Kisu 2012 жылы "24K" тобының құрамында дебют жасаған Оңтүстік Корея әншісі. Топ Еуропа мен Оңтүстік Америкадағы 30-дан астам елде өнер көрсетіп асқан танымалдылыққа ие болған. Кейін Kisu топтан шығып Отан алдындағы борышын өтеп келген соң Sweet Lies ep альбомымен жеке шығармашылыққа қадам басады. Содан бері ол "Бала", "Сенің толқының", "Чизбургер", "Барлығы жақсы болады" және "Драйв" атты бес альбом шығарып үлгерді. Kisu сахнада ән айтып қана қоймай, сөзі мен музыкасын жазады және өзге әріптестеріне бейнебаян түсіреді.

K-pop әншісі Informburo порталына берген сұхбатында Қазақстаннан алған әсері, шығармашылығындағы жаңалықтар мен алдағы жоспарлары туралы әңгімеледі. 

– Қазақстанға келгелі қандай әсердесіз? 

– Әлемнің қай елі болмасын әрқайсысының көздің жауын алатын жауһары, ешкімге ұқсамайтын тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрі, табиғаты болады. Оның үстіне бұл менің Орталық Азияға алғашқы сапарым болғандықтан және бұған дейін қазақ азаматын кездестірмегендіктен, бұл саяхатты асыға күтуіме себеп көп болды. Соңғы үш апта бойы youtube желісінен Алматы туралы түрлі видео қарап шықтым. Табиғатының қаншалықты әсем екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын, мұны тек көру керек, сезіну керек. Жоспардан тыс басқа әріптестеріме қарағанда қалада ұзағырақ қаламын деп шештім. Сол кезде Үлкен Алматы өзені, Көлсай және Шымбұлақты көргім келеді.

– Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Өзім жеке орындаушы болып шыққалы "Бала", "Сенің толқының", "Чизбургер", "Барлығы жақсы болады" және "Драйв" атты бес альбом жазып шығардым. Дәл қазір 2024 жылдың басында шығатын альбомымды жазу үстіндемін. 

– Ол не туралы болады?

– Бұл жолы әндерімнің уайымсыз-қайғысыз бақытты жастық шақ секілді ерекше күш-қуатқа толы болғанын қалаймын. Яғни әндерімнің барлығы көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын болады. 

Фото:  Михаил Ситников

– Қазір көптеген k-pop жұлдыздар сахнада ән салып қана қоймай, дорамаларға қуана түседі. Мұндай ұсынысқа келісер ме едіңіз?

– Осы уақытқа дейін кино саласында азды-көпті рөл ойнағаным бар. Кейін осы тәжірибемнің арқасында режиссер ретінде бейнебаяндар түсіріп жүрмін. Дегенмен өзімді басқа салада әрі қарай да шыңдап көруге еш қарсы емеспін. 


Оқи отырыңыз: Режиссер Дархан Төлегенов: Кино – иррационал өнер, екі элементті қосқанда не шығарын білмейсің


– Оңтүстік Кореяда әскери борышты өтеу мерзімі 2 жылға созылады және жұлдыздардың барлығы міндетті түрде әскерге барады. Бұл k-pop жанкүйерлерінің жүрегін ауыртады, ал әртістерге осы уақыт қалай әсер етеді?

– Тек әскерге бару мағынасында айтсақ, мен Отан алдындағы борышымды өтедім. Иә, көптеген жұлдыздың тыңдарманын, жанкүйерін жоғалтып аламын немесе шығармашылығымнан алыстаймын деп қорқатыны рас. Барлығымыз да қарапайым адам болғандықтан, бұлай қорқуымыз да орынды шығар. Екінші жағынан жанкүйерлер өзі сүйетін әртісті бәрібір де асыға күтеді деп ойлаймын. Яғни шығармашылық әскермен тоқтап қалмайды. Керісінше көптеген әнші, актерлердің әскерден кейін жұлдызы оңынан туып жатады. 

Фото:  Михаил Ситников

– Концерттерден кейін қалай қалпына келесіз?

– Кейде пендешілікке салынып өзімізді кішкене жұлдыз сезінсек те, бізге осы мәртебені беретін тек тыңдармандар. Мейлі қанша жерден талантты болсақ та, жата-жастана еңбектенсек те, тыңдармандарымыздың махаббатынсыз біз ешкім емеспіз. Мұны ұмытпауымыз керек. Мен үшін әнімді сүйіп тыңдайтын жанкүйерлерім бірінші орында тұрады. Әр концертте олардан алатын махаббат сезімі шығармашылықтан алыстамауыма себепші. 

– Қазақстаннан кейін Орталық Азияның басқа елдерін аралау жоспарыңызда бар ма?

– Шынымды айтсам, Қазақстанда осыншама көп тыңдарманым бар деп ойлаған емеспін және шексіз қуаныштымын. Жуырда Korea Spotlight фестивалінде тек бірнеше ән сала алдым. Алда жеке ән кешін өткізуге ниет етіп отырмын. Мұнымен қатар Алматы қаласының табиғаты ұнағаны соншалық мұнда бейнебаян түсіргім келеді. Бейнебаян не туралы болатыны белгісіз, бірақ онда әсем қаланың көрікті жерлерін көрсеткім келеді. 


Оқи отырыңыз: Димаш Құдайберген: Адамзатты тығырыққа тіреген мәселелердің тоқтауы – бейбітшілікке ұмтылыс