Жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі алқабилер сотында қаралады. Осы орайда құқық қорғаушы Айгерім Құсайынқызы Instagram парақшасында алқабилер соты немен айналысатынын түсіндірді.

Алқабилер соты институты Қазақстанда 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Айгерім Құсайынқызының сөзінше, осы уақыт ішінде юрисдикцияға қатысты жағдай бірнеше рет өзгерді:⁣

  • 2007-2009 жылдар аралығында алқабилер өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы істерді қарады. Осы кезеңде алқабилердің қатысуымен қаралған істердің саны жылына 50-ге жуық істі құрады;
  • 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер қатыса алатын қылмыстардың саны 13-тен 45-ке дейін өсті. ⁣

Алқабилер институты 2 негізгі нормативтік құқықтық актімен реттеледі:⁣⁣

  • 2006 жылғы 16 қаңтардағы "Алқабилер туралы" заң;⁣
  • Қылмыстық іс жүргізу кодексі.⁣

"Алқабилер соты – қоғамға сот төрелігін жүзеге асыруға қатысу құқығын беретін институт. Ол тараптардың бәсекеге қабілеттілігі, тәуелсіздігі, объективтілігі, кінәсіздік презумпциясы сияқты принциптерге жауап береді.⁣⁣ Бізде алқабилердің континенттік үлгісі қолданылады, ол француз үлгісіне сәйкес аралас сот үлгісі бола тұра кеңесу бөлмесінде тек алқабилер ғана емес, кәсіби судьялар да болатынын білдіреді", – деді құқық қорғаушы.

2020 жылы алқабилер соттарында 42 қылмыстық іс қаралса, 2023 жылы олардың саны 136 іске дейін өскен. Сот Назгүл Рахметуллина 2024 жылы алқабилер қарайтын істер саны 950-ге артады деп болжайды.⁣⁣

"Алқабилер соттары қаралған істердің 10 пайызға дейін ақтау үкімдерін қабылдайды. Жалпы соттарда бұл көрсеткіш 1,5-2 пайызды құрайды. Әрине, бұл сандарды сөзбе-сөз салыстыруға болмайды. Өйткені, жалпы соттарда айтарлықтай бөлігі тараптардың татуласуымен аяқталатын немесе сотталушы прокурормен "кінәні мойындау туралы мәміле" жасаған істерден, яғни кінәні мойындайтын істерден тұрады", – деп жазды Айгерім Құсайынқызы.

Еске салайық, 2023 жылы 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды. Хабарланғандай, 8 қараша күні кешке Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан әйел алған жарақатынан көз жұмды. Марқұм экс-министрдің әйелі, Павлодар қаласының тумасы Салтанат Нүкенова болып шықты. 11 наурызда Астанада осы іске қатысты сот отырысы басталды. Сот айыптау бабын жеңілдетпеді. Ал Қуандық Бишімбаев кінәсін мойындамады.