Қазақ тілін қалай ғылым тіліне айналдыруға болады және оған не кедергі? Ғалымдар пікірі
Ғалымдар мағына мен форма алуандығының қазақ тілінің ғылым болып қалыптасуына қалай әсер ететінін талдады.Ethnologue: Languages of the World мәліметінше, 2022 жылы әлемде қазақ тілінде сөйлейтіндер саны 22 486 396 адам болды. Қазақстаннан тыс жерлерде – 2 717 990, ал Қазақстанда – 13 768 406. Осы орайда отандық филолог және философ ғалымдар қазақ тілінің ғылым тіліне айналу мәселесі мен оның мағыналық сапасын жақсарту жолдары туралы баяндама жасады.
Бір ғалымдар филологиялық білімге реформа жүргізіп, әр салада тіл маманы болуы керек деген пікірді ұстанса, енді екіншілері мемлекеттік тіл мәртебесі үшін күресте ұлттар арасында араздық тудырып алмаудың маңызды екенін алға тартты. Мұнымен қатар, мамандар оқушылар мен студенттер арасында жүргізілген іс-тәжірибе нәтижесін бөлісті.
"Реформа керек: Филологтар тек сабақ береді не аудармамен айналысады"
"Ренессанс дәуірінде Еуропа елдерінде бүкіл ғылым грек, кейін латын тілінде жазылды. XVII ғасырда Еуропа ғалымдары алғаш рет өз тілінде шығарма жариялады. Солардың бірі бұған дейін барлық еңбегін латын тілінде жазып келген Исаак Ньютон тұңғыш "Оптика" деген трактатын ағылшын тілінде жазып шықты. Дәл солай Галилео Галилей өз шығармаларын италян, Карл Гаусс неміс тілінде жаза бастады. Егер бұл ғалымдар ғылымды өзінің ана тілінде жасамаса, қазір Германия, Италия, Англия деген мемлекеттердің ғылымының даму-дамымауы екіталай еді. Бұдан кейін XIX ғасырдың II жартысында венгер, чех, еврей және поляк тілдерінде ғылым жасалды. Қазақ даласында да ғылымды қазақшалау үрдісі мықты жүрді", – деді Анар Фазылжан.
Оқи отырыңыз: Режиссер Мәдениет министрлігі жанынан қазақ тілінің әуезі мен тазалығын қадағалайтын кеңес құруды ұсынды
Ғалымның айтуынша, ғылымның қазақ тілінде жазыла бастауы Алаш және сол кездегі ұлт зиялыларының атымен тікелей байланысты. Профессор Шапағат Жалмаханов лингвист Ахмет Байтұрсынұлының терминдерін санап, бір өзінің 300-ден астам термин жасағанын мәлімдеді. Осы 300 терминнің 200-ге жуығы әлі күнге дейін жасанды интеллект заманында қазақ тіліне қызмет етіп келеді. Мұнымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілігімен Жүсіпбек Аймауытов "Психология", Қаныш Сәтпаев "Алгебра", Жұмахан Күдерин "Ботаника мен География", Батырбек Бірімжанов "Химия", Хасен Ибрашев "Математикалық анализ курсын" қазақ тілінде жазды. Сондай-ақ, Анар Фазылжан халықтық білімдерді ұлттық ғылым жүйесіне енгізе алмай жатқанымызға тоқталды.
"Күн жүйесіндегі 9 планетаның бір түзудің бойына жиналған сәтін "сайыпқыран" деп атайды. Бұл – қазақ халқының сөздің ішіне сақтап қойған ақиқат дүние туралы халықтық ғылымға дейінгі білімдер жүйесінің көрсеткіші. Мысалы, дөң, дөңес, бел, белес, шоқы, шоқпыт, жыра, шың, шыңат, мұз, мұзарт, қыр, қырат, шоқпыт – мұның барлығы географиялық бедерлер. Өкініштісі, осындай халықтық білімдерді ұлттық ғылым жүйесіне енгізе алмай отырмыз. Мұнымен қатар, "Қазақ тілінің зияткерлік әлеуеті келмейді, қазақ тілі ғылым қалтарыстарын жеткізе алмайды" дейтін кей мамандарға айтарымыз: Қазақ тіліндегі мағына алуандығы – сөз байлығы", – деді маман.
Осы орайда, тіл маманы қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға көмектесетін бірнеше шешім ұсынды. Біріншісі – қазақ тілі реалды кеңістікте қалып қойғандықтан, оны цифрландыру. Екіншіден, ұлттық білімдер жүйесін оқулыққа енгізіп, нормативтік база жасау. Ғылыми есептің бір данасын міндетті түрде мемлекеттік тілде әзірлеп, оны ғылыми мәтіндерді сақтайтын қорларға беру. Үшіншіден, аударма ісін күшейту.
Оқи отырыңыз: Әлемде қанша адам қазақ тілінде сөйлейді? Ethnologue мәліметі
"Филологиялық білім жүйесіне реформа керек. Қазір бізде филология мамандығы бойынша білім алған мамандар тек сабақ береді немесе ары кетсе аударма ісімен айналысады. Мысалы, Ломоносов университетінде филолог заңгер, филолог экономист деген секілді 42 мамандық бар. Осының арқасында барлық салада сапалы оқулық жазылады. Күні кеше осы мәселені Асқар Жұмаділдаев президенттің алдына барғанда көтерді. Қазақ тіліндегі сапалы ғылыми оқулықтарға мемлекет тарапынан гранттар бөлінуі керек", – деді Анар Фазылжан.
"Тілде мағыналық қарама-қайшылықтың болуына дін де әсер етіп отыр"
"Біріншіден, қазақтілді және орыстілді болып бөлінеміз және заңның қазақ тілінде жазылмайтыны туралы үлкен мәселе бар. Парламент жұмысына кішкене араласып жүргенімде байқағаным қазақша жазылған жобалар сараптамадан өтпей қалады. Мысалы, қарапайым кеден саласындағы "свободный склад" деген тіркесті "бос склад" деп аудардық. Ал мағынасы салық салынбайтын қойма дегенге келіңкіремейді. Шет тілінен аударма жасаған кезде осындай мағыналық қарама-қайшылық туындайды. Екіншіден, біздің қоғам дін жағынан бөлшектеніп барады. Бірде белгілі діни қайраткер дінге бет бұрған жастар мен олардың ата-анасы арасында кикілжің болып жатқанын сөз етті. Үшіншіден, тілімізде мағыналық қарама-қайшылықтың болуына парсы және араб тілдері ықпал етіп отыр", – деді Шәріпбек Әмірбеков.
Оқи отырыңыз: Шыңғыс Мұқан: Мені қызметтен кетірген "Қазақстанды дамыту үшін не істеу керек?" деген сұрақтың жауабы
Ары қарай философ балалар мен жастар арасында жүргізген бірнеше іс-тәжірибенің нәтижесін әңгімеледі.
"Іс-тәжірибе барысында 1-сыныптың 500 баласы сөйлем құрады. Осы балалардың 30 пайызы сөйлемді дұрыс ретімен құра алмады және 30 пайызы керісінше тапсырманы толық орындап шықты. Жыл сайын оқушылардың 30-35 пайызының ҰБТ тапсыра алмайтынын да атап өту қажет. Бұл Қазақстанның үлкен өміріне жыл сайын 40-45 мың адам өте төмен сауаттылықпен араласады дегенді білдіреді", – деді философ.
"Америкада "білім – күш пен мәлімет" десе, қазақ жастары парта-тақтамен байланыстырады"
Екінші істәжірибе барысында Шәріпбек Әмірбеков студенттерден "білім" және "уақыт" сөздерін естігенде оны ойша немен байланыстыратынын сұраған. Іс-тәжірибеге I, II курстың 500 студенті қатысқан.
"Студенттер "білім" сөзін парта, тақта және қаламмен байланыстырды. Ал ағылшындар оны күш және мәлімет сөзімен байланыстырған екен. Бізде мектеп оқулықтарындағы мәтіннің бала жасына қаншалықты сай келетініне мән бермейді. Мысалы, 5 сыныптың кітабында данышпан жазушының философиялық шығармасы жүр. Оны бұл жастағы оқушылар түсіне ме? Ал "уақыт" сөзін америкалықтар ақшамен байланыстырса, қазақ жастары "демалыспен" қатар қоюды жөн көрді", – деді профессор.
Оқи отырыңыз: Үштілділік саясаты мен жаһандану. Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуға не кедергі?
"Сіз өз тіліңізде, мен өз тілімде сөйлей беремін – бастысы бір-бірімізді түсінеміз"
"Өзбекстанның Самарқанд және Ташкент қалаларына бардық. Кез келген мекеме, дүкен, кітапханаларына кірсеңіз, қай тілде сөйлеп тұрғаныңызға қарамастан, сізге өзбек тілінде жауап қайырады. Балтық жағалауындағы елдер де осылай жасап жүр. Бізде адамның құқығы бәрінен жоғары тұратыны айтылады. Бұл менің өз елімде өз тілімде сөйлеуге құқығым бар деген сөз. Сіз өз тіліңізде, мен өз тілімде сөйлей беремін – бастысы бір-бірімізді түсінеміз. Екіншіден, "Біз үлкен халықпыз, үлкен мәдениетпіз, біздің тілде сөйлеңдер деп шатақ шығарудың қажеті жоқ. Қатты кетіп, ортада шиеленіс тудырып алмайық. Өз тілімізді шетелдіктер мен орыс тілді қазақтар қызығатындай дәрежеге жеткізіп, сапасын көтерейік", – деді Серік Нұрматов.
Мұнымен қатар, профессор әр термин үшін күресіп, ортақ шешімге келіп отыруға шақырды.
"Әлі күнге дейін "процесс" сөзін біреу "үдеріс", енді екіншісі "үрдіс" дейді. Тенденцияны үрдіс деп бекіттік, келісімге келдік, енді соған тоқтайық. Әркім өзіне тарта беретін болса, тіліміз оңбайды, біз керісінше қазақ тілін жөндегенде даналық танытайық, жанашыр болайық. Орыс тілді қазақтарды мәңгүртсіңдер деп кеудесінен итермейік. Керісінше шет тілдерді жақсы білсек, қазақ тілінде білім сапасы төмен деп кемсітпейік. Яғни, мен ұсынатын күрестің жалғыз жолы – үнсіз әрекет ету", – деді Серік Нұрматов.
Оқи отырыңыз: "Қазақша диссертациялар үлесі 1 пайыздан кем". Қазақ тілінде оқулық жазу неге қиын?