Бишімбаевтың ісінен кейін Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнаманы күшейту мәселесі күн тәртібінен түспеді. Отбасындағы және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау туралы 2021 жылы басталған петицияға 150 мыңға жуық қазақстандық қол қойды. Қоғам белсенділері, құқық қорғаушылар құқықтық мемлекетте жәбірленушілердің қорғалуын, кінәлілердің жазалануын талап етті. 

Осы орайда Информбюро порталы заңгер, Maqsut Narikbayev University оқытушысы Аида Өтесінмен зорлық-зомбылыққа қатысты заң, адамдардың құқықтық санасы мен мәдениетін арттыру жөнінде сұхбаттасты. Аида Өтесін қайғылы оқиғалар азаматтардың құқықтық мәдениетінің төмен екенін көрсететінін, ал мәселені шешу үшін тек заң нормаларын өзгерте бергеннен пайда аз екенін айтып отыр.

– Қазақстанда зорлық көрген әйелге өзінің жәбірленуші екенін дәлелдеу неге қиын? 

– Біріншіден, бізде зорлық-зомбылыққа әйелдер ғана емес, балалар да, кейде ер адамдар да тап болады. Жалпы Қазақстанда өз құқығыңды қорғау, дәлелдеу қиын. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты айтар болсақ, қазір ғалымдар мен құқықтанушылар арасында түрлі идеялар жүріп жатыр.

Біздің ойымызша, заңнамада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты санкцияны күшейткен кезде оған қоса жүйелі түрде осындай істердің тіркелуі, олардың тезірек қаралып шығуы секілді мәселелерді де қарастыру керек. Себебі, Қылмыстық кодексті өзгерте бергеннен нәтиже шамалы екенін көріп отырмыз. Әйел адамдар көп жағдайда зорлық-зомбылық көрсе бірден полицияға арыз беріп, өздерін қорғауға әрекет жасамайды. Бізде ол қиын процес. Қылмыс іс үшін адамды жазаға тарту керек болса, онда ол іс ұзақ тергеледі. Кемінде екі ай десек, сол уақытта әйелдің агрессормен бір үйде тұратынын, ортақ туыстары, балалары бар екенін ескеруіміз керек. Сол себепті іс әдеттегідей жылы жабылады, не бір-бірімен татуласа салады. Материалдық құқық тұрғыдан ғана емес, процесс жағынан да жеңілдіктер, өзгерістер жасауымыз керек.

– Қазақстан заңнамасында әйел адам қалай қорғалған?

– Конституциядан бастап басқа кодекстерді алып қарасақ, бізде бәрі әдемі жазылған. Ешкімді кемсітуге болмайды, адам өлтіруді қылмыс дейді. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартатын жағдайдың барлығы тізіп жазылған. Адамның жеке шекарасы қорғалған дейді. Бірақ мұның біреуі де іс жүзінде жұмыс істемейді. Оны адамдар түсінбейді, санасы, мәдениеті жетпейді. Меніңше, мәселе осында. Қазақстан заңнамасында әйел ғана емес, ер адам да, бала да, бәрі қорғалған. Бірақ тиісті дәрежеде емес екенін көріп отырмыз.


Оқи отырыңыз: "Ажырасу – ұят, ал таяқ жеу – тағдырдың жазғаны ма?" Тұрмыстық зорлық жөніндегі халықаралық сарапшымен сұхбат


– Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң не үшін қажет? Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы ма?

– Арнайы бөлек заң қажет. Әлеуметтік және психологиялық ерекшеліктерді түсінуіміз керек. Отбасының ішінде болатын жағдайларды қарастыру жүйелі шешімдерді талап етеді. Ол жерде балалардың психологиясы, психикасы, адамдардың моральдық жағдайы, бір-біріне махаббаты, сезімдері, дәстүріміз, менталитетіміз, қоғамда қалыптасқан, жазылмаған қоғамның заңдары талқылануы керек. Отбасы – кез келген мемлекет үшін қашан да алда тұрған институттардың бірі. Бұл институтты біз заманауи талаптарға сай бағалап, бірінші орында қалдыруымыз үшін бөлек заң болуы керек.

Заң мәселені түбегейлі шеше қоймайды. Жылдар бойы заң шығарып, оны ары да, бері де тартып жүрміз. Бірақ заңдарды ешкім оқымайды, шынын айту керек.

– Адамдардың құқықтық мәдениетін қалай көтеру керек деп есептейсіз? 

– Бұл бір күнде шешілетін нәрсе емес. Тіпті бір жылда жетістікке жетудің өзі қиын. Бұл да жүйелі шараларды талап етеді. Адамның құқықтық мәдениетін 18-ге толғанда немесе жұмысқа тұрған кезде қалыптастыру да қиын нәрсе. Сондықтан мектепте қабырғасында балаларға құқық ұғымын дұрыс түсіндіре білуіміз керек. Құқықтың объективті мағынасы – жазылған заң нормасы. Бірақ қарапайым адамдар заңдарды арнайы топ өкілдеріне арналған кітап сияқты көреді де, оны ашып оқымайды. Сол үшін де құқықтың субъективті мағынасын талқылауымыз керек.

Құқық – адам бостандығының шеңбері. Сенің құқығың аяқталған жерде басқа адамның құқығы басталады. Қалағанымды істеймін деп жүргенде басқа адамның құқығын бұзбау керек. Қазақта хақ деген сөз бар. Екі адам ұрысып жатса "хақың бар ма?" дейді. Хақ – субъективті мағынадағы құқық. Заңнамаға хақ деген терминді қайта енгізуіміз керек.


Оқи отырыңыз: Абьюзер деген кім және одан қалай қорғанамыз? Психологпен әңгіме


Құқықтық мәдениет жоғарғы сыныптарда оқытылатын "Құқық негіздері" деген жалғыз пәннің арқасында ғана қалыптасатын нәрсе емес. Мәдениет және сана қалыптастыру тікелей білім берумен байланысты. Ал балаға туғаннан өнеге-білім бересің. Ол кейін балабақшаға барады, мектепте білім алады, университетке оқуға түседі. Сондықтан әртүрлі сала мамандарын, соның ішінде заңгерлерді қоса отырып арнайы оқу бағдарламасын әзірлеу қажет. Әр балаға балабақшадан бастап өз құқықтарын үйрету керек. Себебі, біреудің өміріне килігетін ересек адамға құқықты түсіндіру қиын. Ал балабақшада жүрген кезінен балаға құқық шеңберін сызып көрсетсек, адам құқығын сақтау тұлға болудың ең жоғарғы деңгейі екенін түсіндірсек онда қоғамды өзгерте аламыз.

– Заңды ешкім оқымайды дедіңіз ғой. Қазақстан заңдары қарапайым адамдарға түсінікті емес пе? Сонда заң тілі қандай болуы керек?

– Біздің заңдар тіпті заңгерлердің өзіне түсініксіз. Орысша мәтіндерді филологтар жазғандай, оқу қиын. Сөйлем құрылымы күрделі, бір сөйлемде 25 сөз бар. Заңгерлер жазбаған соң солай. Тікелей қазақшаға аударған адамдардың өздері түсінбейтін шығар. Заңдарды орысша жазып, қазақшаға тікелей аудару және аударманы құқықпен айналыспайтын адамдарға беріп қою – ең үлкен қателігіміз. Заңның тілі қалай болуы керек деген кезде заңгерлердің пікірі екіге қақ жарылады. Жасы үлкен заңгерлер заң әрдайым түсініксіз болғанын, заңгерлер түсінсе жеткілікті екенін алға тартады. Жаңа заманның заңгері ретінде ойым, заң мәтінінің 60 пайызы халыққа түсінікті болуы керек. Бір сөйлемде бір-екі термин болсын делік. Бірақ, алты-жеті сөздің бәрі қатарынан термин болмауы керек. Адамдар ең болмағанда Конституцияны, негізгі заңдарды түсіне алуы қажет.

Қазақстанда жазу қабілеті дамымаған. Мемлекеттік органдардың арыз-шағымдарға, өтініштерге берген жауаптарын оқыған кезде де ештеңе түсініксіз. Жазу – коммуникацияның бір түрі. 2010 жылы АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама қарапайым жазу туралы заңға қол қойған. Бұл заңға сәйкес атқарушы орган өкілдері халыққа арнаған үкім, қандайда бір қаулы, түсініктемелерді қарапайым тілде жазуы керек. Сондықтан адамдарды түсінікті әрі қысқа-нұсқа жазуға, өз ұстанымын дәлелдермен негіздеп жазуға үйрету керек. 

Көшпенді халықтар дау-жанжалды ауызша шешкен, сөзге тоқтаған. Жазып, сызып отырмаған. Жазу арқылы коммуникация жасау гендік тұрғыда қалыптаспаған шығар. Бірақ біз жаңа заманда өмір сүріп жатырмыз. Ақпарат ағыны тым көп. Сол себепті маңызды ақпаратты, заң нормаларын, мемлекеттік органдардың түсініктемелерін адам оқығанда түсіне алатындай қарапайым тілде жеткізе білуіміз керек. Жасап жатқан дүниелер басқаларға түсінікті болмаса оның пайдасын білмейді, қолданбайды да. Заң да дәл солай. Көп заң қабылдаймыз, көп нәрсе жасаймыз. Заңгерлердің өзі түсінбейді. Мемлекеттік орган қызметкерлерінің өзі "қанша оқысам да, түсінбеймін" дейді.


Оқи отырыңыз: Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары заңгерлер мен психологтардан тегін көмек ала алады


Нәрікбаев университетінде қазір бір топ адам осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қазақша оқулықтар санын көбейту, заңдардағы құқықтық қазақша терминологиялық қателерді тауып, оларды түзету секілді жұмыстар. Бір-екі жылда біте қоятын жұмыс емес. Түптің-түбінде құқықтық қазақ тіліне келеміз. Ол үшін бәріміз бірлесе жұмыс істеп, жалпы қоғам болып бет бұруымыз керек.

Заң, адамдардың құқықтық санасы мен мәдениеті, заңгерлердің жұмысы және қоғамдағы тыныш әрі бақытты өмір мұның барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Жүйелі шешімдер табу арқылы біз оған жетеміз. Біз, әртүрлі сала мамандары, біріге отырып, қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыру стратегиясын жасауымыз керек деп ойлаймын. Себебі бұл тек құқықтанушылар айналысатын іс емес. Біз педагог, психолог, әлеуметтанушы, теолог, мәдениеттанушы сияқты әртүрлі мамандарды осы мәселені шешуге тартуымыз керек. Бір адамның мойнына іліп қойып, солар жасайды деп бүкіл халық болып күтіп отырудың қажеті жоқ. Бәріміз осы бағытта жұмыла жұмыс істеуіміз керек.