АҚШ-тың 47-президенті әлем картасын қалай өзгертпек? Дональд Трамптың тосын мәлімдемелеріне шолу
Дональд Трамп 20 қаңтар күні АҚШ-тың 47-президенті қызметіне ресми түрде кіріседі. Ол сайлаудан жеңген бойда бірнеше мәлімдеме жасап үлгерген еді. Оның ішінде ЛГБТ-мен күрес, иммиграция және елдің шекарасына қатысты мәселелер бар. Трамп сөзінде тұра ма? Әлем оның бұл ниетін қалай қабылдады? Шолу жасап көрдік.
"Ресей мен Украина арасындағы соғыс алты айда аяқталады"
Сайлау науқаны кезінде Трамп егер АҚШ президенті болып сайланса, Ресейдің Украинаға қарсы соғысын 24 сағат ішінде тоқтататынын айтқан еді. Сайлауда жеңіске жеткен соң Флоридада өткізген баспасөз мәслихатында ол екі ел арасындағы қақтығысты алты ай ішінде тоқтата алаатынын айтты.
"Бәлкім, сәл ертерек. Ресей көптеген азаматын жоғалтып жатыр, Украина да солай. Бұл соғыс ешқашан болмауы керек еді", – деді сайланған президент.
Ресей президенті Владимир Путин бұл мәлімдемелер назар аударуға тұрарлық екенін айтты.
"Ресеймен қарым-қатынасты қалпына келтіру, Украина дағдарысын тоқтатуға көмектесу туралы айтқаны, менің ойымша, кем дегенде назар аударуға тұратын сияқты", – деді ол.
Ал Украина президенті Владимир Зеленскийдің пікірінше, Дональд Трамп Владимир Путинді және оның Украинаға қарсы бастаған соғысын тоқтатуға қабілетті.
"Трамп шешуші рөл атқаруы мүмкін. Бұл біз үшін маңызды. Ол Путинді тоқтатуға қабілетті, дәлірек айтсақ, Путинді тоқтатуға көмектеседі. Бұл оның қолынан келеді", – деді Украина президенті.
"Канада – Американың 51-ші штаты"
Дональд Трамптың ойынша, канадалықтардың көбі Канаданың АҚШ-тың 51-ші штаты болғанын қалайды. Ол бұл туралы 6 қаңтар күні Truth желісіндегі парақшасында жазды.
"Егер Канада АҚШ-қа қосылса, салықтар төмендетіліп, баж салығы жойылатын еді. Сондай-ақ, олар өздерін үнемі қоршап жүретін Ресей мен Қытайдың әскери кемелерінен толықтай қорғалатын еді. Бірге қандай ұлы ұлт болар едік!", – деп жазды ол.
Көп ұзамай ол парақшасында Канада АҚШ құрамына қосылса, карта қалай өзгеретінін көрсетті.
Канада билігі Дональд Трамптың бұл идеясынан үзілді-кесілді бас тартты.
"Канаданың АҚШ-тың бір бөлігі болуы мүмкін емес. Екі елдің жұмысшылары мен жергілікті қауымдастықтары серіктес болу арқылы сауда мен қауіпсіздік саласында пайда көріп отыр", – деп жазды Канаданың жақында отставкаға кететінін мәлімдеген премьер-министрі Джастин Трюдо.
Трюдоның бұл сөзіне алдағы уақытта АҚШ үкіметінің тиімділігі жөніндегі департаментті басқаратын Илон Маск мысқылмен жауап берді.
"Қызым, сен енді Канаданың губернаторы емессің. Сенің пікірің енді маңызды емес", – деп жазды Илон Маск.
Бұған дейін Дональд Трамп Джастин Трюдоны Канаданың "губернаторы" деп атаған болатын.
"Гренландия Америкаға қосылса, ұтады"
Дональд Трамп Гренландияны қосып алу туралы ойынан әлі айнымаған.
"Гренландия – ғажап мекен, егер ол бізге қосылса, халқы ұтады. Біз оны қорғаймыз және қатыгез әлемнен сақтаймыз. Гренландияны қайта ұлы етейік!", — деп жазды Дональд Трамп Truth Social желісінде.
Трамптың твитінен кейін Дания патшасы Х Фредерик Гренландияның қауіпсіздігін күшейтіп, корольдіктің елтаңбасын өзгерту туралы шешім қабылдады. Сөйтіп елтаңбадағы Гренландия мен Фарер аралдарының рәміздері ақ аю мен қошқардың суретін үлкейтті. Ал Гренландияның премьер-министрі Муте Эгеде аралдыің ешқашан сатылмайтынын айтты.
"Гренландия біздікі. Біз ешқашан сатылмаймыз. Сондықтан бостандық үшін күресімізді жалғастыра береміз", – деді Муте Эгеде.
"Панама каналын Америкаға қайтару қажет"
Сонымен қатар Панама каналын АҚШ-қа қайтару туралы жоспары бар екенін мәлімдеді.
"АҚШ – каналдың нөмірі бірінші пайдаланушысы, барлық транзиттердің 70 пайыздан астамы АҚШ порттарына тиесілі. Қазіргі әлемнің ғажайыптарының бірі болып саналатын Панама каналын осыдан 110 жыл бұрын АҚШ үлкен шығынмен салды: 38 мың америкалық құрылыс кезінде джунглидегі масалардан ауру жұқтырып қайтыс болды (...) Кезінде президент Джимми Картер ақымақтықпен каналды 1 долларға сатып жібергенде, оны қытай немесе басқа ел емес, Панама ғана басқара алатын еді", – деп жазды ол.
Дональд Трамп Панама билігінің АҚШ-тан каналды пайдаланғаны үшін көп ақша алатынын айтып, каналды АҚШ бақылауына қайтаруды талап етті.
Жауап ретінде Панама президенті Хосе Рауль Мулино: "Панама каналының және оның маңындағы аудандардың әрбір шаршы метрі Панамаға тиесілі және оған тиесілі болып қала береді", – деп мәлімдеді.
"Мексика шығанағы Америка шығанағы болады"
Сондай-ақ Дональд Трамп Мексика шығанағының атауын "Америка шығанағы" деп өзгертуге ниетті екенін жеткізді.
"Біз бұл аймақта көп жұмыс жоспарлап отырмыз. Мексика шығанағының атын Америка шығанағы деп өзгертеміз. Бұл керемет атау", – деді ол.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум Дональд Трамптың бұл ұсынысына әзілмен жауап берді. Ол шығанақ атауы халықаралық деңгейде 1607 жылдан бері қолданылып келе жатқанын еске салды.
"Мен 1607 жылғы ескі картаны көрсетіп жатырмын. Әрине, Мексика шығанағы БҰҰ ресми атауы ретінде танылды. Бірақ неге Солтүстік Американы "Мексика Америкасы" деп атамасқа? Жақсы естіледі, солай емес пе?", – деді ол.
Еске салайық, 2016 жылы Дональд Трамп бірінші рет АҚШ президенті болып тұрған кезде шекара қауіпсіздігі және импорттық тауарларға баж салығын енгізу сияқты бірқатар мәселелер бойынша Мексикамен қақтығысып қалған еді. Содан кейін АҚШ – Мексика шекарасына дуал тұрғызбақ болған.
"Құжатсыз жүрген мигранттар Америкадан шығарылады"
Жаңадан сайланған президент Дональд Трамп өзінің төрт жылдық билігі кезінде АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарды депортациялауды жоспарлап отыр. Бұл туралы ол NBC News арнасында жексенбі күні эфирге шыққан сұхбатында айтты. Сондай-ақ ол президенттік қызметтегі алғашқы күнінде АҚШ-та дүниеге келген сәбилерге азаматтық беру құқығын тоқтату туралы бұйрыққа қол қоймақ.
"Мен президент ретінде ант берген күні елімізге мигранттардың басып кіруі тоқтайды. Біз жемқор және қанішер қылмыскерлерді қамауға алып, оларды бұл елден тезірек шығарамыз", – деді Трамп.
2024 жылдың соңындағы деректерге сүйенсек, АҚШ-та 13 миллионға жуық құжатсыз мигрант бар. Олардың көбі Калифорния штатында өмір сүреді. Ал штаттың бас прокуроры Роб Бонта Трамптың әрекетін сотқа жүгініп тоқтататынын мәлімдеді.
"Біз қолда бар заңды құралдарды пайдаланып, сот арқылы олардың бұл әрекетін тоқтатамыз", – деді Роб Бонта.
Канада мен Мексика осы мәлімдемеден кейін жаппай депортацияға дайындық жүргізіп жатыр. Мексика бұл үшін арнайы мобильді қосымша жасаған. Ол арқылы жақын жердегі консулдық кеңсеге және депортацияға ұшыраған адамның туысқандарына хабарлама жіберіледі.
"Америкада тек екі жынысты адамдар болады"
Дональд Трамп TurningPoint’s AmericaFest 2024 шарасында АҚШ президенті трансгендерлермен күрес жүргізетінін айтты. Оның сөзінше, АҚШ-та екі жыныс – ерлер мен әйелдер ғана болады.
"Трамп басшылық еткен кезде АҚШ үкіметінде тек екі гендер ғана болады. Бұл қиын емес қой... Біз трансгендерлік лунатизмді тоқтатамыз. Мен балалардың жынысын ауыстыруына тыйым салу туралы жарлыққа қол қоямын. Әскерден, бастауыш мектептен, орта және жоғары оқу орындарынан трансгендерлерді қуып шығамын", – деді Дональд Трамп.
Трамп бұл жарлықты ресми қызметке кіріскен күні қабылдамақ.
Еске салайық, Дональд Трамп 2017-2021 жылдары АҚШ президенті болған тұста трансгендерлерді Қарулы күштер қатарына қабылдауға тыйым салған болатын. Алайда, одан кейін билікке келген Джо Байден бұл жарлықтың күшін жойды.