"Көлсай көлдерінің" директоры: Ұлттық саябаққа келушілерді шектеу – тазалықты сақтауға көмектеседі
"Көлсай көлдері" ұлттық саябағының директоры Ержан Қалматаев экотуризмді дамыту бағытында қандай жұмыстардың жүргізіліп жатқанын әңгімеледі. Мұнымен қатар, ол осы күнге дейін туристер тарапынан айтылған шағымдарға жауап берді.
– Экотуризмді қалай дамытып жатырсыздар?
– Соңғы жылдары ұлттық саябақтарға жекеменшік инвестор, халықаралық донор компаниялар және мемлекет тарапынан көп уақыт пен қаржы бөлініп жатыр. Осыған байланысты ұлттық саябақтардың дамуы қарқын алды, әсіресе, экотуризмге көңіл бөлініп жатыр. Бұл дүниежүзілік үрдіс енді біздің елде де асқан жылдамдықпен дамуда. Яғни, ешқандай ғимарат салынбайды, контейнер қойылмайды. Тек ақпарат жазылған аншлагтар мен табиғатпен үйлесім тапқан кішігірім құрылымдар ғана бой түзейді.
Биыл пилоттық жоба ретінде жергілікті, шетелдік туристермен бірге Ыстық Көлге қарай саяхаттадық. Сондай-ақ, жуырда Саты шатқалының ашылғанын атап өтуіміз керек.
– Шатқал бұрыннан бар, оны жарнамалаудағы мақсат қандай?
– Соңғы 7-8 ай көлемінде Саты шатқалындағы жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, туристерге арналған ақпарат жазылған аншлагтар орнатылды. Аншлагтарда карта, жолдың ұзақтығы, қандай жануарлардың мекендейтіні және т.б. ақпарат жазылған. Мақсаттарымыздың бірі экотуризмді дамыту болғандықтан, жаңа құрылымдарды аса көзге түспейтіндей етіп жасадық.
Ал бұл шатқалды ашудағы басты мақсатымыз – Көлсай мен Қайыңды жүктемесін азайту. Қазірдің өзінде хайкинг клубтардың өкілі жаңа ашылған соқпаққа қызығушылық танытып отыр.
– Маршрутты жөндеуге қанша қаржы жұмсалды?
– Жөндеу жұмыстарын Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы толықтай қаржыландырды. Бірақ қаржыландыру көлемін ашып айта алмаймын.
Оқи отырыңыз: Көлсай мен Қайыңды туризмі: Саты шатқалында жаңа экологиялық маршрут ашылды
– Көлсай мен Қайыңдының биылғы жүктемесі қандай және жаңа маршрут арқылы оны қаншаға азайтуды жоспарлап отырсыздар?
– Жүктемені нақты қаншаға азайтатынымыз туралы дәл қазір мәлімет жоқ, оны тек жыл басында жариялай аламыз. Ал Көлсай мен Қайыңдының осы күнге дейінгі жүктемесі 200 мың туристен асып отыр. Сол себепті антропогендік жүктемені азайту табиғат үшін маңызды. Екінші жағынан осы екі жүз мың адамның барлығы соқпақтармен жүріп өтті деген ой қалыптаспауы керек, керісінше олардың басым бөлігі "селфи туристер". Яғни олар тікелей көл жағасына келіп, суретке түсіп қайтады. Максимум 20 пайызы ғана соқпақтармен жүріп өтетін шығар.
– Осы туристерден келген табыс қандай болды?
– Өткен жылы соқпақ жолды қолданғаны үшін туристер ұлттық саябақтың шотына жалпы 100 миллионнан астам сома аударды. Оның тең жартысы қызметкерлердің жалақысы мен саябақты цифрландыру жұмыстарына және тазалықты сақтауға жұмсалды.
– Қайыңдыға жол қашан салынады?
– 2017 жылы жаңа жолдар салынып басталғалы туризм асқан қарқынмен дамып жатыр. Ал дәл Қайыңдының жолы былтыр салынып басталды. Қазір жолды түзеу және кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша келесі жылы аяқталып, туристер оны қолдана алады.
– Асфальт төселе ме?
– Тек әкімшілік территориясына дейін төселеді, ары қарай тасжол болады.
– Ал ұялы байланыс мәселесін қалай шешіп жатырсыздар?
– 2022 жылдың басынан бері Beeline 4G істейді. Жалпы байланыстың келуімен цифрландыру жұмыстары сәтті жүріп жатыр. Жыл соңына дейін Kcell 4G келеді деп жоспарлап отырмыз.
– Дәретханалардың жабық болуына қатысты шағым көп айтылады? Олар, расымен, ашық па?
– Бұл мәселе қазір өте өзекті. Бұл бағыттағы жұмыстарды өткен жылы бастап, жалпы 12 дәретхананың жетеуі қазір жұмыс істеп тұр. Ал қалған бесеуі келесі жылы іске қосылады. Расымен де, арасында жабық болған кездері болды. Ол кезде дәретхананы тазалайтын мамандар шақырып, арасында өзіміз қолмен жөндеген кездер болды. Яғни дәретханалардың жабық болуы жарық, канализациямен тікелей байланысты.
Оқи отырыңыз: Алтын-Емел мен Шоқанның жолы. Туризм ауылдар тұрмысын қалай өзгертіп жатыр?
– Туристер суретке түсуге арналған пирстердің ақылы екеніне шағымданды. Олар неге ақылы?
– Бас жоспарда суретке түсетін аумақ қарастырылған. Яғни ұлттық саябаққа кірдіңіз бе, қай жерде, қалай түскіңіз келетінін өзіңіз шешесіз. Ақы сұрайтын жекелеген кәсіпкерлер бар. Олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Саябаққа өткізу пунктінде жедел желінің және менің нөмірім жазылған. Бірден хабарласып, мәселені сол жерде шеше аламыз. Үнемі қызмет сапасын жақсартуға тырысамыз.
– Мейрамханалар түскі ас алмасаңыз, бір стақан кофе алып отыруға рұқсат бермейді. Ал ондай түскі астың бағасы кемінде 5 мың теңге. Неге бұлай?
– Әңгіме қай мейрамхана туралы болып жатқанын түсініп тұрмын. Сондай-ақ, мұнда мейрамханадағы депозит туралы сөз болып жатыр. Бізде кәсіпкерлермен ұзақ және қысқа мерзімдегі келісімшарт бар және тиісті салықтарын төлеп жатыр. Сол келісімшартқа сәйкес, біз оларға бағаларға қатысты нұсқау бере алмаймыз. Ал егер қандай да бір алаяқтық жасап жатса, әрине, араласамыз.
– Десе де, бұл жағдайы орташа қазақстандық үшін қолжетімсіз ғой...
– Ол мейрамханадан бөлек, Сатыда түрлі қонақүй бар. Сол жерде баға өте қолжетімді. Мысалы, бір тәулікке жатын орын мен үш уақыт тамақ адам басына 10-12 мың теңге. Меніңше, бұл баға салыстырмалы түрде әлдеқайда арзан.
– Мейрамханалар көбейіп келеді. Осы орайда, қоқыс мәселесін қалай шешіп жатырсыздар?
– Біріншіден, саябақ аумағында тазалықты сақтау үшін өз техникамызды іске қостық. Екіншіден, алдағы уақытта саябаққа аумағына кіруге қатысты шектеу болады. Яғни шетелдегідей бір күнде тек 8 мың адамға билет сатылуы мүмкін. Осы секілді шаралар саябақ аумағын тазалап үлгеруге мүмкіндік береді деп ойлаймын.