"Қазақша қуыршақтарға шетелден тапсырыс беретіндер көп". Қолөнер шеберімен сұхбат
Екатерина кішкентайынан анасының іс тіккенін көріп өскен. Балалық шағы 90-жылдары, дүниенің қат кезеңінде өткендіктен, анасы көп нәрсені өз қолымен тіккен екен. Сонымен қатар, Екатеринаның әжесі де қолөнер шебері болыпты. "Қазір қуыршақ тігіп жүргеніме қарағанда мен де олардан алысқа ұзамаған секілдімін" дейді өзі.
"Алғаш тіккен қуыршақтарымның суретін қарасам, қазір олардың түрі кішкене ебедейсіздеу болғанын түсінемін. Одан кейін естелік сыйлық ретінде берілетін интерьер қуыршақтарын тіге бастадым. Олардың киімін де киіліп-шешілмейтіндей етіп тіктім. Кейінірек ата-аналар балалары киімі шешілетін қуыршақ қалайтынын айтты. Осы өтінішті ескере отырып, киімі әдемі, ыңғайлы қуыршақты ойлап таптым. Ата-аналардан әртүрлі өтініш кеп түседі. Біреулері қуыршақты бисермен, енді бірі кестелеп тігуді өтінеді. Мен оларға өнім ең алдымен баланың ойнауына ыңғайлы болғаны дұрыс екенін ескертемін. Cондай-ақ, ол баланың қол моторикасын дамытуға да пайдалы болғаны дұрыс",– дейді шебер.
Екатерина жұмыс барысында қуыршақ трикотажы деген материалды қолданады. Кейде клиенттер қуыршақтың шашын табиғи шаштан жасауды өтінеді екен. Шебер мұндай өтінішті жерде қалдырмайды, алайда табиғи шашпен тігілген ойыншықтың бағасы анағұрлым қымбат болады дейді.
"Кейбір адамдар "осыған ұқсатып тігіңіз" деп суреттер жолдайды. Мен соған қарап қуыршақ тігіп шығамын. Өзім интерьер дизайнері болғандықтан, түстердің бір-бірімен қалай үйлесетінін жақсы білемін. Сондықтан, қуыршақтың көйлегінің жарасымды болуын жіті қадағалаймын".
"Бұрындары кейбір тұтынушылардың айтқан сын-пікіріне ренжіп қалатынмын. Қазір етім үйренді. Көбіне адамдар "неге сіздің қуыршақтарыңыз қымбат? Ана дүкенде 5 мың теңгеден толып тұр ғой" деп жазады. Осындай кезде олар қолөнерді құнсыздандырып отырғандай көрінеді. Менің қуыршақтарымның әрбір деталі қолдан тігіледі. Әрқайсысына көз майымды тауысып отырып, қаншама уақытымды арнаймын. "Мына қуыршақтың аузы жоқ, түрі онша емес" деп жататындар да болады. Әдетте мұндай пікірлерді менен ештеңе сатып алмайтын кездейсоқ адамдар жазады. Бір нәрсені айтқым келеді, клиент өзінің нақты қандай ойыншық қалайтынын қаласа, біз оның қалауын міндетті түрде ескереміз. Қазір түрлі сын айтатындарға бойымда иммунитет қалыптасты. Анау-мынау сөзді елемейтін болдым".
Екатерина қуыршақтарын әлеуметтік желі арқылы сатады. Түрлі жәрмеңкеге қатысуға, маркетплейстерге шығуға ұсыныс түскенімен, тауарларын әзірше тек жеке парақшасында жарнамалауды жөн көріп отыр. Жарнама демекші, қуыршақ шеберінің айтуынша, бүгінде жарнамасыз зат сату қиын. Қуыршақтар тұрақты түрде сатылуы үшін оларды әлеуметтік желіде үнемі жарнамалап отыру қажет дейді.
Оқи отырыңыз: "Соңғы жылдары этникалық киімдер трендке айналды". Отандық брендтің негізін қалаушымен сұхбат
Қуыршақ шеберінің тұрақты клиенттерінің 60 пайызы шетелде тұрады екен.
"Олардың көпшілігі – кішкентай немерелеріне сыйлық сыйлауға асыққан тәтелер мен әжелер. Сол кісілердің арқасында менің қуыршақтарым Америка, Франция, Қытай және басқа да елдерге тарап жатыр. Бір жолы маған мынадай қызық тапсырыс түсті. Бір әйел Францияда тұратын немересіне арнап қуыршақ тіктіргісі келді. Ол кісі қуыршақтың киімінде ұлттық колорит болғанын қалады. Біз сол клиентіміз үшін ұлттық стильдегі, ою-өрнегі бар арнайы топтамамызды жарыққа шығардық. Қуыршағымыз ойдағыдай болып шықты, клиентіміз дән риза болды. Дәл осы топтамамыз кейінірек ел арасында жақсы танылды, тапсырыс бергендер де көп болды. Осылайша, қуыршағыммен кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап жүрмін деп ойлаймын",– дейді Екатерина.
Сөз соңында қуыршақ шеберіне "қазіргі таңда отандық нарыққа не жетіспейді деп ойлайсыз?" деген сұрақ қойдық. Екатерина Подчасова жергілікті нарықта халыққа өз қызметін жалған сарапшылар емес, шын мәнінде өз ісін білетін кәсіби мамандар ұсынса екен деген тілегін айтты. Ал, өзі алдағы уақытта қуыршақтарының киімінде ұлттық бояуды көбейтуді жоспарлап отыр екен.
"Қазір менің қоржынымда ұлттық стильде тігілген үш қуыршақ топтамасы бар. Десе де, мен ұлттық бояуы бар өнімдерімнің саны көбірек болғанын қалаймын. Жалпы, өзімді интерьер дизайнері ретінде де, қолөнер шебері ретінде де ұлттық колорит қатты қызықтырады",– дейді Екатерина Подчасова.