Осыған байланысты Informburo.kz ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның пікірін сұрап білді.

– Динара Болатқызы, заңға енгізілген түзетулердегі өзіңіз көптен күткен, ең маңызды деген аспектілерді атап өтсеңіз.

– Бұл заң жобасында кешенді тәсіл көзделгенін атап өту маңызды. Біріншіден, бұл мына мәселелерге бағытталған:

  • алдын алу шаралары, отбасын қолдау орталықтарын әр ауданда ашу, балаларды психологиялық қолдау орталықтарын ашу;
  • жағдайы қиын отбасыларға көмек көрсетуді ұйымдастыру құзыретін бекіту;
  • агрессормен психологиялық жұмыс (ҚР ҚК ерекше талаптар институтын енгізу аясында);
  • зорлық-зомбылыққа, буллингке тап болған балаларға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу құзыретін бекіту.

Екіншіден, заңда зорлық-зомбылық қылмыстық жауапкершілікке жатқызылып, ұрып-соғуға және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қатысты жауапкершілік Қылмыстық кодекске енгізілді. Сонымен қатар, балаларға қатысты қылмыстар үшін жаза қатаңдатылды. Олар: азаптау (жаңа редакция), денсаулыққа ауыр, орташа зиян келтіру, кәмелетке толмаған адамды ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру.

Сондай-ақ, төмендегідей өзгерістер де енгізілді:

  • бала зорлау үшін бас бостандығынан тек өмір бойына ғана айыру;
  • "балаға жыныстық сипатта тиісу" бабын енгізу;
  • балаға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстарды тергеу әрекеттері кезінде қамауда ұстау;
  • балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялауды енгізу (МӘМ, лагерьлер);
  • баланы автобустан мәжбүрлеп түсіріп тастау үшін жауапкершілік енгізу;
  • буллинг үшін жауапкершілік және тағы басқа.

– Бишімбаев оқиғасының резонансы бұл заңның қабылдануын жеделдетті деуге бола ма?

– Заң мемлекет басшысының 2023 жылғы қыркүйектегі жолдауында белгіленген. Заң жобасын дайындауды біз президент тапсырмасымен өткен жылдың маусым айында бастадық. Процеске мемлекеттік органдар, президент әкімшілігі, ұлттық құрылтай, ұлттық комиссия мүшелері, сарапшылар және үкіметтік емес ұйымдар атсалысты. Былтырғы қыркүйекте мен заң жобасын Бас прокуратура мен Мәжілісте таныстырдым. Кейін оған Мәжіліс, Сенат депутаттарының толықтырулары енгізіліп, қабылданды.


Оқи отырыңыз: Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңдарға қол қойды


Заңдағы 70-тен астам өзгертулер мен толықтырулар сіз жиі көтеріп жүрген қандай мәселелердің шешілуіне септігі тиеді деп ойлайсыз?

– Әлбетте, көмегі тиетініне сенімім мол. Жалпы, заң екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – алдын-алу механизмдерін енгізу, яғни отбасыларға, балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құруға байланысты позициялар. Екіншісі – балаларға жасалатын қылмыстарға тағайындалатын жазаны қатаңдату. Себебі, бұл – зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастырудың бір жолы.

Заң жобасында балаға қарсы жасалған зорлық-зомбылық үшін татуласу рәсімін алып тастауды көздедік.

Балаларға жасалған ауыр қылмыстар үшін бас бостандығын шектеу деген жаза түрін алып тастауды да қарастырдық, себебі бұл жаза кезінде қылмыскер үйінде қалады және сол уақытта ол одан да ауыр қылмыс жасауы мүмкін. Мысалы, былтыр Жібек жолы ауылында кішкентай қызды өлтірген қылмыскер осындай жеңіл жазаның кесірінен үйде отырған.

Одан бөлек, сотқа балаға қатыгездік танытқан адамға міндетті психологиялық көмек алуды тағайындау мүмкіндігін енгіздік. Уәкілетті органға зорлық-зомбылық құрбаны болған балаға арнайы көмек көрсететін функцияны енгізіп жатырмыз.

Балаларды автобустан түсіріп кетуге тыйым салып жатырмыз. Себебі, қазіргі таңда 5 өңірде ғана балаларға жол жүру тегін. Кейбір өңірлерде ақшасын ұмытып кеткен балаларды ауа-райына қарамастан қоғамдық көліктен түсіріп кеткен жағдайлар жиі кездесіп отыр.

Жалпы, заң жобасының мақсаты балаларға қол көтермеу мәдениетін қалыптастыру, жазаны қатаңдату, сонымен қатар алдын-алу механизмдерін құру дер едім.

– Әлеуметтік желіде ата-аналар арасында "жаңа Заң бойынша енді балаларды әке-шешесінен тартып алуға да болады екен" деген қауесет желдей есіп тұр. Осыған не дейсіз?

– Бұл Заңда балаларды ата-анасынан алып қоюға қатысты ешқандай өзгеріс жоқ.  Баланы  отбасынан алып қою мәселесі  "Неке және отбасы туралы" Кодексте бекітілген және ол 2011 жылдан бері қолданылып келеді. Мысалы, қазіргі таңда 12 мың бала қолайсыздық бойынша есепте тұрған отбасыларда тұрады. Олар ата-аналарымен бірге тұрып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар бұл отбасыларды үнемі бақылауда ұстайды және қажетті профилактикалық шаралар жүргізеді. Себебі мемлекеттің мақсаты – отбасын барынша сақтап қалу.


Оқи отырыңыз: Қарин: Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға негізделген ең озық заңнама қалыптасты


– Заң бұзғандарға қандай санкциялар қарастырылады?

– Жазаны қатаңдату үшін ұрып-соғуға және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қатысты жауапкершілікті Қылмыстық кодекске енгіздік. Бұл әрекеттерді жасаған адам енді 25 күнге дейін қамауға алынады. Ал денсаулыққа жеңіл зиян келтірген адам 50 күнге дейін қамалады. Ал бұл әрекеттер балаға жасалса, қылмыскер ұрып-соққаны үшін 50 күнге дейін, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Бұған дейін "Ұрып-соғу" және "Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру" деген баптар Әкімшілік кодексте болды. Бұл баптар бойынша агрессорға ескерту жасалып, 15 тәулікке дейін жауапкершілік берілетін. Енді мұндай әрекетті жасаған адам жазаның қатал екенін білуі керек. Себебі жазасыз қалған адам келесі жолы одан да ауыр қылмыстар жасауы мүмкін. Тәжірибе көрсеткендей, жылына орта есеппен 500 адам тұрмыстық зомбылыққа қатысты қылмысты қайталайды.

Сонымен қатар, заңда "Ерекше талаптар" деген бап бар. Бұл бап бойынша агрессормен психолог жұмыс істейді.