Қазақстанда шылымқорлық әлі де өзекті мәселе. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде жыл сайын темекіге әуестіктің салдарынан 7 миллион адам көз жұмады. Ал біздің елде жүргізілген сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 38 пайызы темекінің ең зиянды бөлігі – никотин деп есептейді. Алайда, халықаралық ғылыми деректер бұл пікірді жоққа шығарады. 

Informburo.kz тілшісі "Түтінсіз болашақ" шарасында өткен "Темекі зиянын азайту: медициналық қауымдастықтың дауысы" панеліне қатысып, сарапшылар пікірін тыңдап қайтты.

Өкпе қатерлі ісігі және түтінсіз технологиялар

Медицина ғылымдарының докторы, молекулалық онкология маманы Евгений Имянитовтың айтуынша, темекі шегудің тарихы Майя халқынан басталады. Алайда, тек ХІХ ғасырда ғана кең тарала бастаған. Тіпті, никотин тыныштандырып, зейінді арттыратын болғандықтан, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскерилердің рационына кіргізілген. Кейін ол сәнге айнала бастаған.

"Алайда қоғам мен медицина темекінің зиянын түсінген соң, оған қарсы күрес басталды. Темекі шегудің  ең басты қаупі әрдайым өкпе қатерлі ісігімен байланысты болды. Созылмалы обструктивті өкпе ауруы сияқты созылмалы аурулар бар, бірақ олар баяу дамиды, ал өкпе қатерлі ісігі – темекіге қатысты тарихи әрі негізгі қорқыныш", – деді ол.

Ғалымның пікірінше, түтінсіз технологиялардың пайда болуы онкология үшін жаңа мүмкіндік ашты. 

"Бүгінде барлық канцерогендер белгілі, олар темекі жанған кезде пайда болады. Ал түтінсіз никотин өнімдерінде канцерогендер мүлде жоқ. Дегенмен, қабыну процестері, никотиннің ұзақмерзімді әсерлері сияқты басқа факторлар әлі зерттелуі тиіс", – деді ғалым.

Ең бастысы, сарапшының пікірінше, никотин ағзаға түтінсіз жеткізілген жағдайда өкпе қатерлі ісігінің қаупі жойылады.

"Бұл – темекі шегушілер үшін жақсы жаңалық. Себебі, дәрігерлердің 99 пайызы темекі шегудің басты себебін "өкпе қатерлі ісігі" деп санайды. Статистикалық деректер де осыны растайды. Жыл сайын әлемде 2 миллион адам өкпе қатерлі ісігіне шалдығады, олардың 85 пайызының себебі – дәстүрлі темекі. Түтінсіз өнімдер тым жаңа болғандықтан, оларды тікелей кінәлау мүмкін емес. Бірақ, скандинав елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, адамдардың дәстүрлі темекіден түтінсіз темекіге көшуі өкпе қатерлі ісігінің деңгейін бірнеше есе төмендетті", – деді онколог.

Темекі өкпеге қалай әсер етеді?

Пульмонолог, Еуропалық респираторлық қоғамының (ERS) мүшесі Саттар Ералиевтің айтуынша, темекі шегуге байланысты аурулар медицинада жеке топ ретінде қарастырылады. Оның ішінде ең алдымен өкпе қатерлі ісігі аталады. Бұл дерт шылым шекпейтіндерге қарағанда темекі шегушілерде шамамен 8 есе жиі кездеседі. Дегенмен, маманның пікірінше, өкпе қатерлі ісігінен де ауқымдырақ мәселе бар, ол – созылмалы обструктивті өкпе ауруы (ХОБЛ).

"Созылмалы обструктивті өкпе ауруы қазір әлемдік деңгейдегі проблемаға айналып отыр. Бұл ауру темекі шегумен тікелей байланысты және жұқпалы емес дерттерден болатын өлім себептерінің ішінде 3-орында тұр. Ең қауіптісі – өлім саны жыл сайын өсіп келеді. Қолда бар дәрілер науқастың өмірін жеңілдеткенімен, ауруды толық емдеу мүмкін емес", – деді пульмонолог.

Ғылыми зерттеулер оның тек өкпені ғана емес, бүкіл ағзаны зақымдайтынын көрсеткен. Қабыну процесі қант диабеті мен атеросклероз секілді кемінде 6 түрлі аурудың дамуына ықпал етеді. 

"Негізгі зиянды әсер темекідегі никотинде емес, түтіннің өзінде жатыр. Жану процесінде мыңдаған химиялық зат бөлініп шығады, олардың ондағаны – обыр тудырушы. Олар тікелей өкпеге түсіп, жасушаларды зақымдайды. Ал түтін иммундық жүйені шатастырып, ағзаны өз жасушаларына қарсы қояды. Соның салдарынан ауыр ХОБЛ дамиды. Сондықтан, негізгі үмітіміз – түтінсіз технологиялар. Өйткені, түтіннің әсерін тоқтату оң нәтижелерге әкелуі мүмкін", – деді маман.

Темекі ауыз қуысына қалай әсер етеді?

Стоматолог, медицина ғылымдарының кандидаты Мейрам Раганин 6 жылдан астам уақыт бойы темекі шеккендер мен 3 жылдан астам қыздырылатын өнім қолданған адамдарды салыстырып көрген.

"Темекі шегушілердің жағдайы нашарлады, гиперкератоз (обырға дейінгі жағдай) жиі кездесті. Ал қыздырылатын өнім қолданушыларда көрсеткіштер әлдеқайда жақсы болды, гиперкератоз сирек анықталды", – деді Мейрам Раганин.

Дәрігер төрт қалада 80 адамға жүргізілген тәжірибе нәтижесін де бөлісті.

"Жартысын темекімен қалдырдық, жартысын қыздырылатын өнімге ауыстырдық. 3 айдан кейін қыздырылатын өнім қолданушыларда аз да болса, оң өзгеріс байқалды, ал шылымқорларда жағдай нашарлай берді. 6 айдан соң қыздырылатын өнім қолданушылардың гиперкератоз деңгейі 7-ден 1-ге дейін төмендеді, яғни обырға дейінгі белгілер айтарлықтай азайды. Ал темекі шегушілерде жағдай өзгерген жоқ", – деп түсіндірді маман.

Никотиннің ағзаға әсері және ақпарат тапшылығы мәселесі

Ал медицина ғылымдарының докторы Александр Филиппов никотиннің ағзаға әсерін былай сипаттайды: 

"Адам ағзасында арнайы рецепторлар бар. Никотин осы рецепторларды ынталандырады, соның нәтижесінде жүрек соғу жиілігі артады, артериялық қысым көтеріледі және басқа да физиологиялық реакциялар байқалады. Сондықтан жүректің ишемиялық ауруы немесе стенокардиясы бар адамдар үшін никотин зиянырақ әсер етуі мүмкін", – деді ғалым.

Александр Филипповтың пікірінше, мәселе тек никотинде емес, түтіннің өзінде жатыр.

"Никотин – ерекше зат, тіпті оны ерекше "наркотик" деп атауға болады. 2024 жылы Ұлыбританияда жүргізілген зерттеу темекіге тәуелділіктің ауқымын көрсетті. Мыңнан астам шылымқордың жағдайы тексерілгенде, олардың шамамен 40 пайызында ауыр немесе өте ауыр никотиндік тәуелділік анықталған. Бұл тәуелділіктің ғаламдық проблемаға айналғанын дәлелдеді. Бірақ, мәселе тек никотинде емес. Темекі түтінінде мыңдаған улы зат бар, олардың концентрациясы өте жоғары. Егер бүгін темекі алғаш рет ойлап табылса, ол ешқашан нарыққа шығарылмас еді", – деді ол. 

Сарапшының айтуынша, сол себепті де халықаралық ұйымдар темекіні тастай алмай жүрген адамдарға түтінсіз технологияларға ауысуды ұсынады.

"Алайда темекіні тастағысы келетін көптеген адамдар зияны азырақ балама өнімдердің бар екенін білмейді. Мәселен, Ұлыбританиядағы зерттеулер көрсеткендей, 2012 жылы респонденттердің тек 6 пайызы электронды темекіні дәстүрлі темекіден зиянырақ деп санаса, 2022 жылы мұндай пікірдегі адамдардың үлесі 30 пайызға жетті. Бұл – ақпарат тапшылығының айқын белгісі", – деді Александр Филиппов.

Екінші мәселе – медициналық қауымдастықтың өзі жеткілікті ақпаратқа ие емес. 2024 жылы өткен халықаралық форумда мыңнан астам дәрігер арасында сауалнама жүргізілген.

"Нәтижесінде 95 пайызы "темекі шегу зиян" деп нақты жауап бергенімен, 20-28 пайызы электронды темекі мен кәдімгі темекінің арасында айырмашылық жоқ деп ойлайтыны анықталды. Яғни, дәрігерлердің өздері де науқасты қалай ынталандырып, шылымнан балама жол арқылы бас тартуға бағыттау керегін толық білмейді", – деді сарапшы.

Үшінші мәселе – реттеуші органдар деңгейінде. Оларды бейхабар деуге болмайды, бірақ жастар арасында электронды өнімдердің таралуы алаңдатарлық. Маманның айтуынша, кәдімгі электронды шылымдар электронды темекіні қыздыру жүйелеріне қарағанда әлдеқайда танымал. Сондықтан мемлекет үшін басты міндеттердің бірі – жастарды электронды өнімдерден қорғау болса, екіншісі – темекіні тастай алмайтын адамдарға зияны азырақ балама ұсыну.

"Бұл қоғамдық денсаулыққа зиян келтірмей, жүрек-қан тамыр ауруларының қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – электронды темекі өнімдері шынымен зиян келтірмеуі тиіс", – деп қорытындылады сарапшы.