де үнемі жетілдіріліп отырады.
ChatGPT адам еңбегін алмастыра ала ма?
ChatGPT – американдық коммерциялық емес OpenAl компаниясының 2022 жылдың қараша айында таныстырған нейрондық желісі. Ол арқылы жасанды интеллектпен хат жазысып, кез келген сұрақ қоюға немесе тапсырма беруге болады. Бүгінде ChatGPT-4 жүйесі қолданылады. Ол алдыңғы нұсқаларға қарағанда айтарлықтай жетілдірілген. Бұл чат-бот көлемді деректермен жұмыс істеп үйретілген және автотолтыру сияқты келесі сөздің қандай болатынын болжай алады, бірақ масштабы одан да үлкен.
Чат-бот қолданушының нұсқауларын дәлірек орындауы және жауаптарды генерациялау үшін оған "Адамның кері байланысымен оқытуды күшейту" (RLHF) деңгейі қолданылған. Соның арқасында ChatGPT жауаптарының стилі тірі адамның жауаптарына өте ұқсас.
ChatGPT жұмыс істеу үшін "Transformer" деп аталатын нейрондық желіні пайдаланады. Ол үлкен көлемдегі мәтіндерді талдап, сөздер мен сөйлемдер арасындағы қатынастарды үйренеді. ChatGPT-дің қазіргі нұсқасы мәтіндерді талдау мен жауаптарды құрастыру үшін триллиондаған параметрлерді қолданады. Осы параметрлерді өңдеу арқылы модель сөздердің мәнін, мәтін құрылымын және мәтіндегі мағынаны дұрыс анықтауға тырысады.
Chat GPT түрлі сұрақтарға жауап бере алады және кеңес береді. Ол эссе, өлең, ән, сценарий, хатқа жауап, тамақ рецептін жаза алады, оқу бағдарламасын құрастыра алады, бизнес жоспар жазып, күнді жоспарлауға көмектеседі, жылдың негізгі оқиғалары туралы айта алады, іздеген суретті тауып береді, бағдарлама кодын жаза алады немесе кодтағы қателерді табуға көмектеседі.
Оқи отырыңыз: Илон Маск: 2028 жылға қарай жасанды интеллект адам қолынан келетін дүниелерді түгел үйренеді
Сонымен қатар, ол түрлі математикалық мысалдар мен теңдеулерді, физика және химия бойынша тапсырмаларды шығару жолын түсіндіре отырып, шешеді.
Алайда құрастырушылардың өзі ChatGPT-дің жауабы кейде қате болуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан, чат-бот ұсынған мәліметті тексеріп алыңыз.
ChatGPT чат-боты диалог түрінде жұмыс істейді. Интерфейсі мүмкіндігінше қарапайым, кәдімгі мессенджерлерге ұқсас. Чатта әртүрлі тілде жазуға болады.
AI Engineer & Data Science бойынша тренер Артём Рычко чат-боттар адамды толығымен алмастыра алмайды дейді.
"ChatGPT-дің қазіргі нұсқасы адамдарды алмастырмайды, бұл сөзсіз. Тарих көрсеткендей, уақыт өте келе адамдар істейтін кей жұмыстарды технологиялар атқара бастайды, бірақ бұл жерде ешқандай қауіп жоқ. Ол Google немесе Microsoft Word сияқты жұмысымызды жақсырақ әрі жылдам орындауға көмектесетін құрал ғана. Мысалы, мен ChatGPT-дің арқасында жұмысымның бірнеше сағатын үнемдедім", – деп түсіндірді Артём Рычко.
Дегенмен, Sortlist Data Hub жүргізген зерттеу миллениалдардың 43 пайызы чат-боттардың кесірінен жұмыстан айырылып қалуы мүмікін екеніне алаңдайтынын көрсетті. Дегенмен, Chat GPT-дің өзі: "Жасанды интеллект адамды толықтай алмастыра алмайды. Қайталанатын істерді адамға қарағанда тезірек және нақтырақ жасауы мүмкін, бірақ адамдағы шығармашылық, интуиция мен әлеуметтік дағдыларды ауыстыра алмайды", – деді.
Жасанды интеллект адамзатқа қауіпті ме?
Киборг-әскерлер мен ақылды әскери-дрондардан бөлек, жасанды интеллект адам баласының жұмыссыз қалуына да себепші болуы мүмкін. Мысалы, 2014 жылы америкалық миллиардер Джефф Безос Amazon.com компаниясының жүк тасымалдайтын мыңдаған қызметкерін жұмыстан босатып, оларды роботтармен алмастырды.
Футуролог Митио Каку пайымдауды, сыни ойлауды және сараптамалық шешімдерді талап ететін мамандықтарға жасанды интеллектіге ие роботтар тарапынан қауіп төніп тұрған жоқ екенін айтқан еді.
"Жасанды интеллект – әлемдегі жаңа төңкеріс алып келетін сала. Оның қамтымаған секторы жоқ. Осыдан он жыл бұрын адам күшін қажет ететін жұмыстарға бүгінде робот күші жегілді. Әзірге роботтың мүмкіндігі пайымдау және сыни ойлау мүмкіндігіне ие емес. Жасанды интеллектіге ие роботтар адам орнына жұмыс істеуі қауіпті емес. Есесіне адам баласы шығармашылықпен айналысуға көп көңіл бөледі. Болашақта жұмыс сағаты 8-ден 4-ке дейін қысқарып, бір қызметкердің орнына екі маманды жалдау қарастырылады", – дейді футуролог.
Алайда футуролог Митио Каку жасанды интеллект адам секілді шешім қабылдай алатын болса, онда адамзатқа қауіп төнуі мүмкін екенін айтып отыр.
"Жүз жылда адамнан айырмасы жоқ роботтар пайда болады деп ойлаймын. Оған дейін біз олардың өз көзқарасы, пікірі қалыптаспауы үшін қолдан келгенді жасауымыз керек. Әйтпесе олар өз бетімен ойланып, адамдарға шабуылдауы мүмкін. Адамға қарсы әрекет ететін ой туындаса оларды өшіре алатындай миына чип орнатуымыз керек. Бірақ жасанды интеллект мұндай деңгейге жетемін дегенше әлі талай уақыт бар. Оған дейін кімді және қайда болса да өлтіруге қауқарлы дрондар қауіп туғызуы мүмкін", – дейді Митио Каку.
McKinsey&Company жасаған болжамға сенсек, 2030 жылға қарай 800 миллион адам жасанды интеллектінің кесірінен жұмысынан айрылуы мүмкін. Алдағы он жылдағы адам санының өсуін ескерсек, бұл жақын болашақтың басты мәселелерінің біріне айналуға жақын.
Қазіргі таңда әлемдегі беделді ғалымдар жасанды интеллектінің дамуына екі түрлі көзқараспен қарайды. Бір тобы жасанды интеллект адам баласына еш қауіп төндірмейді деп сенсе, екінші тобы адамзаттың түбіне жететін жасанды интеллектке ие роботтар деп санайды.
Адам баласы жасанды интеллект дамуының қай кезеңінде?
Аз уақытта адамзат әмбебап жасанды интеллектінің 7 кезеңінің 5-іншісіне жетіті. Жасанды интеллектінің кезеңдері:
- Ережеге негізделген жүйелер (Rule Based Systems) – адам баласының жұмысын жеңілдетуге негізделген автоматты алгоритмдер. Оларға жүргізушісіз қозғалатын көліктер мен қашықтан басқарылатын ғарыштың жасанды серіктері жатады.
- Контекстіні анықтау және сақтау (Context Awareness and Retention) – белгілі бір салаға қатысты ақпарат қорын жинап, оны бейімделген әдістер бойынша сұрыптап отыратын алгоритмдер. Оларға онлайн қызмет көрсету платформаларындағы чатботтар мен қор нарығында сізге қай құнды қағазды сатып алуға кеңес беретін софт кеңесшілер жатады.
- Проблеманы шешуге қауқарлы сарапшы (Domain Specific Expertise) – сарапшы мамандар шешімінен де тиімді ұсыныс жасай алатын алгоритмдер. Әдетте, оларда белгілі бір проблеманы шешуге қажет ақпарат қоры болады. Жасанды интеллект дамуының бұл кезеңіне науқасқа диагноз жасай алатын IBM корпорациясының Watson роботы мен Google құрамындағы Deepmind компаниясының Go үстел ойынын ойнайтын AlphaGo компьютерлік бағдарламасын жатқызуға болады.
- Пайымдай алатын машиналар (Reasoning Machines) – "сана теориясын" игерген алгоритмдер. Бұл кезеңдегі бағдарламалар адам сияқты ойлай алады. Сонымен қатар, сену, үйрену және өзін-өзі ынталандыру қабілеттері де бар. Бұл кезеңдегі инновациялық өнімдерге Facebook компаниясының боттарын жатқызуға болады (2017 жылы Facebook платформасындағы боттар бір-бірімен бұрын соңды белгісіз болған жасанды тілде ақпарат алмасты).
- Өзін-өзі танитын жүйе / Жалпы жасанды интеллект (Self Aware Systems / Artificial General Intelligence or AGI) – адамның ми құрылымына ең жақын жүйе алгоритмі.
- Жасанды суперинтеллект (Artificial SuperIntelligence or ASI) – әлемдегі кез келген мәселені шеше алатын әмбебап алгоритмдер.
- Бірегейлік пен үстемдік (Singularity and Transcendence) – адамдардың ойша бір-бірімен ақпарат алмасуына мүмкіндік жасайтын алгоритмдер. Бұл кезеңде адамдар аузын ашып сөйлеуді де қажет етпейді. Сонымен қатар, адам баласы жануарлар және өсімдіктермен коммуникация жолын тауып, экзоғаламшарларға қысқа уақытта саяхат жасау мүмкіндігіне ие болады.