Қазақстанға Амур жолбарыстарын әкелуге дайындық қалай жүріп жатыр? Фоторепортаж
2025 жылы үш жолбарыс Қазақстанға Ресейден әкелінбек.Әлем бойынша сирек кездесетін жыртқышты реинтродукциялау бағдарламасы аясында екі жылдан кейін Ресейдің Таяу Шығысынан Қазақстанға үш Амур жолбарысын алып келеді. 35 жылға созылатын жоба аясында мамандар алдымен жолбарыстар мекендейтін резерваттың экожүйесін қалыпқа келтіріп, тұяқты жануарлар санын көбейтеді.
100 мың жолбарыстан 3,5 мыңы ғана қалған
XX ғасырдың басында Жер бетіндегі жолбарыстардың саны 100 мың шамасында болды. Алайда браконьерлердің күрт көбеюі мен орман ағаштарының жаппай оталуы себебінен жолбарыстардың саны азайып, 2010 жылғы есеп бойынша 3500 басты құрады. Осы себепке байланысты бүкіл әлем Жаһандық жолбарыс бастамасына қол қойып, 2010 жылы Санкт-Петербург қаласында дүниежүзілік саммит өтті.
Жолбарыстарды сақтап қалуға және санын көбейтуге бағытталған форум барысында үкімет басшылары бастаманы қолдап, Қазақстан Орталық Азияға жолбарысты қайтару іс-шараларына тікелей дайын екенін мәлімдеді. Араға 7 жыл салып реинтродукция бағдарламасы әзірленді, сондай-ақ, Қазақстан үкіметі мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) жолбарыстарды қайтару бағдарламасын жүзеге асыру үшін меморандумға қол қойды.
35 жылға созылатын бағдарлама 3 кезеңнен тұрады:
- І кезең: Алғашқы 6 жылда табиғатты жолбарыстарға қолайлы ету іс-шаралары жүзеге асады. Яғни, мамандар экожүйені қалыптастырумен айналысады.
- ІІ кезең: 5-7 жылға созылатын бұл кезеңде жолбарыстардың саны 10-20-ға жетеді.
- ІІІ кезең: Бағдарлама табыстылығына мониторинг жүргізіліп, мамандар пайда болған проблемаларға шұғыл әрекет етеді.
"Жобаның уақытылы жүзеге аспауына сыртқы факторлар әсер еткен болатын – пандемия. Десе де, пандемия аяқталған соң экожүйені жылдам қалпына келтіреміз деген үмітіміз бар. Қазірдің өзінде 150-ден астам бұғы мен құлан болса, алда тағы 60 бұғы алып келуді жоспарлап отырмыз. Бұдан өзге де жануарлар санын көбейтіп жатырмыз, мысалы, жұмыстар басталғалы қабанның саны екі есе көбейді", – деді WWF Орталық Азия бағдарламасының директоры Григорий Мазманянц.
Меморандумда қандай шаралар қамтылған?
2022 жылғы 5 қыркүйекте Владивосток қаласында Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі арасында жолбарысты реинтродукциялау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, оған мыналар кіреді:
- бірлескен зерттеулер мен тәжірибе жұмыстарын жүргізу;
- зерттеу және оқу мақсатында ғалымдар мен мамандармен алмасу;
- ғылыми-техникалық құжаттамамен және ақпаратпен алмасу;
- конференциялар, көрмелер, оқу курстарын ұйымдастыру және өткізу;
- жолбарысты Ресейден Қазақстанға әкелу және реинтродукциялау бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу.
Сондай-ақ, министрлік Ресейдің Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының Орталық Азия бағдарламасы, Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы және резерватпен келісілген 2022-2027 жылдарға арналған жолбарысты реинтродукциялау жөніндегі жол картасын бекітті.
Іле-Балқаш резерватының экожүйесін қалай қалыпқа келтіреді?
- Резерват аумағында бұқар бұғысы мен құлан санын көбейту үшін қоршаулар тұрғызылып, бұғылар мен құландар су ішетін жүйе автоматтандырылды.
- 12 400 көшет отырғызылды.
- 2019 жылы "Іле-Балқаш" резерватында Бұқар бұғысын реинтродикциялау басталып, 5 бас бұғы жабайы табиғатқа жіберілді.
- 2020 жылы резерват аумағына екінші партия – 14 бұғы және араға бірнеше ай салып 30 бұғы әкелінді.
- 2021 жылы резерватқа төртінші партия 23 аналық және 9 аталық бұғы жеткізілді.
- 2022 жылы бесінші партия – 33 аналық және 13 аталық бұғы әкелінді.
- 2024-2025 жылдарға қарай елге Ресейден үш Амур жолбарысын алып келеді.
Резерват аумағында жолбарыстардың ықтимал тіршілік ету ортасы шамамен 151,6 мың гектарды құрайды. Әр жолбарысқа қорек ретінде бір жылда 60-қа жуық ірі тұяқты жануар қажет. 2025 жылға қарай жолбарыстар мекен ететін аумақта 3,5 мыңнан астам аң шығару жоспарланып отыр: мың гектарға шаққанда 25-30 тұяқты жануар. Бұл, негізінен, қабан, елік, бұғы, қарақұйрық және құлан популяциясы. Яғни, мамандар алдағы үш жылда келесі нәтижелерге қол жеткізуді жоспарлап отыр:
- қабандар саны – 1 000;
- қарақұйрық – 150;
- бұғы – 200;
- құлан – 200.
Оқи отырыңыз: Көлсай мен Қайыңды туризмі: Саты шатқалында жаңа экологиялық маршрут ашылды
"Іле-Балқаш" табиғи резерватына Қарашеңгелдің №5 аң шаруашылығы филиалынан бес Бұқар бұғысын алып келдік. Олардың біреуі аталық, қалғаны аналық бұғылар. Алдағы уақытта тағы 46 бас бұғы алып келуді жоспарлап отырмыз. Күнделікті инспекторлар оларға қорегі мен суын беріп отыр. Ауа райының аязды болуы бұғыларға еш қиындық тудырмайды. Өйткені, Қарашеңгел мен Балқаштың ауа райында бірнеше градус қана айырмашылық бар. Сондай-ақ, флорасының ұқсастығы 95 пайыз", – деді Іле өзені сағасы филиалының директоры Нұржан Октябров.
Мұнымен қатар, филиал директоры 2021 жылы бұғылардың алғашқы төлін алып үлгергенін айтты. Сондай-ақ, отандық мамандар санақ жүргізу әдістерін үйрену үшін Ресейге барып білім алған.
Жолбарысты елге қашан алып келеді?
ҚР ӨДМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғынбаев неліктен таңдау Амур жолбарысына түскенін және оларды елге алып келу үшін мамандарды қалай дайындап жатқанын түсіндірді.
Оқи отырыңыз: Алтын-Емел мен Шоқанның жолы. Туризм ауылдар тұрмысын қалай өзгертіп жатыр?
"Жақын арада мамандарымыз жануарларды оңалту орталығының қызметкерлерімен тәжірибе алмасу үшін Қиыр Шығысқа аттанады. Пандемия секілді сыртқы факторлар болмаса, мамандарды шамамен 2023 жылдың І тоқсанында жіберуді жоспарлап отырмыз. Осы жоба аясында жолбарыстардың санын шамамен 50-ге жеткіземіз деген болжам бар. Бірақ бұл қатып қалған сан емес, одан аз немесе әлдеқайда көп болуы мүмкін. Әлем бойынша жолбарыстың 9 түрі болса, соның төрт түрі жойылған. Қалған бар түрлерінің ішінде Қазақстанның қысына Амур жолбарыстары ғана бейімделе алады. Сондықтан осы жолбарыс түріне таңдау түсіп отыр", – деді Данияр Тұрғамбаев.
Мұнымен қатар, ол Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының қорығымен бірігіп, трансшекаралық резерват құру жоспарда бар екенін атап өтті.
Жолбарыстардың көбеюіне не кедергі келтіруі мүмкін?
Жергілікті тұрғындар жолбарыстардың жақын аумақта жүретінінен жүрексініп отыр. Алайда мамандар керісінше жолбарыстар малға шабуыл жасайтын қасқырлар санын азайтатынын айтып сендірді. Григорий Мазманянцтың айтуынша, қасқырлар өзінің жолбарыс үшін жемтік екенін білгендіктен, бұл аумақтан кете бастайды.
"Төрт түлік малға шабуыл жасаған жағдайда иесіне өтемақы төлеуді жоспарлап отырмыз. Ал қасқырлар шабуыл жасаған кезде мұндай болмады. Бұл – бүкіл әлемде бар тәжірибе", – деді Григорий Мазманянц.
Мұнымен қатар, ол жолбарыс популяциясын қалпына келтіру барысында болуы мүмкін ықтимал қиындықтарды атады.
Оқи отырыңыз: Қонаев қаласы облыс орталығы болғалы қалай түрленді? Фотоайғақ
"Оқыс жағдайлардың алдын алу үшін қандай қиындықтар болуы мүмкін екенін алдын ала болжаймыз. Әзірге бұл қиындықтар браконьерлер, өрт және Іле өзенінің таязданып, Балқаш суының азаюымен байланысты болып отыр. Мұнымен қатар, жануарлар арасында Африкадағы шошқа обасы секілді жаппай аурулардың таралуы мүмкін екенін жасыра алмаймыз", – деді WWF Орталық Азия бағдарламасының директоры.