Әлеуметтік желіде "Атыраудан шыққан хакер" деген атпен танылған Нұрлан Жасұланұлы жуырда отандық такси қосымшасын жасап шығарды. 2016 жылы Ресейде жүріп ойға алған идеясын жүзеге асыруға 1,5 жыл уақытын жұмсап, пәтері мен астындағы көлігін сатқан. Бүгінде 17 мың адам қолданатын қосымшаны енді бүкіл Қазақстанның тұрғындары қолданса деген тілегі бар.

Өйткені, салыстырмалы түрде жүргізушіден алынатын жарна мен шақырым үшін төленетін ақы басқа платформаларға қарағанда әлдеқайда арзан. Сондай-ақ, бұл жарнаның бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалады. Осы орайда Нұрлан Жасұланұлы мобильді қосымша жасаудағы мақсаты, идеясын жүзеге асыруда қандай қиындықтарға тап болғаны және осы жолдағы жетістіктері туралы баяндады.  

– Бұл салаға қалай аяқ бастыңыз?

– Атырау облысының Құрманғазы ауданында туып-өстім. Мектепте үлгерімім нашар болса да, бала күнімнен техниканы шұқылап жөндеп, зерттегенді жақсы көрдім. Бұған әкемнің ақ-қара теледидар, радионы шашып, қайта жинағандары да әсер етсе керек. Сол сәттер әлі күнге дейін көз алдымда тұрады. Бұдан өзге ауылдастардың өтінішімен телефондарын жөндеп беріп жүрген кезім болды. 

Жоғары сыныптарда оқып жүргенімде Nokia 3250 маркалы телефонымның ішіндегі SymbianOS жасақтамалық бағдарламасымен танысқан соң IT саласына деген қызығушылығым басталды. Мектептегі интернеті бар жалғыз компьютерге USB арқылы телефонымды қосып, бағдарлама жасақтамасын жасап көруге тырыстым. Әрине, бастапқыда бар жұмысым нәтижесіз болды. Осылайша бағдарламалармен танысып, кейін шалғай жерде тұратын туыстарымның үйіне компьютерді пайдалану үшін барып жүрдім. Уақыт өте келе біраз тәжірибе жинақтап, көліктерді GPS, басқа да жабдықтармен қамтамасыз ететін компанияға жұмысқа тұрдым. Яғни, бұл салаға бір күнде келген жоқпын. 

– IT саласын меңгеру үшін қайда білім алдыңыз?

– Мәскеуге 2012 жылы linux жүйесіне қызығушылық танытып жүріп тап болдым. Сол жақтағы курстар туралы ақпарат жинақтап, кейін барып тәжірибе жинадым. Уақыт, жол, қолжетімділік және тіл жағынан барынша ыңғайлы болды. Оның үстіне жаңа жұмысқа орналасуыма байланысты маған Python, Javascript, Java бағдарламаларын шұғыл 2-3 айда меңгеріп шығу қажет еді. Кейін Мәскеу университеттерінің біріне жоғары білім алу үшін оқуға түстім. 

Сурет: Нұрлан Жасұланұлының жеке архивінен 

– Такси қосымшасын жасау туралы идея қалай келді? Жобаны жүзеге асыруға қанша қаражат пен уақыт кетті?

– Жуырда өзіміздің отандастардың такси қосымшасын жасап беруді сұраған өтінішін жақсы білемін. Олардың сөзінің жаны бар. Расымен, шетел қосымшаларын пайдаланып, қаражат жағынан ұтылып жатқан жайымыз бар. Алайда бұл идея маған 2016 жылы Ресейде жүргенде келді. Ол кезде IT саласында терең білімім мен қаражатым болмаған соң, ойға алғанымды жүзеге асыра алмадым.

2021 жылы осы идеяға қайта оралып, 1 жыл 5 айдан кейін ол пайдалануға берілді. Жалпы, осы жобаға 47 млн теңге жұмсадым. 

– Бұл қаражатты табу үшін үйіңіз бен көлігіңізді сатқаныңызды білемін. Отбасы тарапынан қарсылық, түсінбеушілік болды ма?

– IT саласындағы көптеген әріптесім секілді интровертпін. Әрине, ашылып еркін жүретін ортам бар. Десе де өзім және жасап жатқан ісім туралы көпшілікке ашылып айта бермеймін. Тіпті, желідегі hacker.atyrau парақшасының иесі мен екенімді көп адам білмейді. Қосымша қолдануға берілгелі тіркелушілер саны артып келеді. Бұдан бөлек, Jetu Taxi қосымшасына арналған jetu.kazakhstan парақшасының да оқырмандары көбейіп жатыр.

Яғни, менің бұл ісім туралы санаулы жан ғана білді және сол жақындарым барынша қолдау білдірді. Идеямды жүзеге асыру үшін үйім мен көлігімді сатамын дегенде ешкім қарсы болмады. Арасында күмәнданған достарым ғана болмаса. Меніңше, жаңа бір істі қолға алғанда күмәннің болуы да орынды. 


Оқи отырыңыз: Рауан Кенжеханұлы: Білім тез ескіріп барады, сондықтан мамандықтан гөрі дағдыларды игеру маңыздырақ


 – Қазір қосымша қай кезеңде? Оны жалғыз өзіңіз жасап жатырсыз ба?

– Қосымша кей өңірде іске қосылды, күн сайын жаңартылып жатыр. Мен жүгінген отандық инвесторлардың барлығы дерлік Қазақстанда такси қосымшасын жасау қымбат және өнімсіз іс екенін айтады. Сол себепті қазір қаражат тауып, қосымшаны бүкіл Қазақстан тұрғыны қолдана алатындай етіп жасау қиын болып отыр.

2023 жылдың қаңтар айында Қырғызстан еліне барамыз. Жергілікті әкімшілігі "қандас бауырлардың қосымшасын дамытуға әзірміз" деп қол ұшын созып отыр. 

– Бұған дейін картамен төлеу мүмкіндігінің енгізілетіні туралы айтылды. Қосымшада қандай өзгерістер бар?

– Картамен төлеу мүмкіндігі әзірге енгізілген жоқ. Жүргізушілер қосымшаны 6% жарнамен қолдана алатыны туралы айтқан едік. Алайда қазір олар оны тегін қолдана алады. Сондай-ақ, тағы бір жағымды жаңалығымыз бар – желтоқсанның соңына дейін Алматы қаласында филиал ашуды жоспарлап отырмыз. 

Сурет: Нұрлан Жасұланұлының жеке архивінен 

– Оны қай жердің тұрғындары қолдана алады? Қазір қанша адам оны жүктеп алды? 

– Статистикалық мәліметтерге келетін болсақ, қосымшаны қазір негізінен Батыс, соның ішінде Атырау қаласының тұрғындары көп қолданады. Бірақ оны Қазақстанның барлық қаласында қолдануға болады, серверіміздің оған шамасы жетеді. Дәл қазір оны 17 мыңнан астам қолданушы жүктеп алған. 

– Сіз айтып отырған 6% жарна Uber, Indriver, Яндекспен салыстырғанда көп пе, аз ба?

– Сіз атаған платформалармен салыстырғанда әлдеқайда арзан.

Оның үстіне, біз жүргізушіден алатын жарнаның 1 пайызын қайырымдылыққа жұмсаймыз. 

– Осы күнге дейін мемлекеттік немесе тағы басқа гранттарға өтінім беріп көрдіңіз бе? 

– Мемлекеттік гранттарға өтінім беріп көрген жоқпын, бірақ көмек сұрап барғаным рас. Алайда жобаға қызығушылық танытпады. Қазір біздің бас демеушіміз – WDC компаниясы. Олар біздің жобаның 25 пайызына иелік етеді. 


Оқи отырыңыз: Талғат Нәрікбаев: Сапасыз маман даярлайтын университеттер бюджет ақшасын қайтаруы керек


– Бұл қосымшаны жасаудағы басты мақсатыңыз қандай?

– Мендегі мақсат отандық такси қызметі саласындағы қаражаттың өз елімізде қалып, экономиканы жақсартуға өз үлесімді қосу. Сондай-ақ, басқа платформаларда жарна мөлшері жоғары болғандықтан, жүргізушілердің де әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігімді тигізу. Күн сайын шетелге кемінде 10 млн теңгеміз кетіп жатыр.