2023 жылы Қазақстанда 4 мыңға жуық адам өзіне ағза донорының табылуын күтіп отыр. Оның ішінде 147 адам жүрек донорын күту тізімінде кезекте тұр. 13 шілде күні Алматы қаласында осы өз кезегін күткен 16 науқастың біріне күрделі ота жасалды. Алты сағатқа созылған күрделі отаны медицина ғылымдарының докторы Юрий Пя мен оның командасы, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының мамандары бірлесіп жасады. Осы орайда дәрігерлер осыдан 10 жыл бұрын жүрек жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан 23 жастағы науқастың трансплантациядан кейінгі жағдайы және елдегі ағза доноры жетіспеушілігі мәселесі туралы айтты.

53 жастағы донор әйел төрт бірдей адамның өмірін құтқарып қалды. Туыстарының келісімімен жүрек, бауыр және екі бүйрегі ағза донорын күтіп отырған азаматтарға берілген. 

"Алматының 53 жастағы доноры екінші рет мидың өліміне әкеп соқтырған ишемиялық инсультқа шалдықты. 2023 жылғы 13 шілде күні туыстарының келісімімен 13 жасынан бері жүрек ауруынан (қақпаншалық кардиомиопатия) зардап шегіп жүрген 23 жастағы жас жігіттің өмірін сақтап қалу үшін барымызды салдық. Жүрек ауруының асқынғаны соншалық, басқа ота жасау мүмкін болмады және донор болмаса ары қарай өмір сүре алмайтын еді. Енді осы отадан кейін оның ғұмыры ұзақ болады деп үміттенеміз", – деді кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.

Фото: Орталықтың баспасөз қызметі 

"Бұл диагноз қойылған науқастардың тең жартысы ары кетсе 5 жыл өмір сүреді"

Кардиология және оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Амина Ракишева алматылық азаматтың донор барын ести салысымен ауруханаға келгенін айтады. Сондай-ақ ол жүрек аурулары еміне көбірек көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. 

"Елде онкологиялық ауруды емдеу жолдарын іздеуді бірінші орынға қоямыз, бұл дұрыс. Бұған қоса жүрек ауруларының емі де шетте қалып қоймаса деген ниетіміз бар. Өйткені созылмалы жүрек жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан азаматтардың ағза донорын күтуден басқа шарасы жоқ. Әзірге оларға ойлап табылған дәрі-дәрмек немесе емдеу жолы көмектеспейді. Өкінішке орай, 50 пайызы осы диагноз қойылған соң ары кетсе 5 жыл ғана өмір сүреді. Ал бізге бір адамның ғұмырын ұзарту бақыты бұйырды. Ота жасалған азаматтың сол жақ жүрек қалташасының көлемі 1100 мл болды, қалыпты жағдайда ол тек 20 мл болуы керек. Барлық тәуекелді түсіне отыра ота жасауға атсалысқан барша әріптесім мен донор болған әйелдің өзіне, жақындарына алғысым шексіз. Біз донор бар екенін айтып хабарласқанымызда, науқас көлік айдап келе жатыр екен. Бірден "Менің қанша уақытым бар?" деп сұрады. "Екі сағатта келуіңіз керек" деп едік, көлігін жолға тастай салып келген екен. Кейін дәл сол сәтте өзінің жүрегі туралы ойлап келе жатқанын айтты", – деді Амина Ракишева.    


Оқи отырыңыз: Шымкентте сирек кездесетін дертке шалдыққан науқасқа наркозсыз ота жасалды


Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің басшысы Михаил Воронцов отаның сәтті өткеніне қарамастан, науқастың әлі де біраз уақыт дәрігерлер бақылауында болатынын айтты. Қосымша дәрі-дәрмек пен ем-дом тағайындалған. 

"Бүгін отаны жасап біткенімізге жетінші тәулік болды. Ота барлық жағынан сәтті өтті десек те, науқасты мұқият бақылауымыз қажет болып отыр. Иммуносупрессивті препараттар тағайындадық. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланғандықтан, палатасына сырттан ешкімді кіргізбейміз. Ақырындап орнынан тұрып, төсек жағалап жүріп жүр. Астанадағы ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығының мамандарымен кеңесе отырып қосымша ем-дом шараларын жасап жатырмыз", – деді Михаил Воронцов. 

Фото: Орталықтың баспасөз қызметі 

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Марат Пашимовтың айтуынша, органдардың донорлығы бойынша құқықтық және заңнамалық базаның құрылуы, кадрлық, зияткерлік, ғылыми және ресурстық әлеуеттің болуы, жақсы материалдық-техникалық базаны құру – бүгінде еліміздің медициналық орталықтарында органдарды трансплантациялау бойынша операцияларды жасауға мүмкіндік берді. Алғашқы отаны астаналық әріптестерімен сәтті өткізген институт жетекшісі жүректі Алматы қаласында ауыстырудың да өзіндік маңыздылығы бар екенін атап өтті. 


Оқи отырыңыз: Нұрсұлтан Назарбаев жүрегіне ота жасатты


"Алматы қаласында ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы мамандарының қолдауы мен Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ командасының үйлесімді жұмысының арқасында алғаш рет жүректі бір адамнан екінші адамға ауыстырдық. Бұл біз үшін тарихи жағдай десек те болады. Менің мақсатым – дәл осындай отаны ары қарай да Алматы қаласында жасауды жалғастыру. Бұл адамдарға көбірек көмектесуімізге септігін тигізеді. Қазірдің өзінде Алматы қаласында дәл осындай отаны 15 адам қажет етіп отыр. Донорлар ары қарай да уақытылы табылып, олардың да өмірін сақтап қаламыз деп үміттенемін. Марқұм әйел бір емес, төрт адамның өмірін сақтап қалды. Алматыдағы басқа да ғылыми институттар оның бауыры мен екі бүйрегін алды. Осындай шешім қабылдаған отбасы мүшелеріне де алғысымыз шексіз", – деді Марат Пашимов. 

Мұнымен қатар, ол науқасқа отаның тегін жасалғанын және алдағы уақытта да үкіметтің қолдауымен тегін жасалатынын атап өтті.