Қазақстан Республикасының сирек және сирек жер металдары саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі елдегі сирек металдар туралы мәліметтерді құпия деректер тізімінен шығаруды ұсынды. Мамандардың зерттеуінше, бұл аталған салаға шетелден инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған құжатта жазылды.
Құжатта сирек металдар мен сирек жер металдарына қатысты қазіргі проблемалар айқындалған. Олар:
- негізгі қуаттарының тозуы;
- қолданыстағы кен орындарының құпия мәліметтеріне қол жетімділіктің болмауы;
- экстракция мен қайта өңдеудің маңызды технологияларына қол жетімділіктің болмауы;
- қатты минералды қалдықтарды бағалау мен коммерциялық пайдаланудың төмен деңгейі;
- баға белгілеумен, стандарттармен байланысты саланы реттеудің өзекті емес регламенттері.
Кешенді жоспар 2028 жылға дейінгі кезеңге Қазақстанның СМ және СЖМ саласын кезең кезеңімен реформалау мен кешенді дамытудың пайымы мен негізгі тәсілдерін айқындайды.
Оқи отырыңыз: "Тастағы сурет үстіне өз есімін қашайды". Аққайнардағы таңбалы тастарға жойылу қаупі төніп тұр
Сондай-ақ құжат мынадай бағыттар бойынша саланы тиімді дамыту үшін тежегіш факторларды талдауды және қажетті бастамаларды қамтиды:
- Қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және кеңейту, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды игеру;
- Ресурстық базаны ұлғайту, оның ішінде кен орындарын коммерциялық пайдалануға, оның ішінде техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеуге инвестициялар тарту есебінен;
- СМ және СЖМ қызметінің нормативтік құқықтық базасын реформалау.
"Қазақстан Республикасында СМ және СЖМ саласын реттейтін базалық нормативтік құқықтық құжаттар жоқ. СМ және СЖМ саласындағы терминдерді біркелкі түсіндіру үшін осы металдардың тізбесін көрсете отырып "сирек металдар", "сирек жер металдары" ұғымдары заңнамалық түрде бекітілмеген. Ұғымдарды біркелкі түсіндірудің болмауы ұлттық статистикалық есептілік деректері негізінде саланың даму көрсеткіштерін бара-бар бағалауға кедергі келтіреді", – делінген құжатта.
Мысалы, статистика СМ және СЖМ өндірушілерімен 24.45.5 "Сирек, сирек жер металдары мен жартылай өткізгіш материалдар өндірісі" және 24.45.2 "Титан өндіру, титан ұнтағы, магний, вольфрам және молибден ұнтағы өндірісі" екі ЭҚЖЖ ескереді. Осы ЭҚЖЖ бойынша деректер саланың дұрыс емес көрсеткіштерін қамтуы мүмкін, өйткені статистикалық есептерде қандай металдар СМ және СЖМ-ге жатқызылғаны белгісіз, ал магний СМ және СЖМ стандартты тізбесіне кірмейді.
Оқи отырыңыз: "Мал құлап өледі". Атырауда ауыл тұрғындары қайта ашылған карьер жұмысына қарсы
"Кейбір СМ және барлық СЖМ баланстық қорлары туралы мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу салаға инвестициялар тарту процесіне теріс әсер етеді. Бұл ақпарат СМ және СЖМ бар кен орындары мен техникалық минералды түзілімдер бойынша өзекті деректерге ие болуы тиіс әлеуетті инвесторлар үшін қолжетімді болуы қажет. 2021 жылғы тәжірибе көрсеткендей, бірқатар СМ баланстық қорларын, соның ішінде литийді құпиясыздандыру осы салаға инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде екі қазақстандық жер қойнауын пайдаланушы неміс компаниясымен литий кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге шарттар жасасты", – делінген құжатта.
Кешенді жоспар жобасы 13 қарашаға дейін қоғам талқылауында болады.