80 жыл бұрын жазылса да, әлі сахнадан түспеген опера
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің туындысы қойылды. Қойылымға өнерсүйер қауым жиналды. Бибігүл Төлегенова да көрермендер қатарынан табылды. Театрдың әр маусымы "Абайдан" басталады.
Мемлекеттік тапсырыспен 80 жыл бұрын жазылған опера әлі күнге дейін қалайша өзектілігін жоғалтпады? Біз үңіліп көрдік.
Туындының өзегінде Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романы жатыр.
Күйеуі қайтыс болған әйелді ағасына әмеңгерлік жолмен бермек болады. Алайда әйел өзінің ғашығымен бірге қашып кетеді, бұл туыстардың наразылығын тудырады. Жастардың тағдыры сотта шешіледі. Жиренше би туысқандық дәстүрді бұзғаны үшін жастарға өлім жазасын сұрайды, ал Абай халық пен өзгеріс символы ретінде жастарға араша болады.
Бұл оқиға әлі күнге өзекті. Абай жастарға араша сұрап, Жібекті, Татьяна Ларинаны, Джульеттаны мысалға келтіреді. Жиренше болса: "Джульеттаны мысал ретінде келтірме, мен Шіркеуге бас имеймін" дейді.
Операдағы іс-әрекет көрерменді бей-жай қалдырмайды. Абай адамгершілікке, гуманизмге шақырса, Жиреншенің де өз ұстанымы бар.
"Жиреншені де, оның ұстанымын да түсінемін. Олар өз құқықтарын қорғамаққа бекінген. Бұрын әмеңгерлік салты болды. Ажар мен Айдар бүкіл дәстүрді бұзады. Ненің құрметіне десеңіз, махабаттың құрметіне. Ал Жиреншенің басты мақсаты – дәстүрді сақтау. Егер осы екеуі туыстық заңды бұзса, басқалар да қайталайды", – дейді "Абай" операсын сақтаушы Диана Әкімбаева.
Оқи отырыңыз: Әлемде Абайға арналған қандай ескерткіштер бар?
Абай рөлін ҚР халық әртісі Талғат Күзембаев сомдайды. Ол бұрын Жиренше рөлін ойнаған.
"Жиренше рөлінен Абай рөліне өту қиын болды. 15 жыл бойы өзім жақсы зерттеп таныған Жиреншені сомдадым. Жиренше үкім шығарып, Айдарды өлтіреді. Бұның бәрін қимылмен көрсету керек. Мен бұл образбен жылдар бойы жұмыс істедім. Ал 40 жасымда Абай рөліне ие болдым. Бұл данышпан адам Жиреншеге түбегейлі қарама-қарсы бейне. Бұл рөлге ие болуды армандауға болады, алайда Жиренше шыққанда ішім қылп ететін. Абайды сомдағанда басында қателік жіберіп қоюдан қорықтым. Тек сөзін ұмытып қалмасам болды дедім. Өйткені рөл орасан үлкен. Бір уақытта ән айтып, ансамбльмен өзара жұмыс істеу керек. ҚР еңбек сіңірген әртісі Бақытжан Сқақов маған көмектесті. Мен бұрын Жиреншені, ол Абайды айтатын. Рөл маған өткенде вокалдық тұрғыда көп нәрсені сол кісіден алдым. Қазақтың ұлы ақынын 10 жыл бойы сомдап келемін. Жиреншені жіберіп, жолды басқа әншілерге бердім, жаңа әртістерге көмектесемін. "Абай жолы" мен "Қара сөздерді" қайталап оқимын. Бұл вокалдық және сахна шеберлігінде жаңа бір нәрсе табуыма көмектеседі", – дейді Талғат Күзембаев.
Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди мемлекеттік тапсырыс болғандықтан операны өте қысқа мерзімде жасап шыққан. 1944 жылдың желтоқсанында Абайдың 100 жылдық мерейтойы мен Қазақ опера және балет театрының ашылуына 10 жыл толғанына орай премьера қойылды.
"Көрермен қазір көріп отырған қойылымды бәрі жақсы көреді, өйткені ол классикалық қойылым. "Абайдың" екі қойылымы бар. Жаңасын еуропалықтар жасады, біраз қаржы жұмсалды, керемет декорациялар шықты, алайда осы нұсқасын қалдыру шешімі қабылданды. Театрға технологиялар көптеп еніп жатса да, дәл "Абайға" келсек, көрермен рух, табиғилық пен жұмсақ декорацияларды жақсы көреді", – дейді Диана Әкімбаева.
Қойылым режиссерлері Құрманбек Жандарбеков мен Байғали Досымжанов – ҚазКСР-ның халық әртістері. Режиссердің ойы түпнұсқа күйінде сақталып, актерлерге берілуін Диана Әкімбаева қадағалап отырады. Ол мэтрлермен тікелей таныс болмаса да, әр видеоны алғашқы қойылымнан-ақ жіті зерттеген.
"Режиссерлер қойған дүниеге сүйенуге барынша тырысамын. Олардың идеясы, концепциясы, байланысы, кульминациясы, финалы сақталады. Мәңгілік Абай да, мәңгілік Жиренше де жоқ. Құрам өзгереді. Қыркүйекте бір солист ән айтса, қаңтарға басқа әртіс ән айтады. Сен оған барлығын түсіндіресің. Режиссерді тірідей көрген ыңғайлы. Көптеген режиссер қазіргі таңда арамызда жоқ, олармен тікелей сөйлесе алмаймын. Маған видео берген кезде оны жіті зерттеймін. Түсініксіз жерлерін корифейлерден сұраймын", – дейді Диана Әкімбаева.
Оқи отырыңыз: Абай туралы қаншалықты жақсы білесіз? Тест
"Абай" операсын сақтаушының сөзінше, қойылымның танымалдығы сазгерлерге тікелей байланысты.
"Қалай болғанда да ең маңыздысы – сазгерлер Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди. Олардан опералары арқылы не айтқылары келгендерін сұрай алмаймын. Мен не істеймін? Музыка тыңдаймын. Әр арияда керектінің бәрі бар. Тіпті кейіпкерлердің сипаттамаларын да табуға болады. Абай шыққан кездегі әуеннің өзі жарқын. Мұқият тыңдағанда ашылып жатқан есіктің дыбысын, құйылып жатқан судың үнін естуге болады. Операдағы ең маңызды дүние – сазгер, біз тек орындаушылармыз", – дейді Диана Әкімбаева.
Абай образы да қойылымның құндылығын арттырады.
"Тағы бір маңызды сәт – операда Абайдың "Көзімнің қарасы", "Қараңғы түнде тау қалғып" сияқты әйгілі әндері орындалады. Көрермен бұл әндерді қосылып шырқайды. Қойылым біткен соң да адамдар залдан ән айтып шығады. "Абай" операсы – халыққа жақын жоғары өнер, өйткені ол күллі халықтың аузында", – дейді Диана Әкімбаева.
Авторы: Полина Чихичина, аударған Мейіргүл Оңғарова