"Барлық жүйке ауруының басты емі – түнгі тыныш ұйқы". Неврологпен сұхбат
№2 Алматы қалалық емхананың невролог дәрігері Тілеужан Нүсіпов Қазақстан халқы арасында жиі кездесетін жүйке ауруларының түрлері және оларды емдеп жазу жолы туралы әңгімеледі. Дәрігер жүйкемен байланысты кез келген аурудың басты емі – түнгі ұйқының тыныш болуы екенін айтады.
– Қандай белгілер болған кезде невропатологпен кеңесу керек?
– Ересек немесе балаларда келесі белгілер байқалса: бас ауруы, бастың айналуы, ұстама, қимыл-қозғалыс үйлесімділігінің жоғалуы, көру немесе есту қабілетімен байланысты кінәраттар, есте сақтау қабілетінің бұзылуы, мінез-құлық пен көңіл-күйдің әп-сәтте өзгеруі және ұзаққа созылған жүйке аурулары кезінде.
– Бұл үшін әртүрлі диагностикалық әдістер қолданылады. Соның ішінде нейровизуалды тексеру (мысалы, МРТ және КТ), электроэнцефалография (ЭЭГ), электромиография (ЭМГ), электрофизиологиялық зерттеулер, биохимиялық қан анализі және басқа зертханалық әдістер.
– Қазір Қазақстанда жүйке жүйесінің қандай аурулары жиі кездеседі?
– Елімізде ең көп таралған түрлері – бастың сынып ауруы, эпилепсия, Паркинсон ауруы, инсульт, деменция, дисциркуляторлық энцефалопатия және нейропатия. Дегенмен, бұл толық тізім емес және басқа аурулар да жиі кездеседі.
Оқи отырыңыз: Қызылша қалай жұғады және оған қарсы екпе алу міндетті ме? Маңызды 8 сұраққа жауап
– Жүйке аурулары жасқа қарай бөліне ме? Яғни белгілі бір жастағыларда мына түрі көбірек кездеседі дегендей.
– Иә, жүйке жүйесінің кейбір ауруларының әртүрлі жас топтарында даму қаупі жоғары. Мысалы, эпилепсия көбінесе балалық шақта басталады, ал Паркинсон ауруы егде жастағы адамдарда жиі кездеседі. Дегенмен бұл басқа жас топтарында мүлдем кездеспейді деген сөз емес.
– Ауруханада "нейрогендік тортиколлис" диагнозы жиі қойылады. Ол қауіпті ме? Емдеу дұрыс жүргізілсе, толық жазыла ма?
– Нейрогендік тортиколлис – бұл мойын бұлшықеттерінің жиырылуына байланысты бала басының қисаюы немесе бүйірге қарай бұрылуы. Туа біткен немесе ерте балалық шақта пайда болса да, оны қауіпсіз әрі консервативті әдістермен емдеуге болады. Дәлірек айтсам, диагноз ерте қойылса, оны толығымен емдеп жазуға болады.
– Энурездің себебі не? Оны да емдеуге бола ма?
– Энурез қуықты бақылау механизмінің бұзылуы, түнде зәр шығарудың жоғарылауы және психологиялық факторлар әсерінен болады. Ол себебін дәл анықтаған жағдайда емделеді. Мысалы, дәрі-дәрмек терапиясы, мінез-құлықты өзгерту әдістері немесе психотерапия көмегімен.
Оқи отырыңыз: Дененің ісінуі, шаштың түсуі және ұйқысыздықтың себебі не? Фармацевт-нутрициолог түсіндірді
– Ұстамалар балаларда да жиі кездеседі. Оның себебі мен қалпына келу жолы қандай?
– Құрысудың да себебі әртүрлі, негізінен эпилепсия, фебрильді құрысулар немесе басқа факторлар. Оны да антиконвульсанттарды немесе басқа дәрі-дәрмектерді қолдану арқылы емдеп жазуға болады.
– Зейін тапшылығының гиперактивтілігінің бұзылуы қаншалықты жиі кездеседі? Оны емдеу үшін ата-анаға қандай кеңес бересіз?
– Назар тапшылығының гиперактивтілігінің бұзылуы – балалық шақтың ең көп таралған неврологиялық бұзылыстарының бірі. Ол назардың жетіспеушілігімен, гиперактивтілікпен және импульсивтілікпен сипатталады. НТГБ емдеу үшін дәрі-дәрмекпен қатар психотерапия тағайындалады. Әр балада әртүрлі дамитындықтан, невропатолог маманмен жеке кеңескен абзал. Ал ата-аналарға баласына осы диагноз қойылса, барынша сабырлы болуға кеңес беремін. Өйткені мұндайда балаға ұрыспаудың маңызы зор.
– Жүйке аурулары тұқым қуалай ма?
– Кейбір жүйке аурулары генетикалық бейімділігіне байланысты тұқым қуалайды. Мысалы, генетикалық мутацияға ұшырайтын аурулар – Альцгеймер, Паркинсон және эпилепсия.
– Психолог, психоаналитиктер балада пайда болатын ауруларды ата-аналардың ішкі жағдайымен байланыстырады. Сіз қаншалықты келісесіз? Науқастарды психосоматик мамандарға жіберетін кездеріңіз бола ма?
– Бұл мәселеде ғылым әлдеқайда дамып кеткен. Мысалы, психоаналитик мамандар "ата-ана бойдақ күнінде баласы туралы ойлағанда-ақ ол дүниеге келеді" деп есептейді. Яғни бәрі санада туады. Баланың жылап-күлуіне ата-анасының күнделікті психо-эмоциялық жағдайы тікелей әсер етеді. Әдетте психосоматик мамандарға жасөспірімдерді бағыттаймыз. Кейін бұл процеске ата-аналары да қосылып жатады.
Оқи отырыңыз: "Науқастардың 6 пайызына ғана І кезеңде диагноз қойылады". Қазақстандық дәрігерлер өкпе обырын алдын алудың жолын айтты
– Бала үшін ұйқыны қандырудың маңыздылығы туралы жиі айтылады. Тәулігіне қанша сағат және қай уақытта ұйықтағаны жақсы?
– Тұрақты және ұзақ ұйқы – жүйке жүйесінің қалыпты дамуы мен баланың жалпы денсаулығы үшін маңызды фактор. Балалар жасына қарай келесілер ұсынылады:
- 0-3 айлық нәрестелер – тәулігіне 14-17 сағат;
- 4-11 айлық – тәулігіне 12-15 сағат;
- 1-2 жастағы балалар – тәулігіне 11-14 сағат;
- 3-5 жастағы балалар – тәулігіне 10-13 сағат;
- 6-13 жастағы оқушылар – тәулігіне 9-11 сағат.
– Қазір балаларға тілдерді ерте жастан үйретеді. Сөйлеудің дамуы мен баланың жүйке жүйесінің дамуы арасында қандай байланыс бар?
– Сөйлеу дағдылары – мидың әртүрлі аймақтарының қалыпты жұмысы мен үйлестіруін қажет ететін күрделі процесс. Сөйлеудің дамуының кешігуі немесе бұзылуы жүйке жүйесіндегі бұзылулардың белгісі болуы мүмкін. Сөйлеуді ерте ынталандыру және дамыту жүйке жүйесінің оңтайлы дамуына ықпал етеді. Яғни балаға тіл үйретудің кемшін тұстарын көріп тұрған жоқпын. Кез келген жүйке ауруының басты емі – түнгі ұйқының дұрыс болуы.