Жаназа ма, той ма? Марқұмның қолданған бұйымдарын жұртқа тарату қайдан шыққан?
Ақтөбе облысында 84 жасында дүниеден озған әжейдің жаназасында шашу шашып, жиналған қауымға сый таратқан сәт таспаланған видео әлеуметтік желіде талқыға түсті. Марқұмның қолданған киім-кешегі мен әшекей бұйымдары, көзі тірісінде сандыққа жинап кеткен кәдесыйлары жаназаға келген адамдарға үлестірілген. Бұл жоралғы жайлы адамдардың пікірі екіге жарылды: бірі "өлімді бұлай тойға айналдыру дұрыс емес" десе, енді бірі "тәбәрік тарату" бұрыннан бар жоралғы екенін айтып отыр.
Осы орайда Информбюро тілшісі қазақтың салт-дәстүрінде "тәбәрік тарату" жоралғысы қалай жасалғаны туралы этнографтардан сұрап білді. Оған қоса ҚМДБ ұстанымын анықтап, ислам дінінде "тәбәрік таратуға" қандай жағдайда рұқсат етілген деген сұраққа жауап іздеді.
"Тәбәрік тарату – қазақтың салт-дәстүрінің бірі де, бірегейі"
Этнограф, қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп жүрген шеберлердің бірі Бұлбұл Кәпқызы дүниеден өткен адамның артынан сол кісінің иман байлығы ұрпағына тарасын деген ниетпен қазақта тиын, ақша шашқанын, ал видеодағыдай тәтті шашу артық екенін айтып отыр.
"Жетпістен өткеннен кейін қайтқан адамды "пайғамбар жасына жетті, асарын асады, жасарын жасады" деп жыртыс жыртқан. Жыртысты мақпал, тоқаба, пүліш, таң барқыт секілді қымбат, бағалы, сондай өте таза матадан таратады. Сол матадан бала-шағасына бірдеңе жасап берсін, бешпетінің өңірі болса да, әйел адамдардың өңіршесі болса да сондай дүниелерді жасап кисін деген. Бұл көпшілікке тарататын дүние – дүниеден өткен кісінің тәбәрігі. Осынша жас жасады, өмірдің ащысы мен тұщысын көрді. Осынша жасқа келіп, ақ өліммен о дүниеге аттанып жатқан соң ұрпағына дәл сондай жақсы өмір бұйырсын деп сенеді. Қазақта кейуананың сандығын ашу салты бар. Ішінен шыққан дүниелерді ұрпағына, ауыл-аймақ адамдарына таратады", – деді этнограф.
Бұлбұл Кәпқызы жетпістен асқан кісі өмірден қайтса, оның он екі ата-бабасына шапан жапқанын айта кетті. Марқұмның иман байлығын берсін деп таныса да, танымаса да әр рудың бір өкіліне шапан жабу жоралғысы болған. Мұның артында дүниеден өткен кісінің даңқы он екі рулы елге тарады деген ой жатыр.
"Пайғамбар жасынан асып қайтыс болған адамның артынан тәбәрік ету бұрыннан бар дүние. Бұл кісінің арты той болсын дейді, өйткені ақ өлім, үлкен жасқа келіп қайтыс болу көп адамға бұйыра бермейді. Сондықтан тәбәрік таратқан дұрыс, бірақ шашу шашу ыңғайсыз. Басқасының бәрі дұрыс. Бірақ дарақыланып, елден асып кетпеу керек. Ысырап болмауы керек. Ағайын-туысы тәбәрікті мұқтаж жандарға беруі керек. Қазақ мұның өзі садақа деп санаған. Қазақ "өлі разы болмай, тірі байымайды" дейді. Марқұмның артында қалған дүниесін таратып, көпшіліктің ризашылығына бөлену – дүниеден өткен адамға жасап жатқан сауап, садақа, жақсылық. Қазақ халқы өмірден өткен адамның атын айтып, сол кісінің садақасына арнап тал еккен, мұтаж жандарға тамақ таратқан. Оны біз ешқашан тоқтата алмаймыз. Бұл – қазақтың салт-дәстүрінің бірі де, бірегейі", – деді Бұлбұл Кәпқызы.
Оқи отырыңыз: Димаштың анасы: Діни көзқарасқа байланысты ұлттық салт-дәстүрден ажырап бара жатқанымыз алаңдатады
"Тәбәрік" тек өлімге қатысты ұғым емес"
ҚР Ұлттық орталық музей қызметкері, этограф-тарихшы Оралбек Кәрімнің сөзінше, қазақ халқының салт-дәстүрінде марқұмның артынан "тәбәрік тарату" – өте көне ғұрыптардың бірі.
"Мұны өлімді тойға айналдыру деп емес, керісінше, дүниеден өткен адамның көзіндей болған затын елге үлестіру, артында қалған жұрттың сауап пен естелік ниеті деп түсінген дұрыс. Әсіресе, жасы үлкен, елге сыйлы аналар мен ақсақалдардың киім-кешегі, тұтынған бұйымдары "тәбәрік" ретінде берілген. Этнографиялық деректерде қазақ арасында марқұмның шапаны, тақиясы, ер-тұрманы, қамшысы, тіпті кей жағдайда мінген атына дейін жақын адамдары немесе жолын қуатын ұрпағына берілетін дәстүр болғаны айтылады. Мұндағы негізгі түсінік "жақсының көзіндей болсын", "сол кісінің жасын, жолын берсін", "киесі жұғысты болсын" деген ырым-нанымға саяды", – деді этнограф-тарихшы.
Ол бұл дәстүр тек қарапайым халықтың ғана емес, тарихи тұлғалар арасында да кездескенін атап өтті. Айтуынша, хандар мен батырлар қайтыс болғаннан кейін олардың қару-жарағы, сауыт-сайманы, тұлпары немесе жеке заттары мұрагерлеріне, батыр серіктеріне не ұрпақтарына қалдырылған.
"Кей жағдайда ел ішіндегі беделді адамдар марқұмның киімінен немесе тұтынған затынан "тәбәрік" сұрап алатын болған. Бұл – әлгі адамның абыройын, рухын құрметтеудің белгісі. Көшпелі мәдениетте "тәбәрік" ұғымы тек өлімге қатысты емес. Бұрын қасиетті орыннан келген адамның әкелген заты, батырдың қаруы, би-шешен ұстаған бұйым да тәбәрік саналған. Яғни бұл – қазақ дүниетанымындағы киелі естелік мәдениетінің бір бөлігі", – деді ол.
ҚМДБ ақша шашуды құптамайды
Осы орайда "тәбәрік" салтына қатысты ҚМДБ ұстанымы қандай екенін сұрап білдік. ҚМДБ мәлімдемесінде ислам дінінде жаназадан кейін ақша, тиын немесе тәтті шашу діни тұрғыдан құпталмайтынын, өйткені мұндай әрекет ысырапқа жататыны айтылған. Оның орнына сол қаражатты мұқтаж жандарға садақа ретінде берген сауаптырақ дейді.
"Жаназа – көңіл көтеретін жиын емес, керісінше марқұмды соңғы сапарға шығарып салып, туған-туысқа көңіл айтып, сабыр сақтайтын сәт. Сондықтан мұндай кезде орынсыз әрекеттерге жол берілмеуге тиіс. Ал марқұмның киім-кешегі мен тұтынған заттарын тарату садақа ретінде рұқсат етіледі. Қазақ халқында мұны "тәбәрік" деп атап, марқұмның жасын берсін деген ниетпен үлестіріп жатады. ҚМДБ жаназа мен құдайы ас рәсімдерін қарапайым, ысырапсыз әрі шариғат талаптарына сай өткізуді насихаттайды", – делінген ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің жауабында.
ҚМДБ Шымкент қаласының бас имамының орынбасары Исламқұл Иманқұлұлы ислам дінінде Мұхаммед пайғамбардың және салиқалы жандардың киімдерімен, ыдыс-аяқтарымен және басқа да заттарымен тәбәрік етуге рұқсат етілетінін айтты.
"Тәбәрік сөзі араб тілінде "береке тілеу" деген мағынаны білдіреді. Әр-Рағиб әл-Әсфәһани: былай дейді: "Береке – бір нәрседе иләһи жақсылықтың тұрақталғанын аңғартады". Ибн Манзур: "Береке – өсу, арттыру деген мағынада. Тәбәрік – адамға немесе басқа нәрсеге береке тілеп, дұға ету", – дейді. Ешбір нәрсе өздігінен берекелі болмайды. Берекені беруші бір ғана Алла. Алла Тағала белгілі бір уақыттарды, белгілі бір орындарды берекелі еткендей, қалаған пенделеріне берекені дарытады", – деді ол.
Ислам дінінде Мұхаммед пайғамбардың шашын, қолданған ыдыстарын, киімдерін ұстау, сүю, сүрту арқылы тәбәрік жасауға рұқсат етіледі. Бұл нәрсені сахабалар пайғамбардың көз алдында істеген. Олардың біреуіне де сөгіс бермеген. Өйткені Мұхаммед пайғамбардың денесі, киген киімі, пайдаланған ыдыс-аяқтары беркелі саналады. Бұл мәселе ғұламалардың арасында ешқандай дау тудырмаған.
"Умму Атиядан жеткен риуаятта Алла елшісі қызын жуындырып жатқан әйелдерге "изәрін", яғни жамылғысын беріп: "Оған мынаны жабыңдар", – деген. Жамылғыны жабудың негізгі мақсаты тәбәрік ету болған. Асмә бинт Әбу Бәкірден жеткен риуаятта: "Бұл – Алла Елшісінің шапаны. Ол қайтыс болғанша Айшаның қолында болды. Ол Алланың рахметіне кеткенде менің қолыма өтті. Пайғамбарымыз киген шапанын біз жуып, суын ауру адамдарға шипа ретінде қолданатын едік", – делінген. Бұл – Пайғамбарымызға қатысты дүниелермен тәбәрік ету мәселесі. Ал салиқалы құлдарға келсек, жоғарыдағы дәлелдердің барлығы салиқалы адамдардың да киімімен, ыдыс-аяқтарымен, басқа да дүниелерімен тәбәрік етудің болатындығын қамтиды. Бұны имам Нәуауи, Ибн Хажар және өзге де мухаддис ғалымдар құптаған", – деді Исламқұл Иманқұлұлы.