Үйсіздік, чайлдфри, өзі үшін өмір сүру. Қазіргі жастардың кеш үйленуіне не себеп
Кейінгі жылдары Қазақстанда отбасын құратындардың қатары азайып, орташа некеге тұру жасы өскен. Оған қоса азаматтық некеге тұратындар да көбейген. Биыл жарты жылда 51,4 мың неке тіркелсе, былтыр дәл осы кезеңде 57,5 мың неке қиылған.
Осы орайда Информбюро тілшісі қазақстандықтардың отбасы құруға асықпауына әсер ететін әлеуметтік, экономикалық және өзге де факторлар туралы сарапшылардан сұрап білді.
Он жылда некелесу статистикасы қалай өзгерді?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда соңғы он жылда некелер саны тұрақты түрде төмендеген:
- 2013 жылы – 168 мың;
- 2014 жылы – 159 мың;
- 2015 жылы – 148 мың;
- 2016 жылы – 149 мың;
- 2017 жылы – 141 мың;
- 2018 жылы – 137 мың;
- 2019 жылы – 139 мың;
- 2020 жылы – 128 мың;
- 2021 жылы – 140 мың;
- 2022 жылы – 128 мың;
- 2023 жылы – 120 мың;
- 2024 жылы – 123 мың.
2021 жылғы Ұлттық халық санақ нәтижесі 20 жастан асқан ер адамдардың ішінде ешқашан некеге тұрмағандар саны – 1 309 844 адам, ал әйелдер арасында 1 233 484 адам болғанын көрсетті. Алғаш рет үйленген ерлердің орташа жасы 2014 жылы 27,1 жас болса, 2024 жылы 27,9 жасқа өскен. Ал алғаш некеге тұрған әйелдердің орташа жасы 24,6 жастан 25,2 жасқа дейін өскен.
Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Шынар Төлешованың сөзінше, некеге тұру жасының өсуі – жаһандық тенденция. БҰҰ деректеріне сәйкес, 2021 жылы Еуропа елдеріндегі ер адамдардың некеге тұруының орташа жасы Беларусь елінде – 28,6 жасқа, ан Испанияда 36,3 жасқа жеткен. 2011-2021 жылдар аралығында бұл көрсеткіш Беларусь елінде 2 жасқа, Испанияда 3 жасқа артты. Әйелдер арасында бұл көрсеткіш Молдова елінде 26 жастан Швецияда 36,3 жасқа дейін құбылып отыр. Он жыллда Молдовада қалыңдықтардың орташа жасы 3 жасқа, ал Швецияда 3,2 жасқа өскен.
"Солтүстік өңірлер мен Астана, Алматы секілді ірі қалаларда кеш отбасын құру үрдісі айқын байқалады. Оңтүстік және батыс өңірлерде дәстүрлі мәдениеттің ықпалымен ерте отбасын құру үрдісі сақталып отыр. Орта Азия елдерінде ерлердің некеге тұру жасы артып келеді, ал әйелдердің некеге тұру жасы салыстырмалы түрде баяу өсіп жатыр. 2011-2021 жылдар аралығында: Түрікменстанда – 25,0-ден 25,8 жасқа дейін, Өзбекстанда – 25,8-ден 26,5 жасқа дейін, Қырғызстанда – 26,8-ден 27,3 жасқа дейін көтерілді", – деді Шынар Төлешова.
Адамдардың отбасы құруға асықпауын білім алуға, мансап жасауға, жағдайын жақсартуға, шығармашылық және кәсіби тұрғыда өзін-өзі жүзеге асыруға деген ұмтылысымен түсіндіруге болады.
"Кеш тұрмысқа шығу – қаржылай тұрақтылық пен жеке таңдау еркіндігі"
– Экономикалық тұрғыдан қарасақ, некелесу жасының ұлғайып жатқанының және "чайлдфри" жолын таңдаған адамдардың көбеюінің басты себебі – бірінші кезекте қаржылай тұрақтылыққа деген талап пен әлеуметтік-экономикалық қысымның артуы. Зерттеулер көрсеткендей, қазір жастар алдымен жоғары білім алып, мансабын құрып, белгілі бір деңгейде табысқа жетіп алған соң ғана отбасын құруға ұмтылады. Әсіресе, әйелдер үшін бұл құбылыс айқынырақ, себебі олар өзінің білімін жетілдіруге, кәсіби тәжірибе жинақтауға және мансабын дамытуға көбірек мүмкіндік алады, табысы өсіп, экономикалық еркіндігі нығаяды. Яғни кешірек тұрмысқа шығу – қаржылай тұрақтылық пен жеке таңдау еркіндігін қамтамасыз ететін экономикалық стратегияға айналып отыр.
Сонымен қатар, экономикалық шығындардың өсуі: баспана бағасының қымбаттауы, инфляция, қарыз жүктемесі – отбасын құруға кедергі факторлар. Мысалы, Оңтүстік Корея еліндегі соңғы деректерде кеш үйленудің басты себебі ретінде тұрғын үйдің қолжетімді болмауы мен табыс тұрақсызды көрсетілген.
Оның үстіне цифрландыру дәуірі Z буынына өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндік береді: онлайн тапсырыс, жеткізу қызметі, стриминг, цифрлық қаржы құралдары бар кезде "тұрмыс құрмай-ақ күн көру" әлдеқайда жеңіл секілді. Экономикалық тұрғыда бұл некенің қажеттілігін төмендетеді, өйткені шаруашылықты бірігіп жүргізу бұрынғыдай тиімді болмай қалды.
"Қыздар талабына сай жігітті күтеді"
– Бұл жайтқа қатысты пікірлер сан алуан болуы мүмкін. Дей тұрғанмен, әр адамның өз қажеті бар. Сан алуан тағдыр, сан алуан жайт. Бірі біреу үшін жауапкершілік алғаннан гөрі ата-анама көмек қолын созайын десе, енді бірі, әсіресе, ер азаматтар қауымы баспаналы болайын деп келешекті ойлайды. Қазіргі қоғамдағы жастардың еркіндігі көзге түседі. Өз ойларын еркін жеткізіп, өзгенің пікіріне аса мұктаж емес екенін де көрсетеді. Қазіргі сәт деп өмір сүріп қана қоймай болашаққа да көз жүгіртетіндерін ескеру қажет.
Сонымен қатар, жұбын лауазымына, жағдайына қарап таңдайтын арулар көп. Әлеуметтік желіден өзгелердің өтірік-расы аралас өмірін көріп, өздері де бір образ жасап алып, соны күтіп жүретіндер аз емес.
Балалы болғысы келмейтіндердің катарына келсек немесе "чайлдфри" деген ұстанымдағы адамдар бала күнінен артынан ілескен іні-бауырларына жауапкершілік алып, бала қарау деген міндеттен шаршаған, ресурсы таусылған бала кейін есейген шағында балалы болудан мезі екенін ұғынып, ондай жауапкершілік алғысы келмей жатады. Балалық шағы тәтті болмаған жан, кішкентай баланың бақытқа жетелемейтіндей беймазалығы мен ашушаңдығын көтеріп, қазіргі өміріне балалық шақтың ызғары әсер етеді
Адам баласы жалпы ақпаратты айналасынан, қоршаған ортасы мен отбасынан алып, ұстанымдары мен көзқарастары қалыптасады.
Отбасында әбіржіп, өзіне қарамаған анасын бақылаған қыз "әйел + отбасы + бала = әбіржу, өзіне уақыты жоқ бақытсыз жан" деп шешеді. Сол кезде қыз өзі үшін өмір сүріп, тұрмысқа шығуға асықпауды жөн санайды. "Үлгеремін, әлі ерте" деп есейгісі келмейді. "Отбасы құрудан қашып құтыла алмайсың, түбінде уақыты келеді деп" уақыт созады.
Ойында еркек қандай болу керек деген образ жасап алады: оқыған, бай, үйі бар, жұмысы бар, ата-анасы бар (маңызды болса), арақ ішпейді, темекі шекпейді дегендей. Танысқан адамы талабына сай болса әрекетке көшеді. Болмаса тағы іздейді. Кейін "талабыма сай адам жоқ, бірақ осы адам болатын сияқты" деп көрінгенге тұрмысқа шығып жатқандар да өте көп.
Тоқетері, бізді өз үрейіміз бен сеніміміз, әсіресе, ата-анамыз бен қоғамның сенімі билейді.
"Жастар отбасы құруға жауапкершілікпен қарай бастады"
– Қазіргі жастардың некеге және отбасына деген көзқарасы шынымен де аға буыннан түбегейлі өзгеше. Факторлардың бірі – ұжымдық құндылықтардан жеке құндылықтарға өту. Аға буын үшін отбасы ең алдымен әлеуметтік парыз және ұрпақ жалғастығы болса, жастар үшін ол – жеке таңдау, бақыт пен өзін-өзін дамытумен байланысты.
Ұлттық зерттеу орталығының деректері бойынша, жас қазақстандықтар серігін таңдау кезінде ең алдымен прагматикалық факторларға – жасына, сыртқы келбетіне, әлеуметтік жағдайына қарайды. Ал махаббатты бірінші орынға қойғандар бар болғаны 0,7% ғана. Аға буын, керісінше, отбасыны махаббат және моральдық құндылықтармен байланыстырған.
Көзқарастардың өзгеруіне жаһандану мен заманауи өмір салты қатты әсер етті. Жастар некені жиі кейінге қалдырып, алдымен білім, мансап пен қаржылық тұрақтылыққа ұмтылады. Бұған нақты экономикалық жағдаймен де байланысты: қымбат баспана, инфляция және тұрақсыз еңбек нарығында өмір сүретін жастар үйленуді қымбат әрі жауапты шешім деп санайды.
Үндістан, Оңтүстік Корея, Еуропа елдерінде қалада тұратын әйелдер – мансап үшін, ал еркектер өз-өзін дамытуға көңіл бөлу үшін некені кейінге ысырып қояды. Қазақстанға бұл үрдіс сәл кешірек жетсе де, қоғамда байқалып отыр: әйелдердің 30,6%-ы болашақ күйеуінің қаржылық жағдайын маңызды деп санаса, 22,9%-ы мансабын маңызды деп атаған. Ер адамдар да болашақ әйелінің отбасының әлеуметтік мәртебесіне назар аударады.
Сонымен, қазіргі қазақстандықтар некені құндылық ретінде жоққа шығармайды. Керісінше, жастардың 70–80%-ы отбасын басты құндылық деп атайды. Десе де "өмірдегі міндетті қадам" деп саналған неке түсінігі саналы түрде шешім қабылдау дегенге өзгерді. Ал адамдар мансапта өсіп, қаржылай мақсаттарына жеткен соң ғана кешірек осы қадамды жасайды.
Зерттеулер көрсеткендей, қазақстандықтар отбасы құруға жауапкершілікпен қарай бастады. Қазақстан қоғамдық қаму институтының дерегінше, халықтың басым көпшілігі неке құруға алдын ала дайындалу қажет деп санайды. Бүгінде бірінші орынға білім, мансап және өзін-өзі дамыту шығып отыр. Білім деңгейінің өсуі де некеге тұру жасына әсер етеді. 2024 жылы некеге тұрған әйелдердің 41%-ының, ерлердің 38%-ының жоғары білімі болған.
Қолжетімсіз баспана, жұмыссыздық, инфляция некені қымбат әрі тәуекелді жобаға айналдырады. Сондықтан жастар үйленуге асықпайды немесе азаматтық некеге тұрады. 2025 жылдың тамызында жылдық инфляция 12,2%-ға жетті. Ал отбасын құрса шығын да артады. Сондықтан бәрі қымбаттап жатқан соң отбасын құруды кейінге қалдырылады. Экономиканы елемеудің салдары Оңтүстік Кореяда неке мен туу көрсеткішінің төмендеуіне әкелді. Ол жақта да үй қымбат, жұмыс уақыты ұзақ, мансап жолында бәсеке жоғары, бала өсіруге көп шығын кетеді.
Қазіргі жастардың психикалық жағдайы да үлкен мәселе боп тұр. Бұрын күйзелісті көбіне орта жастағылар сезінсе, қазір ең "бақытсыз" топ жастар болып отыр. Бұл да некеге тікелей әсер етеді. Адам күйзелісте жүргенде болашағына күмәнмен қарайды әрі міндет алғысы келмейді.
Адамдар отбасын құрғысы, балалы болғысы келсе де, экономикалық, әлеуметтік, психологиялық жағдайлар кедергі болады.