"Қарыздан қарызға дейінгі өмір": Бір басында оннан астам несиесі бар азаматтардың оқиғалары
Бүгінде қандай да бір қажеттілігі үшін несие рәсімдемеген қазақстандықтар некен-саяқ. Кейбірі онысын уақытылы өтеп жатқанымен, алған қарызы жыртығын жамауға жетпей, несие үстіне несие алып жатқандар да аз емес. Қазақстанда қарыз алудың қолжетімділігі бір жағынан тиімді болғанымен, екінші жағынан ел азаматтарының мойнындағы қарыз қамытын ауырлатып жатқаны жасырын емес.
Бұл мақалада біз түрлі себеппен оннан астам несиені қатар өтеуге мәжбүр болған отандастарымыз жайлы және олардың бұл қиын жағдайдан қалай шығып жатқаны туралы баяндаймыз.
"Жалғыз қызымның жаны қысылғанда қалай шыдайын?"
Түркістан облысының тұрғыны, жалғызбасты ана Хадиша Жетаеваның қарыз қақпанына түсуіне қызын емдетуге қаражатының жоқтығы себеп болған. Жалақысы бар болғаны 85 мың теңге ана бір қарызың ай сайынғы өтемақысын екінші қарызбен жауып, ақыр соңы несиесінің саны 16-ға жеткен.
"Осыдан үш жыл бұрын тұрмыстағы қызым күйеуінен соққы жеп, жансақтау бөліміне түсті. Оны емдетуге көп қаражат керек болды. Өзім жалғызбасты анамын, мектепте жұмыс істеймін. Жалақым 85 мың теңге еді. Банктерден де, микроқаржы ұйымдарынан да несие рәсімдеп, қымбат дәрілер алдым. Бір қарызды өтеу үшін екінші қарыз алып, жалпы саны 16 кредит алған екенмін. Оларды уақытында төлей алмадым, несиелердің үстемеақысы өсе берді. Ақыры қарызым сот орындаушылар мен коллекторларға өтіп, есепшоттарым бұғатталды", – деп еске алды Хадиша Жетаева.
Қаржылық жағдайын ретке келтіру үшін Хадиша Жетаева "Қарызсыз қоғам" жобасы өкілдерінің көмегіне жүгінген. Жобаның қаржылық менторы Дулат Мыңбаевтың айтуынша, Хадиша Жетаеваның несие-қарыздары қаралып, артық пайыз-үстемеақылары алынып тасталған. Ай сайынғы төлемі кірісіне сай реттеліп, жаңа төлем кестесі жасалыпты.
"Осылайша, ақша үнемдеп, қосымша жұмыстар істедім – нан пісіріп саттым, тапсырыстар алдым, еңбек демалысында да маусымдық жұмыстар істедім. Несиелерімді 10-15 мың теңгеден болса да, бөліп-бөліп төледім. Қазір 16 кредиттің төртеуі ғана қалды, қызымды аяққа тұрғыздым. Қаржыгер Дулат және Жасұлан есімді заңгер маған бір жыл бойы үздіксіз қолдау көрсетті. Демалыс күндері де қабақ шытпастан, ерінбестен асқан жанашырлықпен бәрін түсіндірді. Қазір кредитке батқан адам көп. Жалпы қазақстандықтарға қаржылық білім жетіспей жатыр, сол себепті қаржылық білімді жақсы түсіндіретін мамандардың орны бөлек", – деді Хадиша Жетаева.
Оқи отырыңыз: "Қарызсыз қоғам" қаржы сауатын арттыру жобасы үкіметтік деңгейге өтеді
"Үйлену де, үй болу да қиын екен"
"Қарызсыз қоғам" жобасының тағы бір қатысушылары – Солтүстік Қазақстан облысындағы жас отбасының қаржылық қиындықтары үйленуден басталған. Жас отағасы Хамит Есіркепов (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) үйлену тойын өткізу үшін 7 миллион теңге несие рәсімдейді. Оны өтеп болмастан, үйге керек техниканы бөліп төлеу жүйесі арқылы несиеге рәсімдей береді. Осылайша, ірілі-ұсақты несие саны 26-ға бір-ақ жетеді.
Хамиттің жалақысы 360 мың теңге, ал несиелер бойынша ай сайынғы төлемдердің жалпы сомасы 600 мың теңгеден асып кеткен. Дәл осы уақытта әйелі декреттік демалысқа шығып, жағдай тіпті қиындап кетеді.
Бұл жағдайдан шығар жолды таппай қиналған Хамит "Қарызсыз қоғам" жобасына келіп, қаржы сарапшыларының кеңесін алады. Іске заңгерлер араласып, Хамиттің ай сайынғы жалақысының тек тең жартысы несиелердің өтемі ретінде ұсталатын жол ұсынады. Дегенмен, оның жолын ауырсынған Хамит өзін банкрот деп жариялауға шешім қабылдаған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 200 мың адам қаржылық сауатын арттырады
"Біреуге несие алып беріп, ақыры өзім төлеуіме тура келді"
Біздің үшінші кейіпкеріміз – Абай облысының тұрғыны. Айша (аты өзгертілген) медбике болып жұмыс істейді. Оның мойнындағы несие мен микронесиелердің тоғызы өзінікі болса, оныншы – ең ірісін жақынының өтінішімен алып берген.
"Бастапқыда бәрін уақытылы төлеп келгенбіз, кейін менің атымнан несие алған адамда қаржылық қиындықтар басталып, төлемей қойды. Қарыз менің атымда болғасын, оны төлеуге мәжбүр болдым", – дейді Айша.
Бір уақытта 10 кредитті қатар төлеу мүмкін болмай қалған кезде Айшаға өзге кейіпкерлеріміз секілді "Қарызсыз қоғам" жобасының мамандары көмекке келген. Айшаның несие тарихын зерттей келе, мамандар банктердің біріндегі несиелерін қайта құрылымдап, ай сайынғы төлемін азайтуға қол жеткізген.
Айша қарыз қамытынан әзір құтылмасы анық, дегенмен ай сайын қалтасында өмір сүруге қажетті қаражат қалады.
Оқи отырыңыз: ЖОО және мектепте қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін оқыту енгізіледі
"Қарызсыз қоғам" жобасы 2023 жылғы ақпанда іске қосылды. Өткен жылы өткізілген қаржылық сауаттылық курстарына 780 мыңнан астам адам қатысса, олардың 500-ден астамы – мектеп оқушылары.
Жоба аясында қазақстандықтарға білікті заңгерлер қаржылық кеңестер береді. 2024 жылы ел азаматтары 70 мыңнан астам кеңес алса, олардың қатарында алаяқтардың құрбандары болған, қарызы төлей алмай жүрген қазақстандықтар да бар.
2025 жылы қаржылық сауаттылық сабақтары ақпанда бүкіл Қазақстан бойынша басталады. Еліміздің кез-келген азаматы оларға қатыса алады және тегін көмек пен кеңес ала алады.