Энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүректі қатты зақымдайды. Оның әсерінен қан қысымы қатты көтеріліп, жүрек жиі соға бастайды және салдары миокард ишемиясы мен жүрек жеткіліксіздігіне алып келеді, деп мәлімдеді №2 Алматы қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Ардақ Тұрғанбаева.

Мемлекет басшысы жасы жиырма бірге жетпеген Қазақстан азаматына энергетикалық сусын сатып алуға тыйым салатын заңға қол қойды. Энергетикалық сусындардың аса қауіпті екенін айтып, дабыл қаққан Ардақ Тұрғанбаева қабылданған заңның болашақ ұрпақты аман сақтап қалуға көп көмектесетінін айтады. Мұнымен қатар, дәрігер энергетикалық сусындар құрамындағы заттардың жасөспірімдерді түрлі созылмалы ауруға шалдықтыратынын айтып дабыл қақты. 

Ардақ Тұрғанбаеваның айтуынша, алыс-жақын шетелде амалсыз экономиканы адам денсаулығынан жоғары қоятындықтан, осындай заңның қабылданбай келе жатқанын айтады. 

Энергетикалық сусын неден жасалады?

Энергетик – ішкен жанның көңіл-күйін көтеріп, уақытша күш сыйлайтын сусын. Әсері қысқа уақытқа ғана созылатын сусын ішкен адамның жүйке жүйесін қоздыратын болады. Құрамындағы көп мөлшердегі қант қоспасы мен көмірқышқыл газы асқазан мен бауырды қатты зақымдаса, кофеин оңай жазылмайтын жүрек ауруына әкеліп соғады. 

Энегетиктердің құрамында әлемдегі ең көп таралған психобелсенді зат "кофеин" бар және ол "жүйке жүйесі стимуляторы" қызметін атқарады. Жер бетіндегі адамдардың көпшілігі оны бала кезінен алкогольсіз сусын, какао, кофе және шай құрамында тұтынады. 

"Әр нәрсенің екі ұшы болатын секілді кофеинді норма көлемінде тұтынатын болсақ, ол аса зиян емес. Яғни бір тәулік ішінде ересектер 400 миллиграмм, ал 12-18 жастағылар 100 миллиграмм ғана тұтынуы тиіс. Алайда егер адам белгілі бір ауруға шалдыққан болса, онда 400 миллиграмның өзі оған көптік етуі мүмкін. Ал бала көтерген, бала емізетін аналар мен қарияларға мүлдем тұтынуға болмайды. Бұдан бөлек стимулятор қызметін атқаратын қант асқазанында жарасы бар және қант диабетіне шалдыққан адамдар үшін аса қауіпті. Энергетикалық сусындардың көбісінде екі түрлі амин қышқылдары – таурин мен L-карнитин болады", – деді жалпы практика дәрігері Ардақ Тұрғанбаева.

Ардақ Тұрғанбаеваның айтуынша, соңғы ғылыми зерттеулер L-карнитиннің атеросклерозға шалдықтыратынын көрсетіп отыр. Сондықтан ол аталған сусын құрамындағы аса улы қоспалардың біріне айналады. Алайда мұны білмейтін жастар оны арықтау үшін және бұлшық ет массасын жинау үшін көп мөлшерде тұтынады. 


Оқи отырыңыз: Энергетик сусындарды 21-ге толмағандар сатып ала алмайды. Мәжіліс заңды қабылдады


Сондай-ақ маман Ардақ Тұрғанбаева Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы бірнеше жыл бұрын жүргізген сауалнама туралы айтты. Арнайы мамандар он бір-он бес жастағы 8,5 мың оқушы арасында сауалнама жүргізген еді. Осы сауалнаманың нәтижесінде әрбір бесінші оқушының күнделікті тәтті сусын ішетіні анықталды. 

"Бала неғұрлым өскен сайын, соғұрлым түрлі дәмі бар сусында көп тұтынады. Зерттеуге сәйкес, он бір жастағы жасөспірімдердің 15 пайызы, он үш жастағы жасөспірімдердің 20 пайызы және он бес жастағы балалардың 30 пайызының күнделікті энергетикалық және тағы басқа сусындар ішетіні белгілі болады. Энергетикалық сусындар ішкен адамды өзіне тәуелді ететіндіктен, одан бір сәтте бас тарту мүмкін емес. Дегенмен шығар жол бар – бірте-бірте спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстану. Бастапқы кезде тәулігіне он-он бес минут спортпен шұғылдану жеткілікті. Қазақстанның да Жапония елі секілді салауатты өмір салтын ұстануға, оны мемлекет деңгейінде насихаттауға көңіл бөлгенін қалаймын. Біздің елімізге де осы бағытта көбірек жұмыс істеу қажет деп ойлаймын. Себебі күш біріктіре отырып жастардың санасына әсер ету оңайырақ болады", – деп қосты Ардақ Тұрғанбаева. 

Энергетикалық сусындар қандай ауруларға шалдықтырады?

Бұл сусындар адамның мінез-құлқының өзгеруіне де әсер етеді. Яғни олар адамды ашушаң етіп, мазасыз қылады және ең маңызды деген ағзаларды зақымдайды. 

"Президент бұл заңға қол қоймас бұрын көптеген зерттеу жүргізілгеніне сенімдімін. Мемлекет деңгейінде мұндай мәселенің көтерілуі энергетиктердің аз ғана дозасының өзі аса қауіпті дегенді білдіреді. Әсіресе жасөспірім шақтан жастар қатарына қосылып, ағзада көптеген өзгеріс болып жатқан кезде теріс әсерін көп көруге болады. Энергетик ішіп бастаған сау адамның өзі де жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығуы мүмкін. Сусынның құрамындағы кофеин әсерінен қан қысымы күрт артып, жүрек жиі соғады, жүрек жеткіліксіздігі, миокард ишемиясы деген секілді аурулар пайда болады. Қазір Қазақстанда да, шетелде де энергетик сусындарды көп тұтынған соң, жүрек талмасына ұшырап ауруханаға түсіп жатқандар көп. Кез келген психостимулятор секілді энергетиктер де жүйке жүйесіне теріс әсер етеді. Осының себебінен ұйқысыздық, бас ауруы, мазасыздық, агрессия, галлюцинация, үнемі шаршау сезімі пайда болады. Сондай-ақ, энергетик құрамындағы кофеин сусынға деген тәуелділікті арттырады. Бұлардан бөлек энергетиктер тісті зақымдап, артық салмаққа, семіздікке алып келеді", – деді Ардақ Тұрғанбаева. 

Мұнымен қатар, дәрігер энергетиктердің некроз, гепатит секілді бауыр ауруларына шалдықтырып, асқазанның қышқылдығын арттыратынын айтады. Бұл диарея, гастрит, ойық жара және қабынуды тудыруы мүмкін. Соңғы зерттеулердің бірінде дәрігерлер күніне бірнеше бөтелке энергетик ішетін жасөспірімдердің асқазан-ішек жолдарының бұзылып, екі елі ішектің қабынып, қан кететінін және артынша түрлі жара пайда болатынын анықтаған. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда әрбір оныншы адамның бүйрегі ауырады. Бұған энергетик пен газды сусындардың қандай қатысы бар


"Америкада дәрігерлер энергетикалық сусын тұтынған соң ауруханаға түсетін адамдардың 51 пайызы балалар екеніне көз жеткізген. Осы секілді дәлелді зерттеулерден кейін көптеген ел энергетикалық сусындарды балалар мен жасөспірімдерге сатуға тыйым салуға тырысты. Алайда, экономикаға кері әсерін тигізетін болғандықтан, бас тарта, тыйым сала алмады. Бізде 21 жасқа толмағандарға сатпау туралы шешімді – өте қажет қадам деп санаймын. Ата-аналарды баласына тәтті сусындар сатып алып бермеуге шақырамын", – деді дәрігер.