Олардың арасында шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, шетелдегі ғылым, мәдениет, бизнес, медиа, саясат салаларының көрнекті өкілдері бар. Шара аясында "Ел дамуындағы қандастардың рөлі", "Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері", "XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері", "Медиа және заманауи трендтер" тақырыптары бойынша сессиялар өтті.

Осы форумға Франция жерінен ат терлетіп арнайы келген ару Ешим Савашпен тілдесудің сәті түсті. Ешим Саваш – Франциядағы Крей қаласы әкімінің орынбасары әрі бастауыш мектепте мұғалім болып қызмет атқарады. Бұл осыдан бірер жыл бұрын отандық баспасөз бетінде есімі жарқ ете қалған Ешимнің – атажұртқа алғаш табан тіреуі.

"Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Осы форумда көптеген қандастарымның менімен танысып, құшақ жая қарсы алып жатқанда кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Францияда да менің жұмысымды мақтап, әрдайым қолпаштап жүретін қазақтар бар. Дегенмен, оны мұнда алған әсеріммен салыстыруға келмейді. Астанада түрі өзіме ұқсайтын жандарды көріп сондай бақытты болып тұрмын. Францияға қапшық-қапшық позитив эмоция арқалап қайтамын", – дейді Ешим.

Өзінің айтуынша, Ешим 17 жасынан бастап саясатқа жақын болыпты. Жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсартсам деген мақсатпен "Жергілікті басқару" саласында білім алған. Ол қазір Крей қаласы әкімдігінің мәдени салалар бөліміне жауапты. Қаладағы түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын мәдени шаралар, фестивальдер ұйымдастыруға атсалысады.  


Оқи отырыңыз: Шетелдегі қазақ ғалымдар грант аясында Қазақстанға көшіп келе алады


"Жұмысқа орналасқан кезде этникалық шығу тегіңіз, жасыңыз, жынысыңызға байланысты дискриминация болған жоқ па?" деген сұрағымызға Ешим былай жауап берді:

"Францияда біздің шыққан тегімізді басқаларға түсіндіру қиындау. Десе де, олар кімсің деп сұрағанда, мен ең бірінші қазақпын деп айтамын. Менің қазақ болғанымның қазіргі статусыма еш әсері болмады. Осы қызметке келгенде әжептәуір жас болдым. Менің ойымша, жастарға жол ашу – дұрыс тенденция. Олардың жұмыс істеп, потенциалын көрсетуге мүмкіндік беру өте маңызды".

Ешим әкімдіктегі жұмысымен қоса, мектепте мұғалімдік қызметті қоса атқарады.

"Францияда саяси тұлға болу тұрақты жұмыс не мемлекеттік қызмет емес, ол сенің негізгі ресми жұмысыңмен қатар жүреді. Мен қазір мұғалім және әкім орынбасары боп жұмыс істеймін. Мектепте 5 -11 жас аралығындағы балаларға сабақ беремін. Екі жұмысты қатар алып жүрмін. Аптаның төрт күнін мектепте, ал қалған күндерін қала әкімдігінде өткіземін. Екі жерден де жалақы аламын. Алайда, әкімдіктен алатын жалақым аз", – дейді Ешим.


Оқи отырыңыз: Қандастарды қолдауға арналған "Ерулік" порталының мазмұны жаңарды


Кейіпкеріміздің айтуынша, Францияда өзі сияқты қызметте отырған әйелдер саны айтарлықтай көп емес. Себебі, жергілікті әйелдердің көпшілігі бос уақыт отбасына көбірек арнайды екен. 

"Менің жасымда мұндай қызметте отыру оңай емес. Бүгінде көп уақытымды жұмысқа арнап жүрмін. Кейде ұлым Әли маған еріп жұмысыма келеді. Себебі, үнемі жанына қалдыратын адам табыла бермейді. Кей күндері әке-шешеме апарып тастаймын. Қазір біздің елімізде әйел теңдігі үшін күрес өте қарқынды жүріп жатыр. Балаларға кішкентай жасынан бастап әйел мен ердің теңдігі идеясын сіңіріп өсіріп жатырмыз. Сондай-ақ, заң тұрғысынан да "әрбір салада гендерлік теңдік сақталуы қажет" деген мәселе қатты қаралып жатыр", – дейді Ешим.

Ешим Саваштың ата-анасы – Алтай қазақтары. Ал арғы атасы – Қытайдағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы болған әйгілі Зуқа батыр. Ешимнің 6 жасар ұлы Әли француз және түрік тілдерінде сөйлейді екен.

"Менің балам Әли – таза қазақ. Болашақта ұлымның қазақша сөйлегенін қалаймын. Кейде мен оған қазақша сөздерді айтсам, ол "немене бұл?" деп жауап береді", – деп жымиды Ешим.

Кейіпкеріміздің алға қойған мақсаттарының бірі – Франциядағы қазақ жастарының басын біріктіретін фестиваль ұйымдастыру. Себебі, ондағы қазақ жастары бір-бірімен етене араласпайды дейді. Сондай-ақ, қандасымыз келесі жылы атажұртына арнайы келіп, еліміздің көрікті жерлерін аралап шығуды мақсат етіп отыр.