АҚШ елшілігі Қазақстанда 2007 жылдан бері екі жылдық English Access микростипендиялық бағдарламасын іске асырып келеді. Бағдарламаға қатысатын 13-17 жастағы дарынды, әлеуметтік осал топтан шыққан білім алушылар мектептен тыс ағылшын тілін үйренеді. Бағдарлама түлектерінің бірі Данияр Чуишбеков ағылшын тілін үйреніп қана қоймай, өзі де сабақ берген. Шетелде оқуды армандаған ол АҚШ-тағы Бостон университетінде білім алды.

Бүгінде Данияр Ахмет Байтұрсынұлы атындағы "Талдау" ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығында "TALIS 2024" халықаралық зерттеуінің ұлттық жоба менеджері болып жұмыс істейді.  

Информбюро порталы Данияр Чуишбековтен ағылшын тілінің маңызы мен мұғалімдердің сапасы туралы әңгіме өрбітті.

Данияр Чуишбеков / Фото Даниярдың жеке архивінен

– Қайда білім алдыңыз? Access бағдарламасына қалай қатыстыңыз? 

– Шымкент қаласында жалпы білім беретін орта мектепте оқыдым. ҰБТ тапсырып, балым аздау болып, Шымкент қаласындағы Мирас университетіне ақылы оқуға түстім. Екінші курста грантқа ауыстым. Бірінші курста оқып жүргенде оқытушым университетте АҚШ елшілігі қаржыландыратын Access бағдарламасына іріктеу жүріп жатқанын айтып, бағымды сынап көруді ұсынды. Бағдарламаның талаптарына сай келіп, екі жыл ағылшын тегін оқуға мүмкіндік алдым. Бізге бағдарламаның Шымкенттегі координаторы Татьяна Летяйкина сабақ берді.  

Бағдарламаның негізгі мақсаты – ағылшын тілін үйретіп қана қоймай, әрі қарай білімді шыңдауға және бәсекеге қабілетті жұмыс нарығына қажетті дағдыларды дамыту.  

Университетте аударма ісі мамандығында оқып жүріп, бағдарламаның ықпалымен педагог болуға қызығушылығым арта түсті. Бакалаврды тәмәмдаған  соң, Сүлеймен Демирель университетіне "Екі шет тілі педагогтерін даярлау" мамандығына магистратураға грантқа түстім. Магистратурада оқып жүріп, тіл орталығында ағылшын тілі мұғалімі болып екі жылдай жұмыс істедім. Мұғалімдік маған көп мүмкіндіктерге жол ашты, соның бірі әрі бірегейі – Еуропаға іссапар болды. Сол аралықта Америкаға оқуға түсу атты арманыма қол созып, 9 айдай дайындалдым. АҚШ-қа "Болашақ" бағдарламасы арқылы оқуға тапсырып, барлық этаптардан сәтті өттім. Бостон университетін және білім саласын басқару және білім саясаты мамандығын таңдадым. Еліміздің көрсеткен үлкен қолдауының арқасында АҚШ-та бір жарым жыл грант негізінде оқып қайттым. Әлемдік деңгейдегі оқу орнында білім алуыма Access-те алған дағдыларым маған оқуға түсуіме едәуір септігін тигізді деп білемін.  

– Access-тің басқа тіл үйрену курстарына қарағанда қандай артықшылығы бар? 

– Access тек тіл үйретіп қана қоймай, сонымен қатар әрбір білім алушының дара қабілеттерін көріп, оны аша білді. Кімнің қандай қызығушылығы және арман мақсаттары бар екенін, қай бағыттың оған оңтайлы түсетінін анықтап, қолынан келгенше қолдау көрсетті. Бір мысал келтіретін болсам, бакалаврда оқып жүргенде академиялық ұтқырлық бағдарламаларына тапсырып көрдім. Алайда, университеттерден поштама "қабылданбадыңыз" деген жауап келетін. Мұндайда ұстазым Татьяна бәрі бірден бола қоймайтындығын айтып, тағы да тапсырып көр деп жігерлендіретін.   

– Ағылшын тілі мектеп бағдарламасында бар ғой. Десе де, мектепте оқып-ақ ағылшынша сөйлеп кететін балалар некен-саяқ. Мұның себебі неде? 

– Көптеген факторлар әсер етеді. Олар білім алушының білім алуға деген көзқарасы, мотивациясы, мұғалім сапасы, тәжірибесі, сыныптағы бала саны, мектеп климаты, мектеп ресурсы және өзге де факторлар. СДУ-да оқып жүргенде Қазақстандағы ағылшын тілі пәнінің мектеп оқулықтарына анализ жасадық. Оқулықтар өте жақсы құрастырылған. Жаңартылған бағдарлама бойынша 11-сыныпты аяқтаған кезде білім алушылар кемі Intermediate, Upper Intermediate деңгейіне жетіп, ағылшынша білім беретін университеттерге оқуға түскенде қиналмай оқып кетуі керек. Шындығына келгенде, ол жүзеге аспай жатыр.

Фото Данияр Чуишбековтің жеке архивінен

– Мұғалімдердің сапасы дедіңіз ғой. Бұл баланың болашағына қаншалық әсер етеді? 

– АҚШ-та оқып жүргенде "Big Data in Education" курсында мұғалім сапасы тақырыбын зерттедік. 2014 жылы Гарвард профессоры Радж Четти бастаған Opportunity Insights ұйымы 2,5 млн білім алушы мен 18 миллион тест нәтижесін талдау арқылы мұғалім сапасының білім алушыларға қалай әсер ететінін зерттеген. Олар сапалы мұғалім білім алушының болашағына тікелей әсер етеді деген қорытындыға келген. Сапалы мұғалімдерден білім алған білім алушылардың жоғарғы оқу орнына түсу мүмкіндігі артады, жақсы жұмысқа тұрады, жақсы аудандарда өмір сүреді. Оған қоса, ерте жаста жүкті болудың алдын алады. Ал, бұл қазіргі қоғамда өзекті мәселеге айналып отыр. Жақсы ақша тауып, экономикаға да қаншама мың доллар табыс әкеледі. Сапалы мұғалімдер білім алушылардың өміріне осыншалық оң әсер ететінін дәлелді сандық деректер көрсетіп отыр. Сондықтан, білім алушы мұғалімді модель ретінде көріп, одан үлгі алады. 

– Сіз жұмыс істеп жатқан TALIS деген қандай зерттеу? 

– Орталықтағы халықаралық салыстырмалы зерттеулер департаментінде алты түрлі зерттеумен айналысамыз. Соның ішінде TALIS халықаралық зерттеуі еңбек жағдайы мен мектептердегі білім беру ортасын зерттейтін бірегей халықаралық зерттеу. 2024 жылы ақпан-наурыз айларында Қазақстанда 8 мыңға жуық педагогтерден сауалнама алынды. 700-ге жуық фактор бойынша деректер жиналып, ЭЫДҰ тарапынан деректерді өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазақстанда TALIS ең алғаш рет 2018 жылы өткізілді. Зерттеуде педагогтер еңбек жағдайы туралы, оның ішінде жұмыс жүктемесі көп екенін, жалақыға қанағаттанбайтынын айтты. Зерттеу нәтижесінде 2019 жылы "Педагог мәртебесі туралы" ауқымды заң қабылданды. 2020-2023 жылдар аралығында педагогтердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға көтерілді. Жұмыс жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа қысқарды. Бұрын мұғалімдер сабақ беруден тыс көп қағазбастылықпен айналысатын, заңмен ол да қысқарды. Қазір педагогтердің жұмыс жүктемесі бұрынғыға қарағанда азайған деп айтуға негіз бар. 

Биыл екінші рет зерттеуге қатысып жатырмыз. Бұл жолы да көбірек ақпарат аламыз деп ойлаймыз. Зерттеу қорытындысы 2025 жылы қазан айында шығады. Сол кезде бес жыл бұрын қабылданған заңның мұғалімдердің жұмыс жағдайына қалай әсер еткенін көре аламыз. 

– Тіл үйрену үшін алдымен "бұл тіл не үшін қажет?" деген сұраққа жауап беру керек дейді. Ағылшын тілі не үшін қажет деген сұраққа қалай жауап берер едіңіз? 

– Ағылшын тілі – ғылым, білім, инновация тілі. Ағылшын тілі зерттеу жұмыстарын жазуға арналғандай, себебі оқығанда нақты түсіне аласыз. Ғылыммен айналысамын десеңіз ағылшын тілін білуіңіз керек. Әлемде болып жатқан ашылуларды, ғылыми зерттеулерді бірінші болып оқи аласыз. Ағылшын тілін білу артық етпейді. Тіл де спорт сияқты, уақыт бөліп, күнделікті жаттығу қажет. Неғұрлым жас кезде үйренсеңіз соғұрлым болашақтағы уақытыңызды үнемдейсіз әрі жылдамырақ үйренесіз. Мектепте қайта оқысам, ағылшын тілін саналы түрде ертерек өзім үйренер ме едім. Сондықтан мұғалімдер өз пәнін біліп қана қоймай, әрбір білім алушының потенциалын байқап, шамшырағын жаға білуі керек. Өзім де әлі күнге дейін бағыт-бағдар беретін менторларыма арқа сүйеймін