Елордадағы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп еліміздің бас қаласында мемлекеттік тілді қолдау бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын әңгімеледі. 

– Астана қаласында қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін іс жүзінде қандай жұмыстар жасалып жатыр және нәтижесі қандай?

– Тәуелсіз ел болғалы 30 жылдан астам уақыт өтсе де, ана тілі мәселесінің өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Көпшілік ойлайтындай солтүстік өңірлерде ғана емес, оңтүстікте де тілге қатысты түйіткілді мәселелер жетерлік. Кішкене балапандарымыздың тілі тұтынатын контентіне байланысты орысша шығып жатыр, көшеде ілінген қазақ тілді жарнамаларда өрескел қателер жиі кездесіп жатады. Заң тұрғысынан қолбайлау бар екені де рас.

2023 жылы қаланың дизайн кодының арқасында 6 мыңнан астам заңсыз жарнаманы алып тастап, түзетіп ілгіздік. Тілдерді дамыту басқармасының өзі айыппұл салмай, түсіндіру жұмыстарының арқасында 1300-дей қате жарнаманы түзеткізді.

Дегенмен, тіл төңірегіндегі мәселелермен қатар осы бағытта жасалған игі істер де бар. Ұлтымыздың болашағын ойласақ, балаларымыздың өз ана тілінде сапалы білім ала алуына бүгіннен бастап жағдай жасауымыз қажет. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын Астана қаласындағы таза орыс тілді мектептердің саны 30-ға жуық болса, былтыр жаңа оқу жылында осылардың 8-і қалды.

Ал биыл қолданыстағы 100 мектептің үшеуі ғана орыс тілінде сабақ береді. Алдағы уақытта мемлекеттік тілдегі мектептер санын көбейту жоспарымызда бар.

Бұдан өзге көптеген ата-ананың баласын Binom мектептерінде оқытқысы келетінін көріп, аталған мектептерге сыныптардың кемінде 80 пайызы қазақ тілді болуы керек деген талап қойдық. Арада түсінбестік тудырып алмау үшін осы секілді жұмыстарды ақырындап жүзеге асырып келеміз және жүйелі түрде жалғасатын болады. Дегенмен, қазақ тілінің дамуы мен болашағы жекелеген азаматтардың өмірлік қағидаты және ерік-жігерімен тікелей байланысты.

Сондай-ақ, қазақ сыныбында оқыған бала орыс тілін білмейді деген мәселе жоқ. 

– Былтыр 1-сыныпқа барған 26 650 баланың 10 571-і орыс сыныбын таңдаған екен. Жылда бұл көрсеткіш қалай өзгеріп келеді?

– Екі жыл бұрын Астана қаласындағы оқушылардың 51 пайызы қазақ тілінде білім алуды жөн көрді. Былтыр қазақ тілінде білім алғысы келетін оқушылар үлесі 60 пайызға жетті. Мұның бәрі білім басқармасымен бірге жүргізген ақпараттандыру-түсіндіру және қазақ тілді сыныптар санын айқындаудың арқасында жүзеге асты. Білім алу тілін таңдау еркі берілсе де, жалпы қазақ тілінде білім алғысы келетін балалардың саны жыл сайын артып келеді. 

– Астана аудандары мен маңындағы ауылдардың атауы өзгерді. Ал көшелер ше?

– Астана қаласындағы құрамдас бөліктердің жалпы саны – 1168, оның ішінде даңғыл – 17, көше – 1110, тасжол – 4. 2022 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысы және Астана қаласы мәслихатының шешімімен жалпы 41 құрамдас бөлікке атау беріліп, қайта аталды. Қала көшелеріне Қазақстанның белгілі қайраткерлері Сафуан Шаймерденов, Дүкенбай Досжан, Еркеғали Рахмадиев, Александр Сызғанов және т.б. есімдері, Бозоқ, Ботай, Түймекент және т.б. жер-су атаулары берілді. Сонымен қатар елордамыздың 8 мекемесіне Өзбекәлі Жәнібеков, Қошке Кемеңгерұлы, Кемел Ақышев, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Дінмұхамед Қонаев, Фариза Оңғарсынова және Ыбырай Алтынсариннің есімдері берілді. 2023 жылы Астана қаласында 15 құрамдас бөлікке, соның ішінде 11 жобалық көшеге, 1 алаңға, 1 жаңадан ашылған ауданға атау беріліп, 2 көше қайта аталды.


Оқи отырыңыз: Тоқаев қазақ тілін қолдайтын қорға өз қаражатынан 7 млн теңге аударды


Атап айтқанда, қала көшелеріне қазақ даласынан шығып, Мысыр елінде 17 жыл Мәмлүктердің сұлтаны болған, тарихтағы аса көрнекті қолбасшы – Бейбарыс сұлтанның, екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері, майдангер-жазушы, білікті журналист, прозашы – Әскен Нәбиевтің, балалалар әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы, "Менің атым Қожа" шығармасының авторы – Бердібек Соқпақбаевтың, әйгілі академик, энергетик-ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстандағы энергетика ғылымының негізін қалаушылардың бірі – Шапық Шөкиннің және тағы басқалардың есімі берілді.

Сондай-ақ, халықаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында елорда көшелерінің біріне Әзербайжан Республикасының президенті және мемлекет қайраткері – Гейдар Әлиевтің есімі, Мажар ақыны – Шандор Петөфидің есімі, Түркия Республикасының құрылуының 100 жылдығына орай Анадолы атауы, атаусыз алаңға – Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңы атауы берілді.

Бұдан өзге "Астана қаласының кейбір білім беру ұйымдарына жеке адамдардың есімін беру туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 12 маусымдағы № 511-1116 қаулысымен елордамыздың 6 білім ордасына Талғат Бигелдиновтің, Мағжан Жұмабаевтың, Темірбек Жүргеновтің, Қадыр Мырза Әлінің, Ақжан әл-Машанидің, Тәттімбеттің есімі берілді.

– Көшелердің атауын өзгертуге тұрғындар тарапынан қандай да бір қарсылық бар ма?

– Әр тоқсан сайын көше мен мектептің атауын өзгертуге қатысты 100-ге жуық ұсыныс келіп түседі. Қала көшелері көп болмағандықтан, сұраған адамның бәріне атын бере алмаймыз. Арнайы мамандармен саралай отырып осы жүз ұсыныстың тек 10 шақтысын ғана мақұлдаймыз. Ал ұсынысын қабыл алмаған азаматтар әлеуметтік желіде қатты сынап жатады. Ал жалпы қала тұрғындары мен ғалымдар ономастикалық саясатты толық қолдайды. 

– Астанадағы тұрғын үй кешендерінің басым бөлігінің атауы шетелде жүргендей әсер қалдырады. Бас қаламызға бұл қаншалықты жарасады?

– Негізі, тұрғын үй кешенінің атауы ешбір жерде ресми тіркелмейді, жазылмайды, құжатта да аты аталмайды. Ресми түрде тұрғын үй кешенінің нақты мекенжайы ғана жазылады. Біз көтеріп отырған атау мәселесі құрылыс компаниясының жарнама кезінде тауып қойғаны. Бірақ, ешкім тұрғын үйді айтар кезде мекенжайымен айтпайды, құрылыс компаниясының бейресми қойған атымен атайды. Кілтипан осында. Проблема құрылыс компанияларының миында.

Заманауи, креатив, әдемі естілсін деп шетелдік атауларға әуестіктен пайда болады. Мемлекеттік органдар оларды құжат жүзінде түзеп бере алмайды. Өйткені, үйдің аты ешқандай жерде жазылмайды. Тек олармен алдын ала сөйлесу арқылы ғана біраз үйдің атын қазақи мазмұнда ауыстырып жатырмыз. 

Қазіргі интернет заманында азаматтардың сана-сезімі де өзгеріп жатқаны жасырын емес. Бұл жас сәбиге ең жиі қойылатын кісі есімдерінен де көрініп жатады. Қазіргі балалардың аттары бұрын-соңды кездесе бермейтін мазмұнда. Тұрғын үйлерге де осындай шетелдік атауларды беруге ұмтылу әрекеті деп білемін. Меніңше, тұрғын үйдің атын беруді заңдық тұрғыдан регламенттеп, атты қоярда бұрыннан қалыптасқан ономастикалық атаулар арасынан таңдау туралы шарт қойылса, бәрі де өздігінен түзелер еді.


Оқи отырыңыз: Қазақ тілінің Қазтест сынағын Информбюро сайтында тапсырып көріңіз


– Соңғы бірнеше жылда тарихи тұлғалардың қанатты сөздері жазылған панноларды жиі көретін болдық. Бұл да сіздердің бастамаларыңызбен жасалып отыр ма?

– Бір қарағанда әсемдік үшін ғана болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бұл – басқарманың ана тілді дамыту мақсатында жасалған жұмыстарының бірі. Қазір Астана қаласында қанатты сөздер жазылған 300-дей панно бар. Мұнымен қатар, қалада күнделікті қатынайтын 500 автобустың ішіне 1500 қанатты сөзді іліп қойдық. Бұдан бөлек, барлық автобуста көшелердің атауына қатысты мәлімет айтылады. Мысалы, Абай немесе Шоқан Уәлиханов көшесіне барған кезде 20-30 секунд олардың кім екені, еңбектері туралы аудиожазба қосылады. Қазір Рақымжан Қошқарбаев, Мәншүк Мәметова, Шәкәрім Құдайбердіұлы көшелеріне жеткен кезде осындай аудиожазба мәліметті тыңдауға болады. Мұның бәрі халықтың санасына оң әсер ететіні сөзсіз. 

– Астана қаласы әкімдігінің өзі іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізе ме? Әлде орысшадан қазақшаға аудара ма?

– Барлық кіріс-шығыс құжаттары мемлекеттік тілде жазылады. Заң бойынша өтініш қай тілде жазылса, сол тілде жауап беруге мүмкіндік берілген. Сондықтан сұрау орыс тілінде жазылса, оған жауап сол тілде беріледі.

Бірақ, қазір қала әкімінің тапсырмасымен мемлекеттік тілдегі құжаттар санын 100 пайызға жеткізу туралы тапсырма алдық. Қазір бұл көрсеткіш 96% болып отыр.

Яғни, алдағы уақытта өтініш орыс тілінде келсе, оған екі тілде қатар жауап беруді жоспарлап отырмыз.

Қазақ тілінің қолданыс аясы осындай қарыс қадамдар мен азаматтарымыздың ерік-жігерінің арқасында кеңейетіні сөзсіз. 


Оқи отырыңыз: Отандық ғалымдар жасанды ақылға 50 млн қазақ сөзін енгізді