Қайрат Қамбаров: Жаңа заңдарда баланы отбасынан тартып алу туралы бірде-бір норма жоқ
Осыған байланысты Informburo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың пікірін сұрап білді.
– Қайрат Тельманұлы, заңға енгізілген түзетулердің маңызды тұстарын атап өтсеңіз. Заң қандай мәселелерді шешеді?
– Бұл Заң әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған.
- Біріншіден, мұнда зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар қарастырылған.
- Екіншіден, суицидтің алдын алу мақсатында өзін-өзі өлтіруге немесе өзін-өзі өлтіруге итермелегені үшін бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік белгілеу ұсынылады. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балаға буллинг және кибербуллинг жасағаны үшін 10 АЕК айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
- Үшіншіден, интернаттық ұйымдарда тұратын балалардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік маңызы бар объектілерде ұстау жағдайларына (тамақтану, білім беру, сауықтыру, емдеу және т.б.) кедергісіз тексеру жүргізу жөніндегі нормалар көзделген. Осылайша, барлық үлгідегі және нысандағы балаларға арналған интернаттарда мемлекеттік бақылау алдын ала хабарланбай жүргізілмекші. Сондай-ақ, депутаттар арнайы әлеуметтік қызметтерді және балаларға арналған білім беру және денсаулық сақтау қызметтерін тек лицензия негізінде көрсететін ұйымдардың көрсету стандарттарын ұсынады.
- Төртіншіден, отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша нормалар қабылданып жатыр. Бүгінде отбасыларға кешенді көмек көрсету үшін өңірлерде 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Орталықтар мұқтаж азаматтарға "бір терезе" қағидаты бойынша психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетеді. Осы Заңға сәйкес орталықтар мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру жөніндегі шараларды, оның ішінде неке мен отбасын сақтау, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға қолдау көрсету жөніндегі жұмысты үйлестіру жөніндегі шараларды жүзеге асырады.
- Бесіншіден, Заңда балаларды отбасынан тартып алу мәселесіне байланысты бірде-бір норма жоқ екенін атап өту қажет. Әлеуметтік желілерде таралған отбасылардан балаларды тартып алуға қатысты ақпараттың бәрі жалған. Мемлекеттің саясаты отбасын, баланы өз отбасында сақтауға бағытталған.
– Бишімбаев оқиғасының резонансы бұл заңның қабылдануын жеделдетті деуге бола ма?
– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі нормаларды 2019 жылы әзірледі. Олар: отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл заң жобасы, отбасы институтын нығайту мәселелері жөніндегі заң жобасы.
Алайда, заң жобасы ол кезде қоғамдық наразылық тудырды. Заң жобасының қарсыластары баланы отбасынан тартып алу туралы жалған ақпарат таратты. Қоғамдағы екіұшты реакцияны ескере отырып, Парламент Мәжілісінің депутаттары заң жобасын кері қайтарып алуға мәжбүр болды.
Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң жобасын Мәжіліс депутаттары 2023 жылдың қыркүйегінде қайта ұсынды. Заң жобасын Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелері мақұлдады, Мәжіліс отырыстарында кеңінен талқыланды. Соңғы оқиғалар тек осы заң жобасын қабылдаудың маңызы мен қажеттілігін көрсетті.
Оқи отырыңыз: Динара Зәкиева: Жылына орта есеппен 500 агрессор тұрмыстық зомбылықты қайта жасайды
– Заңның жүзеге асуын нақты қандай органдар қадағалайды?
– Заң зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу, қылмыстық жауапкершілік күшейту, суицидтің алдын алу, интернаттық ұйымдарда тұратын балалардың құқықтарын қорғау, сонымен қатар отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша нормаларды көздейді. Осыған байланысты тиісінше ҚР Ішкі істер министрлігі, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар аталған нормалардың жүзеге асуын өз құзыреті шегінде қадағалайды.
– Жаңа заңды халыққа таныстыру шаралары қалай ұйымдастырылмақ?
– Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Заң нормаларын мүдделі мемлекеттік орган өкілдері, ҚР Сенат, Мәжіліс депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, қоғамдық пікір көшбасшылары республикалық және өңірлік БАҚ, интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.