Тікелей эфир

Димаш Құдайберген: Адамзатты тығырыққа тіреген мәселелердің тоқтауы – бейбітшілікке ұмтылыс

Сурет: Informburo.kz
Сурет: Informburo.kz
Әнші соғысты болдырмауға үндеген бейнебаянының тұсауын кесті.

Димаш Құдайберген үш жылға жуық уақыт әзірлеген композициясын жарыққа шығарды. Адамзатты бейбітшілікке үндеген "Бір аспан тарихы" бейнебаянын түсіруге 200-ден астам адам атсалысқан. Осы орайда, әнші тыңдармандарын барлық ұлтты құрметтеуге шақырып, қазақ тілі мәселесі туралы айтты. 

"Қазіргі таңда қазақ тілі мәселесін қозғамау дұрыс емес деп ойлаймын. Болашағымыз өскелең ұрпақтың дүниетанымы, қандай мәдениетті бойына сіңіретіні және қазақ тілі мәселесіне көңіл бөлуге байланысты. Ең бастысы – барлық тілге ерекше құрметпен қарау. Десе де қазақ тілінің қадірін ұмытпайық. "Ана тілің – арың бұл, ұятың болып тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" деген өлең жолдарын "Ана тілің – арың бұл, ұятың болып тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл де құрметте" деп айтқым келеді. Басқа тіл мен ұлтқа деген құрметіміз түсіп қалмауы керек. Ал ана тілімізге деген құрмет арта түсуі керек", – деді Димаш Құдайберген. 

Мұнымен қатар, ол ағылшын тіліндегі The story of one sky бейнебаянын көпшілікке таныстырды. 


Оқи отырыңыз: Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы концерті қалай өтті? Фоторепортаж


"Адамзат, барлық ұлтқа ерекше сүйіспеншілік, құрмет, махаббатпен қарайық. Ешуақытта ұлттың жаманы болмайды. Алып-қашпа тудыратын адамдарға да еруге болмайды. Осы заманда бірлік пен тыныштығымызды ойлап жүрейікші. Еліміздің болашағы үшін қазір тыныштық керек. Ұлт пен ұлт, ел мен ел арасында қай мәселе болмасын түсініспеушілік тудырып алмай, тыныш, бейбіт өмір сүргенге не жетсін!?" – деді әнші. 

Димаш Құдайбергеннің 200 адамның еңбегі жинақталған бейнебаянын келесі сөздермен аяқтаған:

"Диалог, өзара түсіністік пен толеранттылық, басқаларды қабылдау және бейбіт өмірге ұмтылу адамзаттың көп бөлігін тығырыққа тіреген экономикалық, әлеуметтік, саяси және экологиялық мәселелерді азайтуға үлкен үлес қосар еді".

Серіктестер жаңалықтары