Парламент пен медиа кеңістігінде елден тысқары шығарылатын руда мен концентраттың құрамын бақылау мәселесі көтерілген соң, бұл тақырып қоғамдық және саяси сипатқа ие болды. Бұған ілеспе компоненттердің, соның ішінде ұлттық экономика үшін стратегиялық маңызы бар сирек кездесетін металдардың есепке толық алынбауы мүмкін деген мәлімдемелер түрткі болды, деп хабарлады Nege.kz.

Биыл "Ақ Жол" фракциясының жетекшісі Азат Перуашев тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауал жолдағаннан кейін пікірталас тіпті күшейе түсті. Сауалда принципті мәселе көтерілді: мемлекет экспортқа шығарылатын шикізаттың нақты құрамын қаншалықты бақылап отыр және талдау мен есепке алу жүйесінің кемшілігінен бюджет шығынға ұшырап жатқан жоқ па?

Осы ретте еліміздегі ең ірі жер қойнауын пайдаланушылардың бірі "Қазақмыс" корпорациясы назарда. Талқылауға компанияның химиялық зертханаларының бұрынғы басшысы Бақыт Әділованың "Гиперборей" YouTube-арнасында жасаған жария мәлімдемелері себеп болды. Мемлекет руда мен концентрат экспортынан түсетін кірісті жылдар бойы толық алмай келді ме деген әңгіме дәл осы мәлімдемелерден басталды.

Әділованың айтуынша, әңгіме кәсіби ортада жартылай сандық деп саналатын және технологиялық процесті жедел бақылау үшін қолданылатын рентген-спектрлік талдау туралы болып отыр. Алайда, маман ұлттық және мемлекетаралық стандарттар өзара есеп айырысу, экспорт және кедендік рәсімдеу үшін металдарды есепке алғанда толыққанды химиялық талдауды қолдануды талап ететінін баса айтады.

Есептегі қателік: кездейсоқтық па, әлде әдейі жасалған ба?

Әділова 2019 жылдан бастап Балқаш өңірінің орталық химиялық зертханалары аутсорсингке берілгеніне ерекше назар аударды. Оның сөзінше, бақылау жүйесі дәл осыдан кейін ашықтығынан айырыла бастаған. Ол байыту фабрикаларындағы рентген-спектрлік зертханаларды аккредиттеу іс жүзінде экспортталатын шикізаттағы металл үлесін төмендетіп көрсетуге жол ашқанын алға тартады.

Бір қарағанда, талдау әдістері туралы дау кәсіби келіспеушілік сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, шын мәнінде бұл мемлекеттің тікелей экономикалық мүдделеріне қатысты мәселе, өйткені мыс концентраты дегеніміз – тек қана мыс емес. Оның құрамында әлемдік нарықтағы бағасы жыл сайын өсіп келе жатқан ілеспе бағалы және сирек кездесетін элементтер болуы мүмкін. Егер бұл компоненттердің үлесі толық ескерілмесе, мемлекет экспортталатын ресурстардың нақты құнын бағалай алмайды. Президент деңгейінде сирек кездесетін металдар саласын дамытуға және Жапониямен халықаралық әріптестікке басымдық беріліп отырған шақта мұндай көмескілік жүйелік қауіп ретінде қабылданады.

Наурыз айының басында бұл тақырып парламент деңгейіне көтерілді: "Ақ Жол" фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Мәжілісте депутаттық сауал жолдап, баспасөздегі жарияланымдар мен "Гиперборей" арнасында айтылған деректерге сүйенді.

Өнеркәсіп министрлігі бақылаудың қажеттігін мойындады

2025 жылдың қазан айында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қосымша бақылау механизмдерінің қажет екенін іс жүзінде мойындады. Мемлекеттік орган "Эксклюзив" журналистерінің сауалына берген жауабында сирек кездесетін металдарға бақылауды күшейту, оның ішінде халықаралық қатысушылармен бірлесе отырып мамандандырылған зерттеу орталығын құру және аккредиттелген зертханалар тізімін жасақтау жоспарлары туралы хабарлады. 

Ел басшылығы жоғары технологиялы экономикалар үшін сирек кездесетін металдардың сенімді жеткізушісі болуға ниет білдіріп отырған сәтте, ірі кәсіпорындарда бақылаудың "сұр аймақтарының" болуына жол беруге болмайды.